• Басты
  • Елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлады – Бас санитар дәрігер

Елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлады – Бас санитар дәрігер

13 Қаңтар, 2021 17:25

Бүгін ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі эпидемиологиялық ахуал, вакцина туралы ресми ақпараттармен бөлісті. Қиясов айтқан мәлімдемелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Қиясов коронавирус індетіне байланысты маңызды мәлімдеме жасады. Біріншісі – Қазақстанда дәл қазір эпидемиологиялық ахуал нашар. Инфекция тара қаупі төмен жасыл аймақтан орташа қауіпті сары аймаққа ауысты.

 «Қазақстанда 13 қаңтардағы жағдай бойынша 164 477 науқастан COVID-19   және 46 499 пациенттен КВИ- анықталды. Науқастардың 87% сауығып шықты, оның ішінде 150 427 науқас КВИ+ және 34 118 науқас КВИ- шалдыққан. Мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды», - деді ол.

Бас санитар Қазақстан стационарларындағы төсек-орындардың есебі туралы айтты. Оның айтуынша, соңғы есеп бойынша 5 732 төсек-орында науқас бар.

«Реанимациялық төсек-орындарда - 357 адам. Қостанай және Ақмола облыстары қызыл аймақта. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан Павлодар, Атырау облыстары сары аймаққа енді. Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сары аймаққа көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта. Соңғы айда сырқаттанушылықтың Соңғы айда сырқаттанушылықтың Атырау облысында айтарлықтай өсуі байқалаған, мұнда 3,7 есеге (652-ден 2417 жағдайға дейін), Алматы облысында 1,8 есеге (878-ден 1552 жағдайға дейін), Қарағанды облысында (677-ден 1045 жағдайға дейін) және Алматы қаласында 1,5 есеге (1889-дан 2769 жағдайға дейін), Маңғыстау облысында 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкент қаласында 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін өскені байқалды», -деді ол.

13 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды.  Бүгінге дейін КВИ бойынша 5 млн-нан астам зерттеу жүргізілді, күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізуге дейін артты. Көбісі ауруды шетелге барып алып келеді.

Алғаш рет Ұлыбританияда анықталған мутацияланған вирус түрі бірнеше елде, оның ішінде Австралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланд, Ресей және басқа да елдерде анықталды. Аталған MERS-CoV-2 VI 2012/01 вирусы алдын ала деректер бойынша, вирустың басқа түрлеріне қарағанда халықтың жас топтары арасында белсенді таралуда. Бірақ оны зерделеу жалғасуда. Қиясов жаңа штаммдағы вирус Қазақстанда таралмағанын ескертті.

«Қазақстанда вирустың бұл типі анықталған жоқ. Білуімізше ол жастар арасында кең таралады. Вирустың ауа-тамшы арқылы берілу механизмін ескере отырып, оның елімізге тасымалдау қаупін жоққа шығаруға болмайды. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдары. Сондықтан, қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын. Жұмыс берушілер өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, кәсіпкерлік субъектілері белгіленген талаптарды орындауы керек. Бұл көп шығынды қажет етпейді және оларды орындау оңай», - деді бас санитарлық дәрігер.

Қиясов кеше басталған үшінші тоқсандағы оқу форматына қатысты түсінік берді. Айтуынша, III тоқсаннан бастап оқыту форматы өзгертілді, мектеп бітіруші сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аралас оқытуға, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері үшін оқу жылының екінші семестрінен бастап штаттық оқытуға рұқсат етілді.

«Бұл ретте бетперде тағу, дәлізде, кабинеттер арасында жүруге шектеу қою, санитайзерлерді пайдалану сияқты барлық сақтық шараларын сақтау қажет», - деді ол.

 Қиясовқа журналистер тарапынан мектеп асханаларының ашылуына қатысты сұрақ қойылды. Бас санитар дәрігер эпидахуалы жақсарған аймақтардағы мектеп асханалары ашылуы мүмкін екенін айтты.

«Мектеп асханасы бойынша мәселе қарастырылып жатыр. Эпидемиологиялық жағдайы қолайлы аймақтағы кейбір өңірлерде мектеп асханаларын ашу бойынша ұсыныстар түсті. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін мектеп асханаларын ашу алгоритмі ҚР Білім және ғылым министрлігімен біріге отырып, егжей-тегжейлі қаралады», - деп жауап берді Е. Қиясов .

Алда келе жатқан крещение мерекесін тойлауға қатысты сұраққа да Қиясов жауап берді. Оның сөзінше, шектеу шаралары күшеюі мүмкін.

«Әзірге жекелеген өңірлерде жергілікті санитарлық қызметтердің шешімімен шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Бірақ жалпы республика бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақты жерлерде бұл шараларға тыйым салынбаған», - деді Ерлан Қиясов.

 13 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 23 524 адам короновирус инфекциясынан (11 673 КВИ+ және 11 851 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 5 732 пациент стационарда, 17 792 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

 КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 267 адамның жағдайы ауыр;

• 58 пациенттің жағдайы өте ауыр;

• 42 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр. 


Барлық жаңалықтар