• Басты
  • Елордада белгілі кескіндемеші Кәміл Моллашевтің жеке көрмесі ашылды

Елордада белгілі кескіндемеші Кәміл Моллашевтің жеке көрмесі ашылды

12 Ақпан, 2021 11:15

Елордада ҚР тұңғыш президенті – елбасы мұражайында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кескіндемеші Кәміл Моллашевтің шығармалар каталогының тұсаукесері мен «Кәміл Моллашевтің өнер әлемі» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш көрмеге суретшінің 1974-2017 жылдар аралығында жарық көрген 30-ға жуық жұмысы ұсынылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Көрме Елбасы кітапханасының танымал авторлардың шығармашылығын ретроспективті түрде көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени коды» атты жаңа ғылыми-экспозициялық серіктестік жобасын бастады.

Елбасы кітапханасының директоры Темірболат Бақытжан Берікбайұлының сөзінше, бұл көрмені өткізудегі басты мақсат - қазіргі заманғы Қазақстанның жетістіктерін таныту.

«Бүгін еліміздің белгілі қылқалам шебері Кәмил Моллашевтің жеке көрмесіне келгендеріңізге алғысымды білдіремін. Қазақ бейнелеу өнерінде Кәміл ағамыздың орны бөлек. Оның есімі қазіргі таңда өнер әлемінің бренді мен аңызына айналды. Оның шығармашылығын елімізде ғана емес, шетелде де жақсы таниды әрі бағалайды.Кескіндемешінің картиналары әлемнің барлық ірі мұражайында қойылған», - деді мекеме басшысы.

Осылайша, ол жоғарыда аталған жобаны ұлы тұлғаның шығармаларынан тыс қалдырмауды дұрыс деп шешкенін атап өтті.
«Ол кісінің жеке көрме өткізуге келісім беруі біз үшін бір жағынан қуаныш, әрі мақтаныш болды. Жобаға келетін болсақ, басты мақсат - қазіргі заманғы Қазақстанның жетістіктерін таныту, - деп атап өтті көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Ал, жиынға қатысқан Мәдениет және спорт вице-министр Нұрқиса Дәуешов министрлік басшысы Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.


«Құрметті Кәміл Уәлиханұлы! Сізді Нұр-Сұлтан қаласында «Кәміл Моллашевтің өнер әлемі» атты жеке көрмеңіздің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Сізге еліміздің мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет еткеніңіз үшін шын жүректен алғысын білдіреді», - деді ол.

Кеш барысында афтограф-сессия да жасалды. Сонымен қатар, көрме барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана» халықаралық университетінің қолдауымен Кәміл Моллашевтің басылымға шыққан каталогының тұсауы кесілді.

Жиынға қатысқан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев тұсауы кесілген жаңа шығармалар каталогы жас суретшілерге қалай жұмыс істеу керектігін көрсететін кәсіби нұсқаулық болатынына сөзсіз сенетінін атап өтті.

«Бұл кісіден көп нәрсені үйрендік. Бүгін тұсауы кесілген жаңа шығармалар каталогы барлық ЖОО-на тарап, жастар суретші картиналарымен тереңірек танысады деген ойдамын. Бұл жас суретшілерге қалай жұмыс істеу керектігін көрсететін кәсіби нұсқаулық болатыны сөзсіз. Кәміл Моллашевтің шығармашылығы кейінгі жас ұрпаққа үлгі», - деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев.

Ал, «Астана» Халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев Кәміл Моллашевтің университетке жаңа шығармашық рух әкелгенін атап өтті. Сонымен қатар көрмеге жиналған барша қонақтарға алғысын білдірді.


«Кәміл Уәлиханұлы, біздің университетте үш жылға жуық жұмыс істеп, оның профессоры ретінде біздің жұмысымызға шығармашылықтың ерекше лебін әкелгенін айтқым келеді. Оның жасампаздықты жалғастырып, біздің оқу орнында жас таланттарды оқытатыны біз үшін үлкен құрмет. Бұл көрме мен оның катологының жарыққа шығуы автордың шығармашылық кезеңдегі өзіндік есебіндей. Кәміл Уәлиханұлы, сіздің ең керемет картиналарыңыз және ең үздік оқушыларыңыз әлі алда екеніне сенімдімін, деді «Астана» Халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиев.

Бұдан бөлек, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс те суретшінің еңбектерін жоғары бағалап, жұмысына тәнті екенін жеткізді.


«Кәміл Моллашев – ерекше көзқарасы бар адам, нағыз кескіндеме шебері. Ол өте нәзік салады, сонымен бірге анық әрі шынайы. Оның барлық шығармаларында оның жан-дүниесі сезіледі. Менің ойымша, бұл шебердің картиналарын көргендердің бәрі оның шығармашылығынан ләззат алып, талантына тәнті болады», деп атап өтті Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андре Карстенс.

Бүгінде Елбасы кітапханасының мемлекеттік сақтауында тұрған К.Моллашевтің бірқатар жұмысы музей жинағының мақтанышына айналған.

Сондай-ақ осы іс-шараға Австрия, Беларусь, Нидерланд, Германия, Ресей, Жапония, Үндістан, Чехия, Қырғызстан, Кувейт, Солтүстік Македония, Татарстан елшілері мен басқа да дипломатиялық корпустың өкілдері, галереялар, музейлер мен мәдени орталықтардың басшылары, көрнекті суретшілер, өнертанушылар және өнер қайраткерлері қатысты.

Айта өтейік, көрме 2021 жылдың 27 ақпанына дейін жалғасады.

Автор: Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар