• Басты
  • Электронды коммерция: өңірлік және ішкі дамуды ынталандыру

Электронды коммерция: өңірлік және ішкі дамуды ынталандыру

30 Шілде, 2021 12:29

Қазіргі әлемде мемлекеттердің өзара интеграциясы қоғам өмірінің кез-келген саласымен тығыз араласып кеткен. Ол мемлекеттің ішкі әлеуметтік-экономикалық, технологиялық дамуы және алыс-жақын елдермен сауда, инфрақұрылым және инновация салаларындағы қарым-қатынасының беріктігімен де байланысты. Соңғы онжылдықтардағы цифрлық дамудың ықпалымен «білім экономикасы» деп аталатын экономикалық қатынастардың жаңа парадигмасы қалыптасып, коммерция мен жалпы кәсіпкерліктің интернетке қарай көшуі көзге үйреншікті жағдайға айналды. Электронды сайттар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді қолдана отырып халықтың күнделікті тұтынатын тауарын сату, оның соңғы жылдардағы әлем бойынша көрсеткіші ұлғайғанын байқаймыз. «Білім экономикасының» басты айырмашылығы да сол – бұл бизнесті электронды қалыпқа көшірудің жаңа мүмкіндіктері және әлемдік экономиканың шаруашылық субъектілері арасындағы ақпарат алмасу, оны өңдеу мен ұсынудың тың тәсілдерінің пайда болуы. Осының барлығы экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени қатынастардың дамуына, тіпті жаһандануына катализатор ретінде ықпал етеді.

«E-commerce» халықаралық сауданы дамыту, оны қамтамасыз етуде жаңа, бірақ тез дамып келе жатқан саланың біріне жатады. Ғылым мен практикада кеңінен таралған шетелдік «электронды коммерция», ағылшынша нұсқадағы «e-commerce», «e-trading» терминдері қазақшаға аударғанда электронды түрде жүргізілетін сауда мағынасын береді. Нақтырақ айтқанда «электронды сауда» сөзі:

- ақпаратты, өнімдерді немесе қызметтерді электронды жолмен беру/алу;

- қызметтерді электронды жолмен ұсынуды (өндіру) білдіреді.

Электронды сауда соңғы 15 жылда жақсы дамып келеді. Электронды қол қою, электронды құжаттарды, тауарлар мен қызметтерді берудің тиісті әдістерін қолдана отырып, құқықтық негіз ретінде ұлттық заңдар мен халықаралық келісімдер күшіне енді. "E-commerce"-ті құқықтық қамтамасыз ету бойынша жұмысты БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) атқарады. «E-commerce» – бұл ДСҰ қызметіндегі жаңа бағыт болып саналады. 1998 жылдың мамыр айында министрлер конференциясы (Женева) жаһандық электрондық коммерция туралы Декларация қабылдады. Ол ДСҰ Бас кеңесіне жаһандық электрондық коммерцияның барлық сауда аспектілерін зерттеу үшін арнайы бағдарлама құруды ұсынды. ДСҰ «E-commerce»-ті дамытуға қажетті бағдарлама және аппараттардың импортына баж салығын салмау туралы шешім қабылдады. ДСҰ аясында «E-commerce»-тің салық салу, зияткерлік меншік құқығын қорғау, электрондық құжаттардың құқықтық мәртебесі, түпнұсқаның электрондық құжат көшірмесінен айырмашылығы және басқа да бірқатар мәселелері қаралады. 

Электронды сауда немесе электронды коммерция дегеніміз ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жедел дамып жатқан кезеңде тауарлар мен қызметтерді интернет арқылы сату процесін немесе кейбір бизнес-процестерді автоматтандыруды ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі ұйымдастыру, бақылау сияқты әртүрлі операцияларды оңтайландыру жағын да қамтиды. Мәселен Google корпорациясы мен Яндекс интернетте ақпаратты іздеудің бірегей алгоритмдерінің арқасында қарқынды дамып келе жатыр. Олардың негізгі табыс көздерінің бірі – пайдаланушының сұранысына сәйкес іздеу индексіне жарнаманы шығару, яғни Google Adwords және Яндекс.Директ қызметтері. Жарнама саласының заманауи даму тенденциялары "жарнама" электронды бизнес саласына көбірек енетінін, интернетте көптеген сайттар мен жарнаманың барлық түрлері құрылғанын көрсетеді. Ішіндегі негізгісі, әрине, іздеу жүйелеріндегі пайдаланушының тиісті сұранысына жауап беретін жарнама. Ол жарнама мақсатты түрде жарияланып, оған қызығушылығы бар нақты пайдаланушылар тобына арналған. Теледидардағы жарнама клиенттердің кең ауқымын қамтығанымен, белгілі бір өнімді немесе қызметті нақты бір адресатқа жеткізе алмауы да ықтимал. Жалпы алғанда электрондық коммерцияның қарқынды дамуына ақпарат пен жарнаманың, әлеуметтік желілердің таралуы тікелей әсер етіп отыр.

Дүниежүзілік ауқымда қарайтын болсақ, интернет желісіндегі аударымдар мен төлемдер жылдан жылға қарқын алып келеді. 2020 жылы әлемдегі электрондық сауданың көлемі 4,3 трлн АҚШ долларына жеткен екен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылға қарағанда 27,6%-ға артық (3,4 трлн. АҚШ доллары). Сонымен қатар, бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электрондық сауданың үлесі де өсіп жатыр: 2020 жылы ол көрсеткіш 18%-ға жетті (2019 жылы — 13,6% болған). Emarketer компаниясының болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда электрондық сауда секторында оң динамика сақталады. Экономист-сарапшылар 2024 жылға қарай сауда сатылымы 6,4 трлн долларға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл ретте электрондық сауда бүкіл әлемдегі бөлшек сауданың 21,8%-ын алатын болады. Мемлекеттердің арасында электрондық сауданың анағұрлым дамыған жүйесі Қытайда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда қалыптасқан.


Дүниежүзіндегі онлайн сауда жасаушылардың саны

Орталық Азия өңірі ресурстарға бай болғандықтан нарықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға болады. Орталық Азияның ішкі және сыртқы саудасы әсіресе табиғи ресурстарға тәуелді. Оның ішінде энергетика, көлік, телекоммуникация, минералдар, алтын, медицина өнімдері, автобөлшектер, құрал-жабдықтар, мал шаруашылығы, күнделікті сұранысқа ие тауарлар, азық-түлік, бидай ұны, мақта, жібек, былғары және т.б салалардағы халықаралық ынтымақтастық өсуде. Осы орайда трансшекаралық электрондық коммерция халықаралық сауданы дамытудың жаңа механизмі. Статистикаға сәйкес, Қытайдағы трансшекаралық электрондық коммерция нарығының көлемі 2020 жылы 12,5 трлн юанға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19,04%-ға өсті. 2021 жылы электронды нарық көлемі 14,6 триллион юаньға жетеді деп күтілуде. Орталық Азиядағы трансшекаралық электрондық коммерция бизнесі қазіргі уақытта күшті әлеуетке ие деп айтуға болады. Covid-19 пандемиясы басталғалы бері дамыған және дамушы мемлекеттердің цифрландырылуы мен электронды коммерциясы жаңа сынақтардан өтіп жатыр.

Қазақстанда электрондық сауда нарығы қарқынды кеңейіп келеді. Электрондық сауда өзінің қолайлылығы, жылдамдығы және жаңашылдығымен халық арасында жиі қолданылып жүр. Соңғы үш жылда бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі e-commerce үлесі айтарлықтай өсті, ал COVID-19 пандемиясы осы процесті одан сайын тездетті. Мәселен, 2018-2019 жылдары электрондық сауданың үлесі 2,9% және 3,8% болса, 2020 жылы ол 3 есе өсіп, 9,7%-ға жетті. Қатаң карантин уақытында әлеуметтік қашықтықты сақтау, локдаун және басқа да шектеу шаралары тауарларды онлайн сатып алуға, жеткізу қызметін жетілдіруге, сондай-ақ цифрлық байланыс құралдарын пайдалану мен қашықтықтан тапсырыс беру көлемі өсті. Қазақстандағы электрондық сауда ішкі және сыртқы сауданың, қолма-қол ақшасыз төлемнің дамуына, бизнес шығындарын қысқартуға және көлеңкелі айналымды азайтуға айтарлықтай ықпал етті. 2020 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер 2,4 есе артып, 35,3 трлн теңгеге дейін жетті. 2021 жылдың екі айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2 еседен аса көбейіп, 7,8 трлн теңге болған. Бұл ретте интернет және ұялы телефон арқылы жүргізілген онлайн-төлемдердің үлесі жалпы көлемнің 82% -ын құрап отыр.

Халықаралық төлем жүйелеріне назар аударатын болсақ, барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 99,1%-ы MasterCard Worldwide және VISA International-ға тиесілі екен. Электрондық сауда көлемінің үлкен өсімі B2C сегментінде (business-to-consumers, тұтыну нарығы), сондай-ақ B2B сегментінде (business-to-business, корпоративтік нарық) де байқалады. Сауда қарқыны POS-терминалдарының инфрақұрылымын ретке келтіру, Apple Pay және Samsung Pay-дің Қазақстан нарығына шығуы, банктердің клиенттерді бонус және кешбэк арқылы ынталандыруы, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрінде электронды төлемнің көбеюінен кейін артып отыр. Қазір елімізде тауарлар мен қызметтерді карточка, ұялы телефон, QR код арқылы төлеуге болатын 108 мыңнан астам сауда орындары бар.  


ҚР-дағы жалпы бөлшек саудадағы электрондық коммерцияның үлесі

ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың мәлімдеуінше, еліміздегі электронды сауда саласында бірқатар кедергілер мен қиыншылықтар да бар. «Мәселен, көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша жоғары комиссия, шағын орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты проблемаларды шешу керек. Сонымен қоса электронды сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажет», - деді министрлік басшысы. Салаға жауапты министр отандық компанияларды Алибаба, Amazon, Яндекс, Озон, Shopify сияқты халықаралық онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша келісіп жатқанын айтты. Мысалы, Қытайдағы Alibaba платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде 50 компания іріктелген екен. Бұл қытайлық және жаһандық тұтынушыларға қол жеткізуді, маркетингтің ішінде кешенді ілгерлету мүмкіндігін қамтамасыз етпек. 

2021 жылдың шілде айында өткен Astana Finance Forum іс-шарасында ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауданы дамытудың ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға қарай электрондық сауданың үлесі 15%-ға дейін артатынын айтты. Сауда және интеграция вице-министрі Ә.Жанасова  2021 жылы электрондық сауда үлесін 9,9%-ға дейін жетеді деп болжап отыр. Ол дегеніңіз 1,4 трлн теңге қаражаттың айналымы. Ал 2025 жылға қарай тағы 15%-ға артса, 3,6 трлн теңгеге жетеді. Қазпоштаның мәліметінше, 2020 жылы онлайн-сауда нарығының көлемі 1,1 трлн теңгеден асып, 2 еседен астам өсті және бөлшек сауда көлемінің 9,7%-на жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,7% болған еді. PwC компаниясының Еуразиядағы өкілінің пікірінше, 2021 жылы электронды сауда өсімі айтарлықтай болғанымен, нарық көлемі 2 есе ұлғаймайды. Жауапты министрлік елімізде электронды коммерция экожүйесін үш құралдың көмегімен дамытқалы отыр. Біріншісі – электронды сауданы ынталандыру және шағын және орта бизнесті жаңа дағдыларға үйрету. Екіншісі – жеткізу қызметі мен логистика сервистерін дамыту, үшіншісі – онлайн трансшекаралық сауданы дамыту саласы болмақ. Шағын және орта бизнесті электронды сауданы жүргізуге қалай үйретеді? Астана халықаралық қаржы орталығы Mastercard және Fintech Hub-пен әріптестікте SmartDuken (ШОБ электронды коммерция мектебі) платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. SmartDuken – кәсіпкерлерге өз бизнесін онлайн құруға, дамытуға және кеңейтуге көмектесетін платформа. Ол ШОБ-қа тегін білім беру онлайн-курстарын, вебинарларды, серіктестердің тегін ұсыныстарын (IT-құралдар, CRM, төлем жүйелері, сайт конструкторлары және т.б.) ұсынады, сондай-ақ өз бизнесін онлайн режиміне көшіргісі келетін ШОБ өкілдеріне бизнес-акселерацияны береді. 

Сауданы электронды қылудың техникалық алғышарты жүйенің инфрақұрылымын үнемі жетілдіру, атап айтқанда: есептеу техникасын дамыту,оны әмбебап және өнімді қылу, сымды-сымсыз және аралас технологияларды пайдалану арқылы алысқа ақпарат пен тауарды жылдам жеткізу, атап айтқанда мобильді интернетті, 4G және 5G технологияларын пайдалану үрдісімен байланысты болады. Электронды сауда бүкіл әлемде жедел қарқынмен дамып келеді. Қазақстан да осы процестен тыс қала алмайды. Өйткені шығысымызда электронды саудадағы алпауыттары бар Қытай, цифрлық экономикаға ден қойған Ресей және қарқынды дамып келе жатқан Өзбекстан нарығы бар.  Әлемдік және ұлттық нарықтардың тұрақсыздығы мен құбылмалығы, ғылыми прогресс пен инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ қоғамды ақпараттандыру мен цифрландыру секторы осы саладағы өсімінің негізгі драйверіне айналады. 

Барлық жаңалықтар