«Ел үміті» жалпыұлттық бастамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар

10 Желтоқсан, 2020 16:13

2019 жылы елбасы қабілетті балалар мен жастарды анықтауға және қолдауға, экономиканың негізгі салаларының көшбасшыларын дамытуға бағытталған «Ел үміті» жобасы қолға алынды. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Әнуар Жанғозин мен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Көшбасшылықты дамыту орталығының басшысы Гүлмира Раисова аталмыш жоба туралы және іске асыру нәтижелері жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасарының айтуынша, пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, бастама шеңберінде 2020 жылы 350 мыңға жуық қатысушыны қамтыған негізгі жобалар жұмысын бастаған. Жобалармен жалпы қамту шамамен 1,5 миллион адамға жеткен, олардың қатарында оқушылар, студенттер, ата-аналар, педагогтар, жұмыс істейтін жастар бар.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасы

Спикердің мәліметінше, ауыл мектептерінде білім алып жатқан қабілетті оқушыларды анықтау, оларға қолдау көрсетіп, арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік лифтпен қамтамасыз ету мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өткізілген.

«Түрлі олимпиадаларды өткізу тәжірибесі ауыл балаларының оларға аз қатысатынын көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, ауыл оқушыларының шамамен 13-14%-ы облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысады, бұл олардың дайындық деңгейімен және олимпиадалар өтетін жерлерден шалғайлығымен байланысты. Осыған орай, биыл Нұрсұлтан Назарбаев қоры тек ауыл мектеп оқушыларын қамтыған «Мың бала» алғашқы ұлттық олимпиадасын өткізді», - деді ол.

Олимпиада аясында 4266 ауыл мектебінің 5 және 6-сыныптардың 295 мың оқушысы, 600 мың ата-ана мен педагог қамтылып, нәтижесінде 1000 жеңімпаз іріктелген. Бүгін финалистер мен жеңімпаздар дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде оқуын жалғастырып, Елбасы Академиясы жанындағы «Birge Oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтіп жатыр.

«Birge oqý» жобасы

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың салдарынан Нұрсұлтан Назарбаев қоры қашықтан оқытуды қолдау бойынша жұмысын күшейтті. Мұғалімдерге, балаларға және ата-аналарға әдістемелік қолдау көрсететін сапалы білім мен цифрлық оқытудың озық ресурстарына және қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін «Birge oqý» жобасы іске қосылды.

Директордың орынбасарының сөзінше, «Birge oqý» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді, атап айтқанда, білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы, педагогтар мен ата-аналарға арналған курстар, және үшінші бағыт ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобасының финалистері мен жеңімпаздарын сүйемелдеуге мақсатталған онлайн мектебі».

«Birge oqý» жобасы ел мектептерін қашықтан оқытуға көшіруде маңызды рөл атқарды. 10 мыңға жуық педагог жоба шеңберінде семинарлар мен тренингтерден өтіп жатса, келесі 3 мың педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері мен еліміздің мұғалімдері «Цифрлық ментор» авторлық курсында білімін жетілдіріп, сертификаттар алды», - деді ол.

«Ел мақтанышы» арнайы сыйлығы кімдерге беріледі

2019 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған оқушылар мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлеріне арналған «Ел мақтанышы» арнайы сыйлығын тағайындайды. Бұл ең алдымен оқушылар мен мұғалімдердің олимпиадалық қозғалысқа қатысуға деген ынтасын арттыруға бағытталған.

«Сыйақы мөлшері - 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін. 2019 жылы 20 жүлдегер мен 25 жаттықтырушыға берілді. 2020 жылдың нәтижесімен 11 жүлдегер мен 17 жаттықтырушыға табысталады (пандемияға байланысты олимпиадалардың бір шамасы тоқтатылды). Сыйақы лингвистика, география, химия, физика, биология, математика және информатика пәндері бойынша халықаралық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға беріледі», - деді ол.

Ересектер мен жұмыс істейтін жастарға арналған жобалар

Бұдан бөлек, жұмыс істеп жатқан жастар мен ересектерге бағытталған жобалар туралы «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Көшбасшылықты дамыту орталығының басшысы Гульмира Раисова айтып берді.

«2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Қазақстан үкіметімен бірлесіп салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бағдарлама шеңберінде мықты деген 200-ден астам қатысушы іріктеліп, олар 6 ай ішінде 11 салада: сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп (оның ішінде жаңа индустрия), су ресурстары, өңірлік даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау, медиа индустрия, геологиялық барлау салаларында 37 міндет бойынша жұмыс жүргізуде», - деді ол.

Оның сөзіне сенсек, қазір бағдарлама іске асырудың үшінші кезеңінде, қатысушылар өз бастамаларын Асқар Маминге таныстырып жатыр. Бүгінге дейін Мамин 30-дан астам салалық міндет бойынша бизнес-шешімдерді тыңдады. Дайындалған бастамалар бағдарлама қатысушыларымен бірлесіп егжей-тегжейлі пысықтау және іске асыруға дайындау үшін бейінді министрліктерге берілді. Қатысушылардың бастамаларын қорғау 2020 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін жалғаспақ.

 

Барлық жаңалықтар