• Басты
  • Электронды кітапхана, концерттік қызмет, көркемдік кеңес қызметіне қандай өзгерістер енгізілді
22 Қазан, 2020 11:03

Электронды кітапхана, концерттік қызмет, көркемдік кеңес қызметіне қандай өзгерістер енгізілді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының кеңейтілген отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірауыздан мақұлданды. Отырыста ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасына енгізілген басты өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Оның сөзінше, электронды кітапхана, концерттік қызмет, көркемдік кеңестер, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, сонымен қатар мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтеріне байланысты заң жобасына өзгертулер енгізілген. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Электронды кітапхана, концерттік қызмет, көркемдік кеңес қызметіне қандай өзгерістер енгізілді

Министрдің айтуынша, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасының мақсаты - қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.

Аталған заң жобасымен қамтылған негізгі бағыттар:

-        кітапхана және баспа ісі

-        мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері

-        шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты түзетулер

  

«Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты», - деді министр.

Заң жобасының төмендегі бөлімдеріне түзетулер енгізілді

-        Электронды кітапхана

-        Концерттік қызмет

-        Көркемдік кеңестер

-        Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу

-        Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері

 

Электронды кітапхана

Министрдің дерегінше, 2007 жылдан бастап ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы базасында Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының жобасы жүзеге асып келеді. Сондай-ақ ол қазіргі таңда еліміздің электронды кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ екенін еске салды.

«ҚРмәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау бағытында айтылған олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электронды кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Концерттік қызмет

Министрдің айтуынша, концерттік-ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі орын алған, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар орын алған фактілер де жоқ емес.

«Осыған байланысты заң жобасы аясында заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу үшін бірқатар міндеттемені енгізу арқылы осы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі - музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограмма қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама берілмек», - деді министр.

Оның пайымынша, бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді, сонымен қоса билеттің құнына да әсер етпек.


Көркемдік кеңестер

Сонымен қоса Ақтоты Райымқұлова қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға енгізілген нормаларға сәйкес министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында мәдениет саласындағы қызметтің барлық бағыттары бойынша республикалық көркемдік кеңестер жұмыс жасайтынын еске салды. Оның айтуынша, көркемдік кеңестердің жұмысы өз жемісін беруде, театрлардың репертуары жақсарып, кино жобалардың сапасы артты, әдебиет пен өнер шығармаларының да деңгейі артқан. Тұрақты негізде саланың даулы мәселелері талқылауға шығарылып, өз шешімін тауып отыр.

«Республикалық көркемдік кеңес аясында барлық салалардың көптеген проблемалық мәселесін қамтудың мүмкін еместігін тәжірибе көрсетіп отыр. Осы орайда заң жобасының негізгі міндеті өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу үшін өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделіп отыр», - деді министр.

Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу

Сондай-ақ министр 2017 жылы депутаттық корпустың арқасында алғаш рет заңнамалық деңгейде авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі енгізілгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл басқа елдердежоқ.

«Алайда, іс жүзінде ыңғайсыз қайшылықтар пайда болды. Атап айтқанда, автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқықты беруді көздейді. Ол автордың өмір сүрген кезіндегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде оның сөзінше, автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға немесе оны басқа жолдар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халыққа мәдени өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиеттерді белгілі бір мерзімге сатып алу қарастырылып отыр. Одан әрі, автор оны басып шығаруға және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен таратуға құқылы болады.

 

Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері

Бұдан бөлек министр қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметтке құқығы жоқ.

«Алайда, бүгінде еліміздің көптеген музейі мемлекеттік кәсіпорындарға айналған. Осы орайда, қолданыстағы заңда музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр», - деді министр.

Осыған орай, оның айтуынша, заң жобасында осы норманың қолданылуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарының аясында іске асыратын болады.

Бұдан бөлек Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова заңнама қолданыстағы заңды жетілдіруге және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталғанын еске салды.

«Осы Заң жобасымен үш заңға «Мәдениет туралы», «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңдарына өзгерістер енгізіледі», - деді комитет мүшесі.

Оның айтуынша, заң жобасы Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының құқықтық негіздерін қалыптастыру тәртібін көздейді және электронды кітапхана қорын кеңейтуге мүмкіндік беріп, оның объектілерін анықтайды. Заң жобасында «Қазақстандағы кітапханалардың жиынтық электронды каталогы» және «Ойын сауық мәдени бұқаралық іс шара» туралы жаңа ұғым енгізілген.

Сондай-ақ оның сөзінше, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді таңдау және басып шығару, авторлық құқық тәртібі мәселелері реттеліп, анықталып отыр. 

«Бұл маңызды. Себебі бұған дейінгі нормада автордан шығарманы мемлекеттік меншікке сатып алуда бірқатар келіспеушіліктер орын алып, авторлық құқық талаптарын шектейтін жағдайлар болған. Енді мемлекеттің авторлардан шығармашылық өнімдерді белгілі бір мерзімге ғана сатып алу нормалары қарастырылды», - деді ол.

Сонымен қоса Айгүл Қапбарова заң жобасы мұражай-кітапхана, театр және цирк өнері, музыкалық және концерттік іс-шаралар бойынша аймақтық көркемдік кеңестер құруды көздейтінін атап өтті. Бұл кезегінде өңірлердегі мәдени ұйымдардың қызметін үйлестіріп, оның бірқатар проблемасын шешуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қоса оның сөзіне сүйенсек, заң жобасы сонымен бірге шығармашылық одақтарды қаржыландыруды реттейтін жаңа норма енгізуді көздейді.

«Шығармашылық одақтарды қолдау еліміздегі әлеуметтік саясатты жүзеге асырудағы қатынастардың жаңа моделін қалыптастырады. Шығармашылық бастамаларды қолдау қорларын құруға мүмкіндік туады. Заң жобасындағы Концерттік қызметті реттеу нормасы концерттік қызметті жүйелеу, орындаушылардың деңгейін және репертуардың сапасын арттыру, сондай-ақ фонограммаларды пайдалану жөніндегі мәселені реттеу мақсатын көздейді», - деді ол.

Алайда, оның айтуынша, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде бірқатар міндеттемелер енгізілгенімен заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қаралмағаны туралы мәселе жұмыс тобы барысында біраз талқыға түскен. Осы орайда заң жобасын әзірлеуші министрлік құқық қолдану практикасында аталған норманы бұзу бойынша нақты фактілер жүйелі түрде анықталған жағдайда, алдағы уақытта «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске әкімшілік жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу жөнінде бастама жасау мәселесін көтеретінін мәлімдеп, комитетке хат жолдаған.

«Заң жобасын қабылдау мәдениет, оның ішінде кітапхана және баспа ісі саласындағы қатынастарды, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру мәселелерін, мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері тәртібін сондай-ақ шығармашылық одақтармен өзара іс-қимылды тиімді реттеуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді ол сөзін.

Бұдан бөлек «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасына қатысты сенатор Нұртөре Жүсіп пікір білдірді. Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобасы өте өзекті. Себебі мәдениет – ұлттық құндылық қатарына жатады.

«Біздің ұлттық тәуелсіздігіміз Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақ мәдени кеңістігінде өмір сүруге жетелейді. Бұл не деген сөз? Түсінікті болу үшін мына бір нәрсені айта кетейін. Шекара сызығы не үшін сызылады? Бұл – елдің қорғаныс шекарасы ғана емес, мәдениет шекарасы деген сөз. Осы сызықтың ішінде мәдени кеңістік болады. Мәдени кеңістік аясында ұлттық құндылықтар қалыптасады. Біз Әл-Фарабидің, Абайдың және басқа тарихи тұлғалардың мерейтойларын тек той тойлау үшін өткізбейміз. Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған», - деді сенатор.

Оның пікірінше, қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс салтын, дәстүрін білу, құрметтеу, мойындау – мәдени кеңістіктің алғышарты. Осы тұрғыдан алғанда, қарауға ұсынылған Заң жобасында бірқатар жаңа нормалар бар.

«Фонограммамен ән айту шектеледі. Бұл таза таланттарға жол ашады. Заң жобасында тиісті нормалар қарастырылған. Мұны қолдаймын. Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталды. Сонымен іс бітті ме? Қазақтың 1000 әні, мен 1000 күйі эфирден неге естілмейді? Эфир – Қазақстан эфирі. Ондағы жиілікті мемлекет береді. Қазақстанда жұмыс істейтін түрлі радио арнасы эфирлік жиілікті конкурс арқылы алады. Ендеше неге біз Мемлекеттің Мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселесін талап ете алмаймыз? Радио таратушыларға неге міндеттей алмаймыз?», - деп сауал тастады.

Оның айтуынша, Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұруы тиіс. Сонда ғана елдегі Рухани жаңғыру ерекше сипатқа ие болады. Алдағы уақытта осы талапты ескеруді ұсынды.

Сонымен қоса ол қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару да маңызды мәселе екенін атап өтті.

«Осыған дейін совет кезінде өмір сүрген жазушылардың кітаптары әртүрлі сериямен жылда қайта басылып келді. Мұндай практикадан кету керек. Өмірге, қазіргі тіршілікке сұранысы жоғары кітаптарды басып шығару қажет. Қазақстандағы кітап басу ісін ашық нарыққа жіберу керек. Балалар әдебиетін қолдау мен дамытуға салалық министрлік баса мән бермесе болмайды», - деді Нұртөре Жүсіп.

Бұдан бөлек ол салалық көркемдік кеңестер жұмысын дұрыс ұйымдастырылу керегін еске салды. Оның пайымынша, көркемдік кеңеске білікті мамандар тартылуы қажет, сондай-ақ талғам мен талап күшті болуы керек.

«Күнделікті түрлі былық-шылықтың, жемқорлықтың, сыбайластықтың, әдепсіздіктің орын алуы мәдениеттің болмауынан. Мәдени деңгейімізді көтермейінше, көп нәрсені жоғалтамыз», -деді ол

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100