• Басты
  • Еліміздің тәуелсіздігіне жол салған «Алашорданың» құрылғанына 100 жыл

Еліміздің тәуелсіздігіне жол салған «Алашорданың» құрылғанына 100 жыл

26 Тамыз, 2020 11:36

Өткен ғасырдың басында жылдар бойы өз елінің азаттығы үшін күрескен Алаш арыстары большевиктік билікті қазақ халқының мүддесімен санасуға мәжбүр етті. 1920 жылы Қазақ автономиялық Республикасының құрылуы - Кеңес үкіметінің «сыйлығы» немесе «қайырымдылығы» емес. Алаш зилыларының еңбегі нәтижесінде Қазақ республикасы құрылды, деп хабарлады Strtaegy2050.kz тілшісі.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірлесіп, «Қазақ Республикасының 100 жылдығы және оның құрылуындағы Алаш қайраткерлерінің рөлі» атты халықаралық ғылыми бейнеконференция өткізді. Конференцияға партия төрағасы Азат Перуашев, «Алаш» мәдениет және рухани жаңғыру институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы, Мәжіліс депутаттары, шетелдік және отандық алаштанушы ғалымдар, профессорлар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференцияда Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Еркін Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов, ресейлік тарихшы, профессор Виктор Козодой, белгілі ғалым-профессорлар Дәметкен Сүлейменова, Ғарифолла Әнес, Аққали Ахмет, Жәмбек Сәбит, Думанғазы Арғынғазин және басқа да алаштанушылар тың ақпараттармен бөлісіп, баяндама жасады.

Қазақ Республикасының пайда болғанының басты себебі - Алаш көсемдері жариялаған қазақ елінің қайсарлығы, өр рухы, ұлттық ұстанымдары. Мұны ресейлік тарихшы Виктор Козодой да растады. Оның айтуынша, тарихи шешімде Алашорда идеясы жеңді.

1917 жылдан бастап саясат сахнасында екі қатар жоба жүзеге асырылды. Бұл – «Алаш» жобасы және «Кеңес» жобасы. Алаш жобасының идеялық тамыры тереңде жатыр. 1917 жылдың желтоқсанында Екінші жалпықазақтық съезде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданып, басқару органы – Алашорда құрылды. Сөйтіп, екі жоба қатарынан басталды. 1918 жылдың басынан бастап большевиктер шабуылы күшейе түсті, Алаш көсемдері олардан жасырынуға мәжбүр болды. Алашордалықтар жоспарлап қойған идеялар толық жүзеге асырыла алмады, - деді орыс тарихшысы.

Кеңес үкіметі Алаш Орданы субъект ретінде мойындамады. Дәл саяси қиын кезде Алаш зиялылары дұрыс шешім қабылдады. Олар бастаған ісін жалғастыру мақсатында Кеңес билігін мойындады. Әлихан Бөкейханов күрделі таңдау жасады. Оған Омбыда әскермен бірге Қиыр Шығысқа кетіп, ары қарай эмиграциялану туралы ұсыныс айтылған. Бірақ ол халқын таңдады, елде қалды. Ол басына қандай қауіп төніп тұрғанына қарамастан осы жолды таңдағанын тарихшы Виктор Козодой айтып өтті.

Тарихшының дерегінше, Алаш зиялылары Қазақстанның шекарасын бекітуде маңызды рөл атқарды.

Азаматтық соғыста алаштықтар жеңілді, алайда тарихи шешімге келген кезде Әлихан Бөкейханов пен Алашорданың өзге де көшбасшылары жеңіске жетті. Және бұл жылдар өте мойындалды, - деді ол.

Конференция барысында «Алаш» ұлттық автономиясы мен 100 жылдық тарихы бар Қазақ автономды республикасының тарихи алғышарттары, олардың заманауи мемлекеттілік қалыптастыру жолындағы қызметі және қазіргі тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы жан-жақты талқыланды.

Тарихшы, профессор Ғарифолла Әнес Алашорда жанындағы Халық ағарту комиссариаты туралы баяндады. Айтуынша, комиссариаттар қазіргі министрліктер сияқты қызмет атқарған.

1920 жылы Орынборда Қазақ автономиясының бірінші съезі өтті. Сол құрылтайда басшылар сайланды. Ұлттық комиссариаттар, қазіргі тілмен айтқанда, министрліктер құрылды. Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық министрлігі, Жер министрлігі пайда болды. Осының ішінде қазақ халқының руханияты мен сауаттылығына жұмыс істеген министрлік – Халық ағарту комиссариаты болды. Ол білім және ғылым, мәдениет, спорт, туризм, баспасөз сияқты бірнеше министрліктің қызметін атқарды. Алғашқы Халық ағарту комиссары – Ахмет Байтұрсынов . Ол 1920 жылдың қазанынан 1921 жылдың қазан айына дейін бір жыл қызмет атқарды. Ахмет Байтұрсыновты қосқанда 12 халық ағарту комиссары болды. Олардың бәрі 1-2 жылдан қызмет атқарды. Соның ішінде біреуінің ғана тағдыры белгісіз, қалған 11-і Кеңес Үкіметінің қолынан қаза тапқан, - деді Ғарифолла Әнес.

Ғылыми шара барасында тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Алаш зиялылары сол кезде жайлаған індетіпен күрескенін айтты. 1921 жылы тырысқақ (холера) дертімен күресетін комитет құрылды. Сонымен қатар Алаш зиялылары қазақ тілінің мәртебесі үшін де күрескенін де айтты.

Әр уезд орталықтарында емдейтін кабинет ашып, эпидемияға жол бермеді. Қазақ автономиясы – Алаш зиялылары еңбегінің жемісі. Мемлекеттік тілдің проблемасын әлі күнге дейін шеше алмай келеміз. Бұл мәселе ол кезде де ушығып тұрды. Ол кезде қазақтардың үлес салмағы 50% болды. Мемлекеттік тілді қалай бір жолға қоямыз, іс қағаздарды қалай қазақ тіліне аударамыз деген мәселені Орынборда отырған азаматтар жақсы шешті. Өзге тілді ұлт өкілдерін өзіне қарсы қоймас үшін алдымен екі тілді қатар жіберді. 1925 жылы жаппай орыстар тұратын жерде де іс-қағазды 100% мемлекеттік тілде жүргізу туралы шешім қабылдады. Ф.Голощекин билікке келіп, бұл іс те соңына бармады. Ол кезде білім, денсаулық саласында да жағдай қиын болған. Мұны шешу үшін мектептер ашып, мұғалімдер дайындайтын Қазақ институтын құрылды. Тіпті мектеп оқулықтарына көп қаржы бөлді. Денсаулық саласына қатысты мәселені де жақсы шешті. Қазақ ауылдарына азық-түлікті уақытылы жеткізіп тұруға тырысты. Дәрігерлер пунктерін ашып, монша көбірек салына бастады. 1921 жылы тырысқақ дертімен күресетін комитет құрды. Әр уезд орталықтарында емдейтін кабинет ашып, эпидемияға жол бермеді», - деді ол.

Сондай-ақ Зиябек Қабылдинов Алашорда басшыларының қазақ территориясын анықтауда маңызды жұмыс атқарғанын айтты. 1924-1925 жылдары «Алаш» зиялылары қазақтың территориясына қазақтың түпкі жерлерін жинап алды. Тек Омбы қаласы мен Омбы уезіне қатысты мәселе болды. 1928-1929 жылдары Алаштың мықты азаматтары Омбы қаласы мен Омбы уезін РКФСР құрамына енгізу туралы шешім қабылдады.

1920 жылы 26 тамызда Кеңес үкіметі Бүкілресейлік орталық атқару комитеті мен РКФСР ХКК «Қырғыз (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» декрет қабылдады. 4-12 қазан аралығында Орынборда Қазақ автономиясының үлкен съезі өтті, сондықтан 4 қазан күні қазақ мемлекетінің қалпына келе бастаған күні деп есептеледі. 1920-1925 жылдар аралығында біздің автономиямыздың орталығы Орынборда болды. Ол Ресей империясы кезінде бізді отарлаудың бір орталығы болған. Ол қысқа уақытта көп жұмыс істелгенін айтты. 1920 жылы 3 миллиондай халық автономия құрамында болса, 1925 жылы 6,5 миллионға дейін шарықтады. Қазақ халқының үлесі 50% ғана. Орынборда қанша қиындық болса да, кадрлар жетіспесе де автономияның басында отырған жігіттер көп жұмыс істеді. Оның ішінде кадр мәселесі, жер мәселесі, әкімшілік территория, мемлекет мәселесі, білім, денсаулық мәселесі, 1920-1921 жылдары басталған ашаршылықпен керемет, тиімді күрескеніне аң-таң боламыз, - деді ол.

Қабылдиновтың айтуынша, ол кезде Орынбордағы қазақтың саны 1%-дан аспаған. «Осыған қарамай кадр жетіспеушілігі мәселесін шешкен. Алаш зиялыларының мықтыларын жұмысқа тартып, Ресей федерациясының мықты жоғары оқу орындарына жіберген.

Қазақстанның конституциялық эвалюциясы 4 кезеңнен тұрады. Олардың әрқайсысы келесі кезеңдерге негіз болады. Бірінші кезең – 1917 жылы «Алаш» автономиясының жариялануы. Екінші кезең – 1920 жылы Ресей Федерациясының құрамында Қазақ автономиясының жариялануы. Үшінші кезең – 1936 жылы қазақстан егеменді мемлекет мәртебесін және одақтан шығу құқығын алғаны. Төртінші кезең – Қазақ Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы 1990 жылы деклорацияға деп бекітілген ресми құқықтарды пайдалану нәтижесінде қазақстанның тәуелсіздігін жариялау мүмкіндігі пайда болған. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбіл Еркіннің пікірінше, Қазақ Кеңестік автономиясының 100 жылдығы қазақ қоғамының тарихи жадындағы бірқатар мәселені ашып отыр.

Соңғы кезде Ресейдің ғылыми әдебиетінде қазақтың қоғамдық қатынастық даму деңгейіне күмәнмен қарайтын мақалалар пайда бола бастады. Бұлар қазақ даласындағы ХХ ғасырдың басындағы барлық саяси оқиғаларды руаралық күрес ретінде сипаттайды. Бұл авторлар қазақтарға қатысты бұрыннан ұмытылған «киргиз» және «киргиз-кайсак» деген этнонимдерді қайта жаңғырта бастады. Әрине, қазақ даласындағы ішкі саяси қатынастардың руаралық сипаттарын жоққа шығаруға болмайды, бірақ ру-тайпалық күрестің күшеюі көп жағдайда Ресей отаршылдық саясатының нәтижесі болды. Қазақ элитасы жаңарып, заманауи қоғам құруға ұмтылып отырған, - деді ол.

Оның айтуынша, 1920 жылы Қазақ Кеңестік автономиясының жариялануы 1917 жылы «Алаш» автономиясының жариялаудан бастаған Қазақстанның конституциялық эволюциясының қадамы ретінде қарастыру керек.

«Алаш» басшылары үшін басты мақсат – автономия егемендігін және оның шекараларын заңды түрде бекіту болды. «Алаш» зиялылары осы жолда өмірлерін де құрбан етті, - деді профессор.

«Алаш» автономиясы мен Қазақ КАСР еліміздің Тәуелсіздігіне жол салды деуге толық негіз бар. Бүгінгі жиынға қатысқандар Белоруссияда болып жатқан оқиғаларға назар аударып, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін ерекше бағалау мен қолдауға шақырды.

Конференцияға жиналған қауым барлық ұсыныстарды ескере отырып, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды белес болып саналатын Қазақ Республикасының құрылуы мен ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси жағдайларды тереңірек зерттей түсу қажет деген ұйғарымға келді.

Конференцияда жасалған ғылыми баяндамалар жеке жинақ түрінде жарық көретін болады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар