• Басты
  • Елордада "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегерлері марапатталды

Елордада "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегерлері марапатталды

9 Желтоқсан, 2019 16:36

Елордада "Дарын" мемлекеттік сыйлығының иегерлері марапатталды. Әр сала бойынша жіктелген 10 номинация шеңберінде жастарға құрмет көрсетілді. Биыл сыйлыққа үміткерлерден 250-ден астам құжат келіп түскен, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ең алғаш сыйлықты табыстаған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жастар жылы аталмыш сыйлықты табыстау ерекше маңызға ие екенін айтты.

"Қазақстанда жастарға қандай жағдай жасалғанын өздеріңіз білесіздер. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылды "Жастар жылы" деп атаудың өзі бекерден-бекер емес. Тек қана осы екі жылдың өзінде Қазақстанда 2 млн-ға жуық жастарға қолдау көрсетілді. "Жол картасы" бойынша 300 млрд теңге жастарға стипендия, грант, жатақхана үшін бөлінді. Келесі жылдың қандай жыл екенін жақсы білесіздер. Жастар жылын әрі қарай жалғастыру үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы келер жылды еріктілер жылы деп жариялады", - деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, ол қазір өте беделді, ел абыройын асқақтатып жүрген мәдениет және өнер қайраткерлері мен спортшылар өсіп келетінін айтты.

"Мен барлығын айтпай-ақ қояйын. Серік Сәпиев пен Димаш Құдайбергенді айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын... "Дарын" сыйлығы да сіздердің өнерлеріңізді бағалау. Сіздер басқа да жастарға үлгі болсын, сіздер сияқты ертең ұлтымыздың, мемлекетіміздің атын шығарсын дейміз. Сіздер сияқты талантты жастарымыз көп болса, қазақ та, Қазақстан да дамиды", - деп Бердібек Сапарбаев марапат иегерлерін құттықтады.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Журналистика" номинациясы бойынша "Дарын" иегерлерін марапаттады.

"Баршаңызды "Дарын" сыйлығымен құттықтаймын. Сіздер бұл жерде жастар емессіздер,осы марапатқа ие болып,жастарға Жастар жылында бой түзейтін,ой түзейтін тұлғасыздар. Сондықтан да, бұл сыйлыққа құрмет ретінде ғана қарамай,үлкен жауапкершілік ретінде қарауларыңызды сұраймын",- деді Д.Абаев.

Өз кезегінде "Дарын" сыйлығының иегері Сырым Мүсірепов өзінің әсерімен бөлісті. 

"Бұл жүлде жастардың кең көлемде өнердің насихатталуына әлемдік аренада насихаттауға серпін беретін сыйлық. Өзге марапаттардан айырмашылығы аты айтып тұрғандай, "Дарын" Қазақстанның дарынды азаматтарын насихаттау, ғылымға, мәдениетке деген құштарлығын арттыру. Жүлденің берері - ұрпақтар сабақтастығына,жаңалықтары мен еңбектерімен көзге түскен жастардың насихатталуына түрткі болып отыр",-деді ол.

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар