• Басты
  • "Тамыз" кеңесі: мұғалімдердің жалақысы, қомақты сыйақысы және баспана мәселесі талқыланды

"Тамыз" кеңесі: мұғалімдердің жалақысы, қомақты сыйақысы және баспана мәселесі талқыланды

24 Тамыз, 2020 12:00

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 12 мектеп салынады, 26 білім беру нысаны жөнделіп, инклюзивті білім беру кабинеттері ашылады, жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушыларға компьютерлер беріліп, оқу-құралдарына қаражат бөлінеді, сондай-ақ "Құрметті педагог" иесі атанған мұғалімдерге сыйақы тағайындалды. Бұл туралы тамыз кеңесінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты. Жыл сайынғы мұғалімдердің "Тамыз" конференциясында көтерілген мәселелер жайлы Strategy2050.kz тілшісі әзірлеген материалдан оқи аласыздар.

Жаңа оқу жылы қарсаңында тамыз айының 20-24 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласы білім беру ұйымдары педагогтерінің «Білім беруді сандық трансформациялау» тамыз кеңесін өткізді. Мұндай кеңес жыл сайын өткізіледі. Биылғы кеңес бұрынғыдан өзгеше. Өйткені, форматы – онлайн. Тамыз кеңесінің мақсаты – білім беруді жаңғырту стратегиясын талқылау, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеу, білім берудің ұтымды жолдарын талқылау.

Пандемия жағдайы білім беру жүйесін жаңа жағдайда сандық трансформациялау үшін жаңа «мүмкіндіктер терезесін» қалыптастырды. Онлайн және офлайн-форматтарын оңтайлы пайдалана білуге, біліммен тәрбие берудің сапасын жоғалтпай үздік білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, жаңа форматта жұмыс жасауға үйретті.

Білім беру ұйымдарының секциясы – іс-тәжірибе алмасуға арналған тақырыптық бірегей алаң, кәсіби біліктіліктерін арттыруға, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын жобалар үшін өзара пікірлестерін табуға мүмкіндік береді.

Тамыз кеңесіне қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласы бойынша білім беру саласындағы жаңалықтарды, тиімді жобаларды, білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, білім беру жүйесін, білім мен тәрбие берудің сапасын арттыру бағытында жұмыстар талқылайды.

Егер былтыр инклюзивті біліммен қамту 80% болса, биыл Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы көрсеткішті 100% деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр. Тұңғыш Президент - Елбасы Қорының бастамасымен екі жаңа мектептің негізінде 1 қыркүйекке дейін 30 орындық 2 инклюзивті қолдау бөлмелері ашылатын болды. Шілдеден «Асыл Mирас» кабинеті жұмыс істей бастады, онда халықаралық сертификатқа ие және заманауи әдістемелерді меңгерген мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ, қыркүйек айында зияткерлік қабілеті төмен 100 балаға арналған №3 арнайы мектеп ашу жоспарда бар, күзде көру қабілеті нашар балаларға арналған балабақша ашылады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылында елордалық мектептерде қосымша білім берудің 8 филиалы және тағы 2 қоғамдық орталық ашылады. Жаңа нысандардың бірінші қабатында әлеуметтік орындар бар: балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық нысандар және т.б.

Алтай Көлгіновтің дерегінше, биыл былтырғыға қарағанда екі есе көп мектеп салынады - бұл 12 мектеп, 2021 жылы да осы мөлшерде салынады. Бұл шаралар жүктемені айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар, биыл 26 білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) күрделі жөндеуден өтеді.

Тамыз конференциясының кеңесінде елорда әкімі Алтай Көлгінов «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалі тағайындалғанын және медаль иегерлеріне 830 мың теңгеден төленетінін айтты.

Мемлекет басшылығы мұғалімдердің жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25% - ға артты. 2024 жылға дейін 25% - ға артады. Былтыр біз өз тарапымыздан тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 млн. теңге сомасына өтеусіз негізде 275 тұрғын үй сертификатын бөлдік. Осы жылы да мұғалімдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесеміз, - деді қала басшысы.

«Қазақстандық ипотекалық ұйыммен» бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл баспанаға мұғалімдерден басқа медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері де үміткер бола алады.

Былтыр жұмысын енді бастаған мұғалімдерді қолдау үшін 350 орындық жас педагогтар үйі салынды. «Ozat» жобасы аясында мектептер мен колледждердің 400 мұғалімі РІЅА тапсырмаларына білім алушыларды даярлау бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті. Кембридж университетімен бірлесіп SHARE жобасы іске қосылды, мұғалімдер бірлесіп зерттеулер жүргізеді, ақпарат алмасады және т. б.

Шара барысында жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға берілетін көмек сөз болды. Нұр-Сұлтандағы мұндай оқушыларға қашықтықтан оқыту үшін 34,5 мың компьютер сатып алынады. Бұған әкімдік 6 млрд теңге бөліпті. Аз қамтылған отбасынан шыққан әрбір оқушы мектеп құралдарын сатып алу үшін 40 мың теңгеден алады. Жалпы білім беру қоры аясында 17 мың балаға көмек көрсетіледі. Өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 300 бала артық қамтылатын болады.

Қаладағы барлық білім беру мекемесі жаңа оқу жылы қашықтан бастайды.

Ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сынып оқушылары үшін "кезекші сыныптардың" жұмыс істеуін жоспарлап отырмыз. Бұл ретте барлық санитарлық шаралар қатаң сақталады. Педагогтердің 30% - ға жуығы штаттық режимде, оның ішінде кезекші топтарда сабақ беру үшін жұмысқа шығады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды қыркүйекте компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етеміз. Осы мақсатта 6 млрд теңге бөлінеді. Бұдан басқа, бірқатар әлеуметтік шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, жалпыға міндетті оқу қоры шеңберінде әрбір оқушыға мектеп құралдарын сатып алуға 40 мың теңгеден бөлеміз, 7 мың бала "Мектепке жол" акциясымен қамтылады және т. б., - деді А. Көлгінов.

Бала-бақшаларда да «кезекші топтардың» жұмысы жалғасады.

Тамыз конференциясы барысында қашықтан оқыту механизмдері, әр пәнге IT қолдану, білім беруді сапалы жаңарту мәселелері сөз болды.

    ФОТО: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар