• Басты
  • «Елбасы бастамалары халықтың игілігіне қызмет етіп келеді»: сарапшылар пікірі

«Елбасы бастамалары халықтың игілігіне қызмет етіп келеді»: сарапшылар пікірі

26 Қараша, 2020 17:01

Бүгін елордада ҚР тұңғыш президенті күніне орай «ҚР тұңғыш президенті: жасампаздық пен қарқынды дамудың 30 жылы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Аталған жиынға қатысқан мемлекеттік органдардың басшылары, қазақстандық және халықаралық сарапшылар мен қоғам қайраткерлері тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін талқыға салды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, Қазақстанның әлем алдындағы беделі артып, әлем елдерінің Қазақстанды тануында елімізді 30 жылға жуық басқарған тұлғаның еңбегі зор екенін атап өтті.

«Тұңғыш президент күні - 30 жылдық тұрақтылық пен бейбітшіліктің бірегей кепіліне айналған айшықты күн. Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, егемендігімізді нығайтқан ҚР тұңғыш президентінің тарихи тұлғасы мен саяси қайраткерлігі қашанда зор құрметке ие. Сондықтан бұл мереке елбасына деген халықтың ілтипатының, ыстық ықыласының көрінісі. Қазақ деген ұлтты әлемге танытып, Қазақстан деген елді дүниенің төріне оздырған елбасының парасатты еңбегі және салиқалы саясаты. Бұл бір адамның емес, тұтас ұлттың, тәуелсіз жұрттың ортақ қуанышы деп сеніммен айта аламыз», - деді Аида Балаева.

Сонымен қатар белгілі қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы Марат Бәшімов те аталмыш жиынға қатысып, Назарбаев туралы пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, ҚР тұңғыш президентінің бастамаларының барлығы халықтың қажеттілігінен туындаған.

«Қазіргі президент Тоқаев Назарбаевтың саясатын жалғастырып, сабақтастықты сақтап келеді. Олардың бастамаларының бәрі халықтың игілігіне қызмет етіп келеді» - деді қоғам қайраткері.

Бұдан бөлек, ол түрлі халықаралық ұйымдар мен мекемелер Қазақстанның тәуелсіздігін Назарбаевпен байланыстыратынын атап өтті. Оның сөзіне сенсек, Астана декларациясына 20 жыл бойына ешкім қол қоймапты. Тек ҚР тұңғыш президенті беделінің арқасында шетелдік қауымдастықтар назар сала бастаған.

Сонымен қоса жиынға дипломат, қоғам қайраткері Төлеутай Сүлейменов те қатысып, осынау мереке қарсаңында тұңғыш президенттің жетістіктеріне тоқталып өтті. Оның пайымынша, Назарбаев алысты болжай алатын көреген саясаткер.

«Нұрсұлтан Назарбаев саяси тұрғыдан алғанда көреген көшбасшы. Ол жағдайды алдын ала болжай алатын қасиетімен елімізді дамыту үшін жаңа көзқарас қалыптастырып, соны жетілдіруге атсалысты. Ол жылдары басқан әр қадамыңды ойланып, елдің болашағымен байланыстыра отырып шешім қабылдау оңай болған жоқ. Жалпы тарих өзін жасаушыларын есінде көп сақтамайды. Ондай тұлғалар тек белгілі бір өзгеріс қажет болған кезде көпшілік арасынан шығады. Назарбаев та сондай тұлға», - деді ол.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет құру үшін үлкен жауапкершілікті мойнына алған, Қазақстан үшін осындай тұлға керек болған уақытта келіп, бүтін бір мемлекеттің көшбасшысына айналды.

Сондай-ақ, айта өтейік, дөңгелек үстелге Қазақстанда аккредитациядан өткен дипломатиялық корпустың өкілдері мен халықаралық сарапшылар да қатыспақ. Олардың қатарында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Анатолий Бородавкин, Скандинавия Академиялық ұтқырлық институтының ректоры Элина Ванхемпинг, Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Нигинахон Шермухамедова және тағы басқа сарапшылар қатысты.

Барлық жаңалықтар