• Басты
  • Экспортты қолдау және электронды сауданы дамыту шаралары

Экспортты қолдау және электронды сауданы дамыту шаралары

7 Қазан, 2021 17:29

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева экспортты қолдау жөніндегі жұмыстар туралы баян етті. Оның айтуынша, Alibaba арқылы еліміз Марокко, Израиль, Еуропа, АҚШ және араб елдері сияқты жаңа нарықтарды игерген.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуы

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева отандық тауарларға сыртқы нарыққа шығуға және онда орнығуға көмектесу мемлекеттің міндеті екенін атап өтті. Оның дерегінше, экспортты қолдау және дамыту мақсатында Қазақстанда 20-дан астам қаржылық және қаржылық емес шараларды қамтитын біртұтас экожүйе құрылған.

«Қаржылық емес шаралар бойынша негізгі оператор QazTradе компаниясы болып табылады. Біздің міндетіміз –өндірістердің экспортқа бағдарлануын қалыптастыруда да, сыртқы нарықтарға шығуда да оған қолдау көрсету», - деді Әсел Егембердиева.

Оның сөзінше, бүгінгі күні қазақстандық экспорттық тауарлардың номенклатурасы 5000-ға жуықтаған. Олар әлемнің 120 еліне жеткізіледі. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған өңделген тауарларды экспорттаушылардың 80%-ға жуығы шағын және орта кәсіпорындарға жатады. Сондай-ақ, ол экспорттық акселератор бағдарламасына қатысушылардың екінші жиынтығының практикалық жұмысы басталғанын атап өтті.

«Бағдарлама кешенді, тәжірибеге бағытталған, бизнесті толық сүйемелдеуді ұсынады: диагностика мен экспорттық стратегияны әзірлеуден бастап маркетингке, сатып алушыны іздеуге және келісімшарт жасасуға дейін», - деді Әсел Егембердиева.

Сондай-ақ, ол өткен жылы тамақ өнеркәсібінің 35 кәсіпорны Қытай нарығына шығуға дайын екендігін жеткізді. Мәселен, енді екі қазақстандық кәсіпорынның балмұздақ, қоюландырылған сүт, кілегей, ірімшік пен сүті Қытайда саудалануы мүмкін екендігін айтып өтті.Сондай-ақ, акселерацияға қатысушы - сүт өнімдері мен ДЕП рұқсат етілген импорттаушылардың тізіліміне енгізілген.

«Қазір біздің KazBeef, Кублей, Первомайские деликатесы сияқты ет өндірушілерді қатысушылар тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Біздің компаниялардың сынама өнімдерін жөнелтуге көмек көрсетілді», - деді ол.

Оның сөзінше, бағдарламаның екінші кезеңіне 100 кәсіпорын қатысуда. Бұл тамақ өнеркәсібі, жеңіл, химия, машина жасау өнеркәсібі компаниялары және қызмет көрсетушілер. Олардың барлығы Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Орталық Азия нарықтарына экспортқа шығарылады.

«Қатысушылар халықаралық скоринг моделі бойынша диагностикадан өтті, әрқайсысы үшін экспортқа шығу үшін егжей-тегжейлі жоспар дайындалуда. Бізде әлеуетті сатып алушылар базасы бар және біздің бағдарламаға қатысушыларымыз үшін тұтынушыларды табуға көмектесетін халықаралық серіктестер бар», - деді Әсел Егембердиева.

Шетелде әлеуетті сатып алушыларды іздеу

Әсел Егембердиева шетелде әлеуетті сатып алушыларды іздеуге жәрдемдесу QazTrade-нің маңызды функционалдарының бірі болып табылатынын жеткізді. Әсіресе ковидтік шектеулер жағдайында өзекті болған.

Оның айтуынша, соңғы бір жарым жыл ішінде бизнес жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан экспорттық ағындарды жаңа өткізу нарықтарына қайта бағдарлай алған. Мәселен, мұздатылған ет экспорты Қытай мен Орталық Азия нарықтарынан Таяу Шығыс елдеріне жөнелтілген. Атап айтқанда, Оптоград компаниясы БАӘ-ге экспортын 500 мың долларға арттырған. KazIrAgro мақсары майын өндіретін Қытай нарығын уақытша катарлық және американдық нарыққа ауыстырған.

«Мамыр айында «QazTrade» компаниясы Орталық Азиядағы бизнес серіктестерді іздеу үшін ең ірі жаһандық платформа - Opportunity Network компаниясымен келісім жасасқан алғашқы компания болды», - деді ол.

Оның атуынша, QazTrade қолданушылары 140 елдегі компаниялардың 45 000 иеленушілері мен топ-менеджерлерімен тікелей байланыса алады.

Консультациялық-талдамалық қолдау

Кәсіпкерлермен тұрақты байланыс «export.gov» telegram тобы арқылы жүзеге асырылады. Бизнес талап ететін барлық ақпарат бірыңғай export.gov.kz порталында және компанияның сайтында жарияланады.

«Жыл басынан бері компания сарапшылары шет елдердің нарықтарына жиырмадан астам шолу, дайджест және бюллетендер дайындады, сауда үшін мүмкіндіктерді анықтау және тәуекелдерді анықтау үшін 60-тан астам талдау жұмыстарын жүргізді», - деді Әсел Егембердиева.

Сондай-ақ, QazTrade 30-дан астам кәсіпорынға экспорттық қызметті жүргізуді жақсарту бойынша ұсынымдар берген. Сондай-ақ, тағы 23 кәсіпорын ЕО, ҚХР, Швейцария, Түркия, ЕАЭО нарықтарына шығу бойынша консультациялар алған.

«Біз 15 өңірлік экспорттық кеңес өткіздік, олар бизнеске экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы түсіндіру, кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін анықтаудағы тиімді алаң болды», - деді ол.

Ол алдағы уақытта Алматы облысының өңірлік экспорттық стратегиясына қатысты ұсыныстарымызды таныстыратынын жеткізді. Сондай-ақ, қазіргі таңда экспортты қолдаудағы жетекші рөл орталық мемлекеттік органдар мен даму институттарына тиесілі екендігін айтып өтті.

«Біздің ойымызша, фокус өңірлерге ауысуы керек. ЖАО-ны тарту елдің шикізаттық емес экспортын неғұрлым тиімді дамытуға ықпал ететін болады. Алматы облысы - өңірдің экспорттық стратегиясын әзірлеуге арналған пилоттық жоба, кейіннен оның тәжірибесі барлық қалған облыстарға берілетін болады», - деді Әсел Егембердиева.

Электрондық сауданы дамыту

Әсел Егембердиеваның айтуынша, QazTrade қызметінің маңызды бағыты электрондық сауданы дамыту болып табылады. Осы орайда, екі жыл бойы компания қазақстандық экспорттаушыларды Alibaba маркетплейсіне «алтын аккаунтпен» шығару бойынша көмек көрсетіп келеді.

«Қазіргі уақытта алаңда 100 компания сауда жасайды олардың 50-і алаңға айдың басында шықты. Екі кезеңді іске асыру қорытындысы бойынша 62,5 млн. АҚШ доллар сомасына келісімшарт жасалды», - деді ол.

Сондай-ақ, ол алаң арқылы жаңа өткізу нарықтары игерілген. Мәселен, Марокко, Израиль, Еуропа, АҚШ, Араб елдері және т. б. елдерде экспорттың жаңа тауарлары пайда болған.Компания бірқатар басқа халықаралық маркетплейстерге шығу үшін талдамалық шолулар мен қадамдық нұсқаулықтарды әзірлеген.

Оның сөзінше, биылдан бастап QazTrade құзыретіне экспорттаушыларға экспорттық шығындардың бір бөлігін өтеу жұмысы кіреді. Қазіргі уақытта 132 компаниядан 4 718,5 миллион теңгеге 248 өтінім қаралған.Сондай-ақ, өтінімдердің негізгі бөлігі тауарларды жеткізу және жылжыту шығындарымен байланысты болғанын атап өтті.

«Шығындардың бір бөлігін өтеу түрінде көрсетілген қолдау нәтижесінде 2023 жылға қарай 104 компания экспорт көлемін 76 млрд.теңгеге, ал салық аударымдарын 6 млрд. теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. 890 жаңа жұмыс орны құрылады», - деп қорытындылады «QazTrade» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары.

Барлық жаңалықтар