• Басты
  • Елордада Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды

Елордада Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды

3 Шілде, 2021 17:52

Ұлттық домбыра күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында Абылай хан мен Күйші Дина көшесінің қиылысында әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды. Биыл дарынды өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деген сөзі бар. Жұртымыздың мұңы мен зары, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан үгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Жұртымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» кезеңдерді бастан өткеріп, заманның дауылынан аман қалған шақтарын бейбіт те берекелі сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетінде таспаланды.

Бұған дейін еліміз үшін қасиетті қастерлі аспаптың қадірін арттыра түсу үшін Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  өзінің жарлығымен арнайы домбыра күнін белгілеген болатын. Ескерткіштің ашылу салтанатында Қырымбек Көшербаев домбыраның құндылығына тоқталып өтті.

«Биылғы домбыра күні қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы шешімімен ел ішінде күй анасы атанған Дина Нұрпейісоваға тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай Елордамыздың төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан бүгінгі іс-шараның үлкен символдық мәні бар», - деді ол.


Қаршадайынан қара домбыраға құмар болған Дина Кенжеқызының аты елге ерте таралған. Оны жұрт жастайынан домбырашы қыз атай бастаған. Бірде шалқытып, бірде қалықтатып төгілген күйін ел елжіреп отырып тыңдаған деседі. Аты алысқа кетпей күйші қызды Құрманғазы Сағырбайұлы өзі арнайы іздеп келген екен. Домбыраны құлағында ойнап, сабағынан күй төгілдірген Динаны Құрманғазы қанатының астына алып өзіне шәкірт қылып ұлттық өнердің қыр-сырын егжей-тегжейлі үйренген. Күй атасынан 9 жыл тәлім алған Дина Нұрпейісова осы уақыт аралығында күй өнерін әбден меңгеріп, шын шеберге айналған.

Дина Нұрпейісова ұлтық өнердің әрін кетірмей, өңін өзгертпей құндылықтарын бір дәуірден келесі дәуірге  жеткізген. Қырымбек Көшербаевтың пікірінше, өлмес, өшпес дүниенің бар байлығынан да қымбат қазына бүгінге Дина Нұрпейісованың арқасында жеткен.

«Майдан даласында сұрапыл соғыс жүріп жатырғанда Өзбекстан астанасы  Ташкент қаласында 5 республика арасында өткен байқауда Дина Нұрпейісова 1 орынды жеңіп алыпты. Осыдан-ақ күйшінің қарым қабілетін анық байқауға болады», - деді Көшербаев.
Сондай-ақ, Дина Нұрпейісова соғыс жылдарында жауынгерлердің рухын көтеріп, айбынын арттыруға ерекше еңбек сіңірген. Өзі бар баласын, немерелерін майданға аттандырғанымен қоймай, «Ана бұйрығы», «Майдандағы балам» атты тыңдағанның жүрегін қозғар, жанарына жас үйіретін күйлер шығарған. 



«Бүгін қазақ үшін қадірлі, алаш үшін аяулы Дина Нұрпейісованың ескерткішін салтанатты түрде ашқалы отырмыз. Жобаны іске асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Бауырхан Жауынға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Көшербаев.
Қойылған ескерткіш ұлттық өнерге, асыл мұраға, бабалар үніне, аталар дәстүріне қойылған ескерткіш. ҚР Мемлекеттік хатшысы өз сөзінде, өткенге салауат, болашаққа аманат айта отрып, қазақтың қара домбырасынан сия қашпасын, қара шаңырағынан береке кетпесін деп тілек айтты.

Жиынға қатысқан күйші-домбырашы, Айгүл Үлкенбаеваның айтуынша, Дина Нұрпейісова түркі елдері арасында шыққан алғаш күйші-композитор. 9 жасында күй атасы Құрманғазыдан бата алған Дина әжеміздің қолынан домбырасы 90 жастан асқанша түспеген. 


«Ол кәсіби сахнаның төріне 75 жасында шыққан. Өнер адамы үшін бұдан асқан ерлік жоқ», - деді Айгүл Үлкенбаева

Оның айтуынша, күйші Дина осыдан 70 жыл бұрын «Қазақстанға 30 жыл» атты күйі музыкалық ескерткіш болып қалған. Араға сонша жыл салып, тәуелсіздігін, дербес мемлекетін әлем қауымдастығы алдында мойындатқан тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің астанасында Дина әжеміздің өзі нағыз ескерткішке айналып отырғанын тебірене жеткізді.

«Домбыра күнінің қарсаңында ашылған бұл ескерткіш халқымыздың күй өнеріне немесе қасиетті домбырамызға ғана емес тарихи орыны мен маңыз мәнділігін насихаттауға арналған қазақ қызына деген құрмет деп санаймын», - деп қорытыныдылады Айгүл Үлкенбаева.

Барлық жаңалықтар