• Басты
  • Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтылық деңгейіне өтті – А.Цой
21 Шілде, 2020 12:32

Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтылық деңгейіне өтті – А.Цой

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы кезде елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтылық деңгейіне шыққанын мәлімдеді. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында министр мен әкімдер берген есептер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтылық деңгейіне өтті – А.Цой

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі А. Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин аймақтардағы медициналық жағдай туралы есеп берді.

 Аурудың таралу жағдайы тәулігіне 1500-1600 адамға тұрақтады, - деді Цой. Естеріңізде болса, өткен аптада тәулігіне 1800-ге дейін коронавирус дертін жұқтырған науқастар тіркелген.

Жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Провизорлық төсек-орынның бос болмауы 20%-ға (89%-дан 69%-ға дейін) және реанимациялық төсек-орынның бос болмауы 6%-ға (73%-дан 67%-ға дейін) азайды. COVID-тен сауығып кеткендердің саны 60%-ға өсті, жедел жәрдемді шақырулар саны 23%-ға төмендеді, - деп есеп берді Бас дәрігер.

Бұдан бөлек, амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2962 БМСК мобильді бригадасы құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалар саны 3500 дейін жеткізіледі. Емханалардағы Call-орталықтар саны 16%-ға артты.

Бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 4183 аппарат сатып алынады, 21 мыңнан астам төсек-орын оттегіге, 6237 орын оттегі концентраторларының есебінен қосылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Биылғы жылдың 1 тамызына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға дейін, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қарай тәулігіне 64 мыңға дейін жеткізіледі, - деді А.Цой.

Денсаулық сақтау министрінің жедел-жәрдем көліктері туралы айта келе, амбулаторлық көмек көрсету үшін ауылда 1493 мобильді бригада құрылып, жұмыс істейді, бұл қажеттіліктің 94%-ын жабатынын айтты. Ауылда 641 жедел медициналық жәрдем машинасы тартылған.

Cөйтіп, жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде бір тәуліктегі аурудың таралуы 4%-дан 2,1%-ға азайды. Дерттен айыққандардың саны өсіп, 60%-ды құрап отыр.

Дәрі-дәрмек мәселесіне келер болсақ, 2020 жылдың 22 шілдесінде республиканың барлық медициналық орындарына бір айлық дәрі-дәрмек түсіріледі. «СҚ Фармацияға» дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін белгілеу жүктелді.

Бас дәрігер республикалық бюджеттен тағы 42 миллиард теңге сұрады. Айтуынша, мұндай қаражат ПТР тесттері үшін қажет. 1 тамызға дейін тәулігіне 35,6 мың адам тест тапсыратындай жағдай жасалыпты. 1 қыркүйекке дейін министрлік және жергілікті атқарушы органдардың зертханаларын жабдықтауды ескере отырып, тәулігіне 64 мыңға дейін тест жасалады.

Әкімдер берген есепке сәйкес, аурудың ең төменгі өсімі тәулігіне Шымкентте байқалады. Мұнда – 1%, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында – 0,5% тіркеліп отыр. Өзге аймақтардағы эпидахуал жайлы толығырақ:

 Нұр-Сұлтан қаласы

Шектеу шаралары енгізілгеннен бері астанадағы жағдай тұрақталған.

«Қазір ауру жұқтырғандардың жалпы саны 8619 адам, 5511 науқас жазылып шықты. Өкінішке орай, 212 адам көз жұмды», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Күлгінов.

Сондай-ақ инфекциялық және уақытша стационарлар 3-тен 16-ға дейін өсті. Тағы 3911 төсек берілді. Резервте тағы 1000 орын бар. Әкім қалада 9 зертхананың жұмыс істеп тұрғандығын, бұған дейін 1 зертхананың болғанын еске салды. Коронавирусті анықтайтын тесттер тәулігіне 5000-ға жеткен.

«240 оттегі концентраттары мен 150 флоуметр сатып алынды. Шілденің соңына дейін тағы 500 арнайы төсек, 100 ӨЖЖ аппараттары, 264 оттегі концентраттары мен 2 компьютерлік томография алынады деп жоспарланып отыр, - деді әкім.

Сонымен қатар медколледжердегі 275 студент пен медуниверситеттің 300 студенті жұмысқа тартылды. 31 медициналық ұйым онлайн кеңес беру жұмыстарына жұмылдырылды.

Әкімнің айтуынша, шектеу шаралары енгізілгеннен бері жедел-жәрдем қызметіне хабарласушылар 4300-ден 2000-ға дейін азайған. 57%-ға дейін медициналық қызметкерлерге түсетін жүк азайған. Күніне 903 пневмония жағдайы тіркеледі, бұған дейін бұл көреткіш күніне 1300 болатын. 12 шілде күні Нұр-ұлтан қаласына Түркия, Ресей және Үндістан елдерінен 80 мың тонна медициналық препараттар әкелінді.

 Шымкент қаласы

 Шымкент қаласы бойынша 4553 коронавирус жағдайы тіркелді, өткен тәулікте 43 адамнан анықталды. Осы күнге дейін 31 науқас көз жұмған.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, аз уақыттың ішінде уақытша және инфекциялық ауруханаларда 3050 төсек орын ұйымдастырылды. Тағы 26 реанимациялық орындар берілген. Орындардың 3%-ы оттегі аппараттарымен қамтамасыз етілген. Аппараттарға қосылу жұмыстары тағы 3 ауруханада жүргізіліп жатыр.

«Шымкентте 58 бригада 15 мың науқасты үйден емдеп жатыр. Тез арада қабылданған шаралардың әсерінен ауру жұқтыру көрсеткіші 2142-ден 1643-ке дейін азайды, яғни 26,6 %. Қалада рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр. Қазірге дейін заңсыз саудамен айналысқан 50 саудагер ұсталды»,- деді М.Әйтенов.

Қала басшысының айтуынша, атқарылған жұмыстар қалада эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына өз әсерін тигізген.

«Жедел жәрдем көмегін шақыртулар саны күніне 2 142-ден 1 571 дейін, яғни 26,6%-ға азайды. Стационарларда ем алушылар саны 2678 науқастан 1834-ге дейін немесе 31,5%-ға төмендеді. Стационарлардағы төсек-орынның жүктемесі 90,3%-дан 47,5%-ға дейін кеміді», - деп нақтылады М. Әйтенов.

Қала қоймаларында бір айлық дәрінің қоры жасақталған. Сонымен қатар қалада 4 мониторингтік топ құрылып, 348 дәріханаға мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде 50 заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысқандар анықталып, 12 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары басталды. Ал карантин талаптарын сақтамағаны үшін 258 заң бұзушылық анықталып, талапты бұзғандар жауапкершілікке тартылды.

Бір жолғы рұқсатпен шетелдерден дәрі-дәрмек алып келуге қалада жұмыс істейтін 10 фармкомпанияға рұқсат берілген. 6 фармкомпания Үндістаннан, Ресейден, Украинадан, Өзбекстаннан 2,6 млн флакон аса қажетті дәрілер және 16,7 млн маска жеткізді.

  Қарағанды облысы

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жедел жағдай бойынша облыс стационарларында 2 520 науқас емделіп жатқанын айтты. Эпидемия басталғаннан бері науқастардың 62%-ы сауығып кеткен. Сырқаттанғандардың өсуі 2%-дан кем.

«Соңғы 2 аптадағы талдау жалпы эпидемиялық жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта пациенттерді тәуліктік шығару емдеуге жатқызудан жоғары. Төсек-орын жүктемесі 50%-ға дейін азайды. 2 апта бұрын бұл көрсеткіш 80% болған еді», — деді әкім.

Қарағандыда соңғы аптада вирустық инфекция және оның пневмония бойынша жедел жәрдем шақырулары 3 есеге қысқарды. Жоспарлы емдеуге жатқызуды кезең-кезеңмен қалпына келтіру бойынша жұмыс басталды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Даму-Мед мобильдік қосымшасы арқылы «Онлайн кеңес беру» жобасы іске қосылды, оны пайдаланушылардың жалпы саны - 400 мыңға жуық. Төсек-орын қоры 4486 төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Пандемияның алғашқы айларында қолда бар 120 ӨЖЖ аппаратына 47 ӨЖЖ аппараты, 160 оттегі концентраты, 416 пульсоксиметр сатып алынды. Қазір 90 ӨЖЖ аппараты сатып алынып, оның 10-ы осы аптада жеткізілетін болады.

Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 21 шілдеде облыста 2 753 КВИ ауыру оқиғасы тіркелгенін хабарлады. Бүгінгі күні 1 172 науқас (42,8%) ауруханадан емделіп шығарылды, 89 адам емін жалғастыруда. 18 адам көз жұмған. Өңірде 7 773 пневмониямен ауырғандар тіркелген, оның ішінде 4 987 емделуші сауығып кеткен. 21 шілдедегі жағдай бойынша тәуліктік және күндізгі стационарларда 2 786 пациент бар. 317 адам көз жұмған.

Облыста тәулігіне 600 ПТР тест өткізу мүмкіндігі бар 4 зертхана жұмыс істейді. Бүгінгі күні 130 мыңға жуық зертханалық және экспресс тест жүргізілді, нәтижесінде халықты тестпен қамту көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 12 606 тестіні құрады.

«Жалпы пандемия басталғаннан бері төсек-орындар саны 4 есеге жуық өсті. Бүгінгі таңда өңір бойынша бір мезгілде 3 988 адамды орналастыруға мүмкіндік бар, оның ішінде 337 инфекциялық, 2 636 провизорлық, 1 015 резервтік төсек-орын. Бүгінгі таңда 1 173 бос орын бар, төсек-орынмен жабдықталу 58% құрайды», — деді О. Оразалин.

Облыста компьютерлік томография жүргізу үшін 16 аппарат және 63 рентген аппараты бар, оның ішінде облыс көлемінде қолдануға мүмкіндігі бар 2 жылжымалы медициналық кешен бар. КТ және рентген аппараттарына қосымша қажеттілік жоқ. Бұдан басқа, 186 ӨЖЖ аппараты бар, оның ішінде 81 стационарлық және 105 портативті. Қосымша тағы 15 ӨЖЖ аппараты сатып алынды, жақын арада жеткізілуі күтілуде. Барлық провизорлық стационарлар оттегімен және Бобров аппараттарымен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, «Қазхром» ТҰК күшімен күн сайын өтеусіз негізде 500-ден астам баллон оттегімен толтырылады.

 Үкімет басшысы әкімдіктерге, денсаулық сақтау және индустрия министрліктеріне өңірлердегі ауруханаларды қажеттіліктеріне сай ӨЖЖ аппараттарымен тамыздың соңына дейін қамтамасыз етуді тапсырды.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар