• Басты
  • Елімізде алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады
23 Шілде, 2020 17:24

Елімізде алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады

Бүгін елордада алдағы демалыс күндері мен тамыз айындағы ауа райы болжамы жөнінде өткен баспаөз мәжілісінде «Қазгидромет» РМК директоры Данара Әлімбаева республика бойынша ауа райы болжамына тоқталып өтті. Оның сөзінше, демалыс күндері ауа райы тұрақсыз болады деп болжануда, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Елімізде алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады

                                          Алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамы

Апта соңында, яғни 24-26 шілдеде еліміздің басым бөлігінде ауа-райы тұрақсыз болады деп күтілуде. Данара Әлімбаеваның мәліметінше, жаңбыр жауып, солтүстік және шығыс өңірлерде күн күркіреп, дауылды желмен қатты жаңбыр жауады деп болжануда. Сонымен қатар бұршақ түсуі де ықтимал. Тек республиканың батысында күн ашық және жауын-шашынсыз болады деп болжануда.

«Оңтүстік, оңтүстік-шығыста 33-39 градус. Маңғыстау облысының оңтүстігінде +43 градусқа дейін ыстық ауа райы сақталады Қазақстанның шығысында 25-30 градус, оңтүстік өңірде – 33 градусқа дейін ыстық болмақ. Ал Республикамыздың батысы мен солтүстігінде аздаған ыстықтың басылуы байқалады. Республиканың батысынеда 23-31 градусқа дейін ыстық, ал еліміздің солтүстік жартысында ауа райы салқынырақ болады, мұнда ауа температурасы 20-25 градусты құрайды», - деп толықтырды мекеме басшысы.

 

                                           Тамыз айына арналған ауа райы болжамы

Данара Әлімбаеваның сөзіне сүйенсек, тамыз айында күннің ұзақтығы солтүстік облыстарда 2 сағатқа, оңтүстік облыстарда 1 сағат 20 минутқа қысқарады.

«Сондықтан орташа айлық температурасы тамызда шілде айынан 2-2,5 градусқа, ал оңтүстік облыстарда 1 градусқа төмен болады. Қазақстанның солтүстігінде ауаның орташа айлық температурасы 16-20 градус, ал оңтүстігінде 27-29 градус. Консультативтік болжамға сәйкес жаздың соңы айы климаттық норма шамасында болады. Тамыз айында ауаның орташа айлық температурасы Қазақстан территориясының басым бөлігінде норма шамасында болады деп күтілуде. Солтүстік жартысында норма 17-22 градус», - деді мекеме басшысы.

Сонымен қатар оның айтуынша, елдің шығыс аймақтардағы таулы-бөктерлі аудандарда 15-16 градус, батыс және оңтүстік аймақтарда 23-27 градус шамасында болады.

«Ауа температурасы қалыпты болатынына қарамастан, ауа массасының жиі алмасуына байланысты жауын-шашынсыз ыстық күндер мен салқын, жауынды күндер қатар болады. Бұл Скандинавия аймағынан суық ауа массасының енуіне және Жерорта теңізі мен Ираннан шығатын оңтүстік циклондармен байланысты. Тамыз айында жауын-шашын мөлшері тамыз айында ресупбликаның басым бөлігінде норма шамасында күтіледі», - деді ол.

Сондай-ақ Қазгидрометтің болжамынша, республиканың оңтүстігінде норма- 2-9 милиметр, батыс пен орталық – 11-24 милиметр. Ал Солтүстік Қазақстан облысында нормадан көп күтілуде – 40-53 милиметр, Қостанай облысында 17-55 милиметр, Ақмола облысында – 20-41 милиметр, Павлодар облысының солтүстік батысында 23-40 милиметр, Қарағанды облысында – 11-17 милиметр, Батыс Қазақстан облысында және Ақтөбе облысының солтүстігінде – 17-27 милиметр, ал Алматы облысының таулы және тау-бөктерлі аудандарында – 18-90 ммилиметр.

«Нұр-Сұлтан қаласында тамызда ауаның орташа айлық температурасы климаттың норма шамасында 19 градус болады, жауын-шашын мөлшері шамадан көп болады деп күтілуде, ал айлық норма – 29 градус. Оңтүстік астанада тамыз айында ауаның орташа айлық температурасы климаттық норма шамасында болмақ. Норма – 23 градус. Жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтілуде, ал айлық норма – 30 милиметр.

Барлық жаңалықтар