• Басты
  • Елордада «Абай» альбомының тұсаукесері өтті

Елордада «Абай» альбомының тұсаукесері өтті

17 Наурыз, 2021 18:20

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық түркі мәдениетінің ұйымымен (TURKSOY) бірлесіп «Абай» альбомының тұсаукесері өткізді. Жиынға қазақ елінің зиялы қауым өкілдері мен абайтанушы ғалымдар, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты деп хабарлады, Strategy2050.kz сайтының тілшісі.


Жиынның ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректор міндетін атқарушы Дихан Қамзабекұлы, Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Сұлтан Оразалин, Ғарифолла Есім, Серік Негимов сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйледі. 

3e2bee0c-50df-4390-898f-4c04983c2661.jpg

«TURKSOY» Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы, профессор Дүйсен Қасейінов өзі басшылық жасап отырған халықаралық ұйымның 2020 жылды түркі әлемінде «Халықаралық Абай жылы» деп жарияланып, Абайдың 175 жылына арналған іс-шаралардың халықаралық дәрежеде өткізілуі қазақ халқы үшін үлкен мәртебе екендігін мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. 

«2019 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен TURKSOY-ға мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің 37-ші тұрақты кеңесінде ұлы ақын Абай Құнанбаевұлының туғанына 175 жыл толуына орай халықаралық TURKSOY ұйымы аясында 2020 жылды түркі әлемінде Абай Құнанбайұлы жылы деп атау туралы шешім шықты, - деді Дүйсен Қасейінов.

Бұл ұйымның өткен жылғы ең алғашқы шаралары Абай атамызды ұлықтаудан басталған. Ұйым басшысының айтуынша, әлемдік пандемия басталмай тұрып, жылдың басында Абай жылының ашылу шаралары Түркияда және Еуропа елдерінде өткізіліп үлгерген. Сонымен қатар, «Абай» жинағы –қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындаған Халықаралық TURKSOY ұйымының арнайы сыйы екенін атап өтті.

«Қазақтың бас ақыны туралы мыңдаған онлайн отырыстар мен конференциялар ұйымдастыруға ұйытқы болдық.Бүгінгі кездесу Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қорытындысы секілді өткізіліп отыр. », -деді Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Оның айтуынша, түркітілдес халықтардың мәдениет саласындағы Халықаралық TURKSOY ұйымының басты мақсаты – түркі тектен туып, адамзаттың ақыл-ойына атсалысқан түбі бір туыс елдерінің бәріне ортақ ұлы тұлғаларды ұлықтау.

Жобаның негізгі мақсаты - әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен танып, ұлы ақынның әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы таныту болып табылады. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы отандық қылқалам шеберлерінің Абай шығармаларын оқи отырып дүниеге келген көркемсурет туындылары топтастырылған. Сондай-ақ, тарихи туындылар мен заманауи еңбектерді бір альбомға біріктірген.

116e30ad-1d3f-4aa4-90f6-88d349b442f2.jpg

Альбом халықаралық ұйымның тапсырысымен «Central Asia Production» компаниясы тарапынан ағылшын тілінде Түркияда басылды. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұмыстарын аталған компания іске асырды.

Жиынға қатысқан Сұлтан Оразалиннің сөзінше, бұндай альбом шығару кезінде бір мемлекеттің күші жетпейтін жұмысы болған.

«Шын мәнінде өте шедевр жұмыс. Жұрт таңғалатындай, ұялмай ұсынатын кітабымыздың болғаны үлкен абырой», - деді Сұлтан Оразалин.

 Жиын соңында Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының қорытындысы бойынша зиялы қауым өкілдеріне Халықаралық Абай медалі және Құрмет грамоталарын табыстады. Сондай-ақ осындай шара ұйымдастыруға мүмкіндік берген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымына алғысын білдірді.

Венера Жоламанқызы


Барлық жаңалықтар