• Басты
  • Еліміздегі медиацияның ахуалы қалай
3 Тамыз, 2020 10:01

Еліміздегі медиацияның ахуалы қалай

Тарихымызда ата-бабаларымыз қандай да бір даулы мәселе туындаған жағдайда болған жайға төрелігін айтушы билерге баратын. Бүгінде би-қазылардың орнын заманауи сот төрелігі институты басты. Дегенмен, дауласушы тараптарды сот процесіне жеткізбей, алдын ала өзара татуластырушы, бітімге келтіруші бейтарап медиаторлардың арағайындығымен күрмеулі мәселелерді шешу бүгінгі күннің талабына айналды.

Еліміздегі медиацияның ахуалы қалай

Медиация тарихына қысқаша шолу

Медиация өз этнонимін латын тілінің «medius» сөзінен алады. Мағынасы арада, ортада тұру, әділ, бейтарап, арада жүру, делдалдық ету дегенге саяды. Батыс өркениетінде де дауласушы тараптар өзара қолайлы шешімге келу мақсатында медиатордың көмегіне жүгініп отыратын болған. Бұл ретте, медиация сөзі термин ретінде тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын тараптар арасындағы дау-жанжалды реттеу рәсімі. Ал медиатор (латынша mediator) тараптарды татуластырушы, істің қандай да бір тараптың мүддесіне шешілуіне мүдделі емес, бітімге келтіруші және мәміле жасаушы бейтарап тұлға.

Аты медиация болмағанымен заты ұқсас Қазақстандағы билер, ақсақалдар институты да сан ғасырлар бойы қоғамдағы дау-дамай мен келіспеушіліктерді шешіп келді. Тарихқа көз жүгіртсек, әр ауылдың аузы дуалы, күрмеулі мәселенің шешімін ұсынатын, қара қылды қақ жарған тұлғалары болған. Адамдар қандай да бір келіспеушілік туындаған кезде аталған тұлғаларға барып, төрелігін айтуды сұраған. Сондықтан елімізде медиация институтын дамыту үрдісінің тарихи негізі бар деуге болады.

Жалпы, медиация бүгінгі заманауи бағытта XX ғасырдың екінші жартысында дами бастады, ең алдымен англо-саксондық құқық орнаған елдерде – АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, содан соң Еуропаға да тарады. Алғашқыда медиация отбасылық қарым-қатынас саласында дауларды шешуде қолданыла бастады. Кейіннен медиация жергілікті қоғамдастықтардағы даулардан бастап коммерциялық және көпшілік саласындағы күрделі әрі көп тарапты жанжалдарды қоса алғанда кең ауқымды дау-жандалдарды шешуде өзін танытты. 

 

Медиацияның дау-дамайды шешудегі орны

Қазіргі таңда әлемде даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтсе, оның 85 пайызға жуығы оң нәтиже көрсеткен. Әлемдегі медиацияның үздік үлгілеріне көз жүгіртіп өтейік. АҚШ-та медиация институттарының арағайындығына жүгінген даулардың 95 пайызы сотқа жетпей шешімін тапса, Германияда бұл көрсеткіш 90 пайызды, Ұлыбританияда 90-95 пайызды құрайды.

Яғни, медиаторлар дауласушы тараптардың мәселесіне өз нүктесін қоя білген.

Медиация сот процесімен салыстырғанда уақыт және қаражат үнемдеу тұрғысынан тиімді жол деуге болады. Мысалы дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн мерзім беріледі. Қажет болған жағдайда бұл уақыт қосымша ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспайды. Ал кейбір сот процестері сотқа қатсушылардың келмеуіне т.б. себептерге байланысты бірнеше айға, тіпті жылдар бойы созылып жатады.

Медиация қызметінің тағы бір гуманды тұсына келсек – сот процесі нәтижесінде соттың шешімі шығып, ол міндетті орындалуға жатады. Бұл екі тараптың алдағы уақытта өзара наразы болып қала беруіне жол ашуы ықтимал. Сондықтан сот шешімінің авторитарлы екендігіне қатысты баға беру жиі байқалады. Ал медиатор дауласушы тарапты ортақ мәмілеге келтіре алмаса, онда сот арқылы істі одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бар екенін де айта кеткен жөн.

Медиаторлардың жасайтын мәмілесі екі тараптың да ортақ келісімге келуіне негізделген. Бұл ретте, дауласушы тараптардың алдағы уақытта бір-біріне наразы емес, жылы қатынаста болуы жиі кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда медиация институтының қоғамдық қатынастардың жақсаруына оң ықпалы аз емес. Осыған байланысты әлемдік практикада ірі компаниялар тұтынушылармен арада пайда болған дау-дамай кезінде медиаторлардың көмегіне жиі жүгінеді. Өйткені оларда алдағы уақытта да тұтынушымен жылы қарым-қатынасты сақтап қалу маңызды.

Медиацияның көмегімен отбасылық жанжалдарды шешудің де маңызы зор. Өйткені отбаслық дау-дамайға қатысты ең жиі кездесетін ажырасу фактілерінің алдын алу немесе ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда да ортадағы баланың тағдыры үшін екі тараптың арасында ортақ мәміленің орнатылуы айрықша маңызға ие.

Медиатор да соттар секілді заң аясында қызмет етеді, дегенмен дауласушы тараптардың өзара ортақ келісімі арқылы таңдалады. Яғни, сотта істі қарайтын судья тағайындалса, ал медиатор таңдалады.

Медиация институтының дамуы соттардың әр түрлі тұрмыстық істерден алыстап, ірі және мемлекеттік маңызды даулармен мақсатты түрде шұғылдануына мүмкіндік береді.

 

Медиация Қазақстанда

Елімізде медияцияның әлеуетін барынша пайдалану мақсатында 2011 жылғы 28 қаңтарда «Медиация туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес «Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады» деп белгіленді. Сондай-ақ, медиаторлардың қызметін көбінесе азаматтық істерде, жеке азаматтардың арасында туындаған дауларда пайдалану мақұлданды. Мысалы дауласушы тараптардың бірі мемлекеттiк орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсiмi қолданылмайды.

Медиация саласында арнайы заң қабылданғаннан бастап аталған бағыттағы жұмыстар қыза түсті. Оған, медиаторлар қауымдастығының, медиаторлар институтының қалыптасып, тәуелсіз медиаторларды дайындау әдістемесінің жасалып, арнайы мамандардың пайда болу үдерісін мысал ретінде келтіруге болады.

Заңнамаға сәйкес медиаторлар кәсіби (кәсіпқой) және кәсіби емес (қоғамдық) болып екіге бөлінеді. Оларға қойылатын өзіндік талаптар бар.

Мәселен жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес.

Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мыналар: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды. 

Қазақстанда Сингапурдың тәжірибесін ескере отырып, дау-дамайды шешуде кәсіби медиаторлармен қатар татуластырушы судьялардың да әлеуетін пайдалану бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Мысалы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне күні кеше, яғни 2020 жылғы 29 маусымда өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, сотқа дейінгі татуласу рәсімдеріне қатысты маңызды шарттар пайдща болды. Аталған заңның 174-бабының 2-тармағында «Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады» деген қағида жазылды.

Осыған орай, қазіргі таңда азаматтық іспен шұғылданатын соттарда татуластырушы судьялар пайда болуда. Ендігі уақытта сотқа түскен істер ең әуелі аталған судьяның қарауына беріледі. Татуластырушы судья тараптарды медиация әдістері арқылы сотқа жеткізбей келісімге келтірумен айналысады. Бұрын судьядың сот басталмайынша тараптардың келісім алмай жатып, қосымша материалдар сұратуға, егжей-тегжелі зерттеу жүргізуге құқығы болмайтын. Заңға өзгерістелген жаңа өзгерістерге сай мұндай мүмкіндік пайда болды. Бұл дауды алдын ала жедел шешуге мүмкіндік ашады.

Сотта тараптар татуласу рәсімінен өтуге міндеттелмейді. Дегенмен татуласу бойынша міндетті түрде ұсыныс беріледі және татуласу рәсімі болып, тараптар өз мәселелерін шешкен жағдайда мемлекетке төленген баж салығы кері қайтарылады. Бұл да өз кезегінде дауласушылар үшін қаржылық тұрғыдан мотивация беретіні анық.

Қорыта келгенде, Қазақстанда медиация институтын дамыту, сотқа дейінгі және соттағы татуластыру рәсімдерін жандандыру шаралары мемлекеттік деңгейде үлкен қолдауға ие және соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келеді. Медиаторлардың көмегімен сотқа дейінгі татуласу фактілерінің соңғы жылдары жиі кездесуі осының бір дәлелі деуге болады. Сондықтан заңды, дәстүрді, психологияны жетік меңгерген медиаторлар шоғырын қалыптастырып, сандық қана емес сапалық тұрғыдан да осы саланы дамыту құқықтық саладағы басымдықтарымыздың бірі болып қала беруі тиіс.

Сондай-ақ халықтың медиация институтына сенімін қалыптастыру мақсатында медиаторлардың көмегімен шешілген оң мысалдарды кең көлемде тарату және ағарту, ақпараттандыру жұмыстарын мейлінше күшейткен жөн.

Барлық жаңалықтар