• Басты
  • Еліміздің қай өңірлерінде сапалы ауыз суға қатысты проблема бар

Еліміздің қай өңірлерінде сапалы ауыз суға қатысты проблема бар

13 Қазан, 2021 13:42

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы баян етті. Оның айтуынша, 2021 жылы ел халқының 95% - ын сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қыркүйегіндегі жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1% құрады, оның ішінде: аулдарда - 90,1%, қалаларда - 97,5%. Бұл 17,7 млн.-нан астам адам», - деді Бейбіт Шаханов.

Сумен жабдықтау

Оның сөзінше, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы қала халқы 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Ал, керісінше ауыз суға ең төмен қолжетімділік Жамбыл облысында байқалуда.

«Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі ең жоғарғы сумен жабдықтауға қолжетімділік Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында байқалуда», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Ауылдық жерлердегі ең төменгі сумен жабдықтауға қолжетімділік Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,2%) және Жамбыл (82,2%) облыстарында. Бейбіт Шаханов өз сөзінде мемлекет Басшысы 2019 жылғы жолдауында «Еліміздегі түрлі аймақтардың тұрғындары таза суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына түрлі қолжетімділікке ие. Осы теңсіздікті теңестіру бойынша жұмыстарды жандандыру қажет» деп айтқанын еске салды. Осы орайда, көрсеткіші төмен аймақтарға басымды түрде қаражат бөлініп жатырғанын алға тартып, бұл артта қалған аймақтар көрсеткіштерін өсіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол «Ауыл Ел-бесігі» арнайы жобасына және аймақтарды дамытудың кешенді жоспарларына енген ауылдарға басымдық берілетінін айтып өтті. Бұдан бөлек, барлық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету үшін, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әрбір ауыл ескерілген халықты кезең-кезеңімен қамту жоспары әзірленген.

«Ел бойынша барлыға 6 316 ауыл бар, оның ішінде 3 991 ауыл орталық сумен қамтылған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған.Қамтылмаған 1 922 ауылдаң 793-інде орталық сумен жабдықтау жүйелерін салу жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда», - деді Бейбіт Шаханов.

Кешенді блок-модульдер

Оның мәлімдеуінше, қаражатты тиімді пайдалану мақсатында халық саны 200-ден кем барлық 1 129 ұсақ ауылдарда кешенді блок модульдер орнатылатын болады. Сондай-ақ, ол кешенді блок-модульдерді орнатудың басымдалығына тоқталып өтті. Оны орнатудың негізі басымдылығы бағасы, оңай жиналуы, пайдалануы және қажет болған жағдайда ауылдан ауылға тасымалдау мүмкіндігі екенін айтты.

«ЖАО жедел ақпаратына сәйкес 368 ауылды қамту жоспарлануда. Оның ішінде 148 ауылда орталық сумен жабдықтау және 220 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебіненен кешенді блок модульдер орнату жоспарлануда», - деді ол.

Cондай-ақ, оның дерегінше «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 498 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде ауылдық елді мекендерге 261 миллиард теңге бөлу көзделуде.

«Ағымдағы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға 151,4 миллиард теңге, оның ішінде: қалаларда – 77,3 миллиард теңге, ауылдарда – 74,1 миллиард теңге көзделген», - деді Бейбіт Шаханов.

Сондай-ақ, ол 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 95%-ын сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарланып жатырғанын айтып өтті.

Ауылдарды сумен жабдықтау

Оның сөзінше, ауылдарды сумен жабдықтаумен қамтуды мониторингілеу мақсатында интерактивті карта әзірленіп, қолданысқа жіберілген. Онда түрлі параметрлер бойынша жағдай көрсетілген. Оның ішінде сумен жабдықтаумен қамтылуы, қаржыландыру, қаражат қажеттілігі, халық саны, желілердің ұзындығы, тозу деңгейі карта арқылы ғаламторда http://www.auylsu.kz/provision сайты арқылы қолжетімді. Сондай-ақ, интерактивті картаны жетілдіру мақсатында халықпен кері байланысты орнату үшін қосымша функцияны қосу бойынша шаралар қабылдануда. Алдағы уақытта ауыз су берілуінің үздіксіздігі және көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша ақпарат қосылатын болады.

«Үкімет ел халқын сапалы ауыз сумен жабдықтау үшін барлық шараларды қабылдауда және 2025 жылы 100% қолжетімділікті қамту жоспарлануда», - деді Бейбіт Шаханов.

Барлық жаңалықтар