• Басты
  • Елімізде тұрғын үй бағасы неліктен қымбаттады

Елімізде тұрғын үй бағасы неліктен қымбаттады

12 Шілде, 2021 15:45

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында құрылыс материалдары мен жылжымайтын мүлік нарығы бағасының өсуін тежеу жөніндегі кешенді шаралар туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасы

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 шілдедегі Үкіметтің Кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының өсуін тежеуге қатысты бірқатар кешенді шаралар қабылданғанын жеткізді.

«Бұл үшін Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, салалық болжау, өндірушілер мен құрылыс салушылар арасындағы ұзақ мерзімді тікелей келісімшарттар сияқты құрылыс материалдары бағасының өсу проблемасын шешу жөнінде жедел шаралар қабылдау тапсырылды», -деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, болжамды бағалауды жүргізу үшін соңғы 5 жылда құрылыс материалдары бағасының қалай өскенін және осы уақытта жылжымайтын мүлік құнының қалай өзгергені талданған.

Соның ішінде, цемент, арматура, кірпіш, газдалған бетон сияқты негізгі құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі бұрын да тіркелген. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тұрғын үй құны өсіп қана қоймай, кейде тіпті төмендеген. Жылжымайтын мүліктің бағасының өсуіне биылғы жылы зейнетақы жинақтары есебінен тұрғын үй сатып алу шаралары әсер еткен.

«Бағаның өсуі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады, бұл пандемияға байланысты девальвацияға және логистика шығындарының шектелуіне байланысты», -деп түсіндірді ол.

Тұрғын үй құрылысына инвестиция көлемі артқан

Сондай-ақ «кейінге қалдырылған сұраныс» әсері орын алған. Яғни, 2020 жылы салынуы тиіс нысандар бір жылға кейінге қалдырылған және осының есебінен биылғы құрылыс көлемі ұлғайған.

Оның сөзінше, бұған былтырғы инфляциялық компоненттер де қосылған. Елімізде соңғы 2 жылда тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі күрт артқан.

«2019 жылдың мамыр айында инвестициялар 432 млрд теңгені, ал 2021 жылдың сәйкес кезеңінде 732 млрд теңгені құрады, өсім 1,7 есе», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына - бетонға, цементке, қабырға материалдарына қажеттілігін қамтамасыз етеді. Оның мәлімдеуінше, отандық зауыттардың арматура өндірісінің қолданыстағы жобалық қуаты 1,9 млн тоннаны құраса, жыл сайынғы ішкі қажеттілік – 1,2 млн тоннаны құрап отыр. Алайда, сынықтардың жетіспеушілігіне байланысты зауыттар ішкі нарықты тек 60% қамтамасыз етеді.

«Бір ірі кәсіпорын, 11 орта және 276 шағын кәсіпорын кірпіш өндіреді. Бірақ олар ел ішіндегі қажеттіліктің тек 62%-ын ғана өтейді. Өткен жылы өндіріс көлемі шамамен 2 есеге артты», – деді ол.

Кірпіш импорты

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтуынша, кірпіш импортының артуы байқалады. Оған басты себеп - ішкі нарықта тұтыну көлемінің күрт өсуі. Отандық өндіріс үлесін арттыру үшін 2022 жылдың соңына дейін олардың өндірісін жылына 440 млн данаға дейін арттыру көзделгенін атап өтті.

Сондай-ақ, импортқа тәуелділікті төмендету және құрылыс материалдары бағасының күрт ауытқуын болдырмау мақсатында министрлік 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бойынша бағдарламалар қабылдаған.

«Біз келесі 5 жылға құрылыс материалдарына деген қажеттілікке толық талдау жүргіздік. Бірінші кезекте, импортталатын материалдарды бөліп, олар бойынша 360 млрд теңге сомасына 22 жоба дайындады. Аталған зауыттардың құрылысын 2021-2022 жылдары салуды жоспарлап отырмыз және 2023 жылы импортқа тәуелділікті азайту және ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен 100% қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді ол.

Кірпіш шығаратын 14 зауыт салынады

«Қазір арматур өндіретін жаңа 3 зауыт салынып жатыр, соның есебінен 100% отандық нарық қамтамасыз етіледі. Ал кірпішке келсек, бүгінде елімізде 1 ірі, 11 орташа және 276 шағын кірпіш шығаратын кәсіпорын бар. Олар 2 түрлі кірпіш жасайды, силикат және керамикалық», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта аталған өнеркәсіптер ішкі нарықты 62%-ға кірпішпен қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. Ол былтырмен салыстырғанда кірпіш өндіру көлемі 2 есеге артқанын көрсетеді.

«Елдегі сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың соңында дейін елімізде кірпіш шығаратын жаңа 14 зауыт салу жоспарланып отыр. Оның қуаты жылына 440 млн дана кірпіш шығара алады. Сонда отандық нарықты толықтай өз өнімімізбен қамти аламыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Ол жиында еліміздің импортқа тәуелділігін азайту және құрылыс материалдары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлік 2021-2025 жылдарға арналған құрылыс индустриясын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны қабылданғанын айта өтті.

«Маркетплейс» арнайы ақпараттық алаңы

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласындағы мәселелердің бірі - жыл сайын наурыз айында бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін барлық тапсырыс берушілер сәуір-мамыр айларында құрылыс материалдарын сатып алу рәсімін бірден бастауы себеп болады. Соның әсерінен, жеткізушілер мен делдалдар өз өнімдерін белсенді түрде сата бастаса, ал кейбіреулері импорттайды. Бұл құрылыс материалдарының бағалық параметрлеріне бірден-бір әсер ететін фактор.

Оның дерегінше, тұрғын үй құрылысының қымбаттауына жол бермеу мақсатында Nur Otan партиясы бағдарламасын іске асыру аясында бес жыл ішінде 130 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс.

«Біз енгізілетін тұрғын үйдің жыл сайынғы көлемін білеміз, бес жылдық кезеңге қандай құрылыс материалдары қажет екенін білеміз. Сондықтан қазір ұзақ мерзімді тікелей келісімшарттарды, «оффтейк» келісімшарттарды енгізу үшін заңнамалық актілерге қажетті өзгерістер әзірледік, бұл құрылыс саласы бес жыл ішінде өз өндірісінің көлемін қамтамасыз етіп, ұлғайтуы үшін қажет», - деді вице-министр.

Құрылыс материалдары 15%-ға арзандайды

Ол брифингте өнім құнының негізсіз көтерілуін болдырмау мақсатында отандық құрылыс материалдарының онлайн-саудасы бойынша «Маркетплейс» арнайы ақпараттық алаңын құру қарастырылып отырғанын жеткізді. Бұл мемлекеттің қолдауымен онлайн алаң құрылыс материалдарын белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді екен.

«Мемлекеттің қолдауымен құрылыс материалдарын сатуға арналған онлайн сауда алаңы белгіленген бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бағаның 15 %-ға арзандауына және құрылыс материалдары нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның сөзінше, бірінші кезеңде 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына қажеттіліктерінің онлайн-витринасы құрылған. Онда қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер қажеттіліктермен танысып, қажет болған жағдайда тіркеуден өткеннен кейін осы құрылыс компанияларына коммерциялық ұсыныстарын жібере алады.

Құрылыс компанияларына жеке кабинеттерінде құрылыс материалдарын өндірушілерден коммерциялық ұсыныстар алынғаны туралы хабарлама келеді, онда олар коммерциялық ұсыныстарды қарау және таңдау мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта витрина тестілік режимде іске қосылды, оның функционалдық тестілеуі жүргізілуде. Екінші кезеңде 2021-2022 жж. материалдарды өндірушілер үшін өз құрылыс материалдарының витриналарын жариялау функциясы әзірленетін болады.

Барлық қатысушылар үшін ЭЦҚ-ны қолдана отырып, шарттарды онлайн жасасудың бизнес-процесін енгізу жоспарланған. Маркетплейсте логистикалық компаниялармен бірлесіп тауарларды жеткізуді бақылау функциясы пайда болады.

www.stroimaterial.kz сайты іске қосылды

«Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс материалдарын өндірушілер мен құрылыс компанияларына арналған www.stroimaterial.kz сайты іске қосылды», - деді ол.

Ол өз сөзінде, Мемлекет басшысының құрылыстағы жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында министрлік қолданылатын Құрылыс материалдарының номенклатурасын көрсететін электрондық тізілім құрғанын айтып өтті. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерде қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану бойынша міндетті талаптар заңнамалық деңгейде енгізілген.

Енді тапсырыс берушілер сатып алынған қазақстандық құрылыс материалдары бойынша мердігерлердің есептерін ай сайын көріп отырады.

«Бұл онлайн сауда алаңында өндірушілер өз өнімдерін ұсына алады. Онда барлық процесс онлайн түрде жүргізіледі, яғни келісімшарттар ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) көмегімен жасалады. Сондай-ақ, логистикалық компаниялардың тауарды жеткізуін бақылайтын арнайы функция іске қосылатын болады», - деп қорытындылады ол.

Оның айтуынша, бұл есептер Мемлекеттік сатып алу порталында көрсетіліп, ЖСҚ-да көрсетілген деректермен автоматты түрде салыстырылатын болады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік сараптама порталдарының интеграциясы әлі жүргізілуде.

Барлық жаңалықтар