• Басты
  • Экономист: Ел экономикасының қайта қалпына келуі үшін шамамен 3-5 жыл керек

Экономист: Ел экономикасының қайта қалпына келуі үшін шамамен 3-5 жыл керек

21 Қаңтар, 2021 16:55

Бүгінде жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы әлемде де, Қазақстанда да әртүрлі салалардың дамуына зардабын тигізді. Оның ішінде қатты зардап шеккен салалардың бірі – экономика. Осы орайда, отандық экономиканың жағдайы, ел экономикасын қайта қалпына келтіру үшін қандай шараларды қолға алу қажет, сонымен бірге,  мұнай бағасының қазақстандық экономикаға әсері жөнінде Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының жетекшісі Жанар Тайжановамен сұхбаттасуды жөн санадық. 

Короновирус пандемиясы Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

Жалпы еліміздегі экономикалық жағдай экономикалық өсім, нақтырақ айтсақ ішкі өнім деген көрсеткішпен өлшенеді. Қазақстандағы жалпы ішкі өнім тәуелсіздік алғалы нөлден төмен болып көрген емес. 2008 жылы бүкіл әлемде орын алған экономикалық дағдарыс кезінде де біздің мемлекеттегі жалпы ішкі өнім бар болғаны 1,2 %-ға дейін ғана төмендеген. Ал, 2020 жылы алғаш рет елімізде бұл көрсеткіш нөлден төмен болып қалды. Экономикамыз тіпті минусқа кетіп, 2%-дан төмен деген көрсеткіш көрсетіп отыр. Сондықтан пандемияның экономикаға ықпалы қандай дегенге тоқталсақ, салалардың қайсысы көбірек зардап тартқандығын атап өткен жөн болар. Олардың ішінде бірінші кезекте фитнес индустрия, әуе тасымалы және мейрамханаларды атап өтуге болады.

Әрине, басқа салаларға да оңай болған жоқ. Бірақ осы қиындықтардан пандемияға дейін де интернет арқылы қызмет көрсетіп, цифрландыру жағынан дамыған компаниялар азырақ зардап шекті десек болады. Сонымен қатар, пандемия нарықта нақты кім қалу керек, қандай бағытта нақты даму керек немесе бизнесті қалай өзгерту керек, кейбір компаниялардың жабылуы әрі қарай жұмысын жалғастырып жатқандардың дамуына серпін берді десек, артық айтқандық емес. Пандемияның кесірінен көптеген алдын-ала жоспарланып қойған инвестициялық жобалар жүзеге аспай қалды. Тағы бір салдарына еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің өсуі жатады.

Бірінші кезекте менің ойымша, жастар және квалификациясы төмен мамандар жұмыстан айрылып қалды. Тікелей бюджеттен қаржыланбайтын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қиналып қалды. Тағы бір әсері мемлекет тарапынан қолдау бюджетке біраз шығын әкелді. Ол да алдын-ала жоспарланбаған болатын. Сондықтан бұрын бюджеттен қарастырылмаған басқа салаларды дамытуға, инфақұрылымды дамытуға арналған қаражат осы мемлекетік қолдауға кетті. Сол себепті атап өткен басқа салалар қаржыландырылмай қалды. Ал, олар төлейтін салық бюджетке түскен жоқ. Демек, келесі жылғы табыс азайды десек болады.

Жанар Әлімжанқызы, карантин салдарынан бюджетке салықтан түсетін кіріс қаншалықты төмендеді?

Үкімет отырысында қаржы министрінің берген ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылдың он бір айында, яғни қаңтардан қараша аралығындағы есепте мемлекеттік бюджетке сегіз триллион теңге түскен. Бұл жоспардың 104,7 %- ының орындалғанын көрсетеді екен. Соның ішінде шамамен бес триллион теңге республикалық бюджетке түскен қаражат. Ал үшке жуық триллион теңге жергілікті бюджеттердегі ақша. Жалпы, 74 миллиард теңге деп Қаржы министрі артығымен орындалған нәтижені көрсеткен. Бірақ, негізі біз мынаны айта кетуіміз керек, жалпы бюджет жылына 2 рет қайта қарастырылады. Нақты салыққа келер болсақ, сол отырыста берілген ақпаратқа сәйкес, салық жағынан 65 миллиард теңге кем түскен екен. Соның ішінде ең бірінші кезекте қосымша құн салығы тұр. Оны да түсіндіре кетуге болады, өйткені пандемия кезінде көптеген кәсіпкерлер салықтан босатылғанын, сонымен бірге жалпы табыс көзі азайғаннан кейін салықтың да төмендеуі түсінікті жағдай. Сонымен қоса, жалпы кірістердің азаюы да орынды, мемлекеттік бюджетке мемлекет тарапынан қолдау ретінде кәсіпкерлерге бірқатар көмек көрсетілді. Кейбір салықтардан босатылды. Салық төлемдерінен тек босату ғана емес, кейінге қалдыру деген сияқты салықтық жеңілдіктер берілді.

Мұнай бағасының құлдырауы мемлекеттік бюджет пен отандық бизнеске қалай әсер етті?

ОПЕК елдерінің қол қойған келісімі бар. Сол құжатқа сәйкес, Қазақстан алдағы екі жыл ішінде мұнайдың экспорт деңгейін азайтуға мәжбүр. Демек, бюджетке мұнайдан түсетін қаражаттың азаюына өз кезегінде ол бизнесті қолдау мүмкіндіктерін азайтуға әкеледі. Оған қоса, сіз айтып отырған короновирус, жаһандық экономика дағдарысы бар және Сауд Арабия мен Ресей арасындағы баға соғысының әсерінен Қазақстанның мұнаймен байланысты бюджетке түсетін төлемдері де азаятыны сөзсіз. Соңғы жылдары мемлекеттік бюджет мұнайға қатысты экспорттык-кеден баж салығына төлем алып тұрады. Ол жылына шамамен 1 триллион теңгені құрайды. Ал, егер мұнайдың бағасы төмендейтін болса, әрине, бұл төлем азаяды. Шамамен есептейтін болсақ, 3 есе азаюы мүмкін. Тіпті, егер мұнайдың бағасы 1 баррельге 25 доллардан төмен келетін болса, тіпті баж салығынан да айырылып қалуымыз мүмкін. Әрине, біз қазақстандық бюджет мұнайды сату бағасына өте тәуелді екенін түсінеміз. 2016 жылы орын алған девальвация кезінде және мұнайдың бағасы төмендегенде Ұлттық қорға түскен қаражат 12 есе азайғанын көрдік. Сондықтан, осындай қауіп бар. Енді мынау энергетика министрлігі кезінде 2020 жылы Қазақстанда 90 миллион тонна мұнай өндіріледі деп жоспарлаған болатын. Ал, нақты нәтиже қазіргі таңда 85 миллион тоннаны құрап отыр. Демек, 5 миллион тоннаға кем. Бұдан да түсетін қаражаттың азаятындығын көруге болады. Жалпы мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға мұнай экспорттаушы ел ретінде отандық бизнеске теріс әсерін тигізетінін айта кетуім керек.

Сіздің ойыңызша, пандемиядан кейін еліміздің эконмикасы қанша жылда қалпына келеді?

Өте қызық сұрақ. Осындай сауалға әртүрлі сарапшылар жауап берген екен. Мысалы, Дүниежүзілік банктің экономистері кем дегенде 5 жыл керек деп отыр. Сонымен қатар, осындай сұрақты кәсіпкерлердің арасында да қойылған екен. Біздің отандық кәсіпкерлердің жартысы бір жылдан астам уақыт керек деп ойлайды екен. 36%-ы үш-төрт айда тез қалпына келеді деген пікірді ұстанса, 14%-ы бір-екі тоқсан немесе жарты жыл уақыттың ішінде эконимика қалпына келеді деп есептейді. Менің ойымша, қысқа мерзімде қалпына келуі өте қиынға соғады, шамамен 3-5 жылдай қажет. Өйткені келтірілген зиян аз емес және жалпы әлемдік экономикаға короновирустың таралуы сарапшылардың есептеуі бойынша 2021 жылдың аяғына дейін 7 триллион доллар шығынды құрайды екен. Бірақ бір жыл, үш жыл, бес жыл дегенмен, бұл мәселе Қазақстан үкіметінің нақты істеріне, атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне, мемлекеттік органдардың қоғаммен, бизнеспен өзара байланысының болуына, жалпы жұмыстарының сапасына тікелей байланысты деп ойлаймын. Бізде арнайы қабылданған жоспар бар. Сол іс жүзінде қалай іске асырылады, ол жердегі іс шаралар қаншалықты сапалы түрде, қаншалықта тез уақытта жүзеге асырылады, бәрі соған байланысты.

Экономиканы қалпына келтіру кезінде Қазақстан үкіметі қандай реформаларды қабылдауы керек?

Реформаларға келетін болсақ, бізде қабылданған 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар бар. Сол жерде көрсетілген нақты 7 реформа бар. Олар: адами капиталға, цифрландыру, бәсекелестік немесе бәсекеге қаблетті бизнес ортаны құру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, өңірлерді күшейту, қоғамның санасын жаңғырту және мемлекеттік секторды өзгерту. Осы бекітілген реформалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетін болса, экономиканы қайта қалпына келтіруге болады.

Ең бастысы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат ашық жане айқын жургізiлсе болганы. Бүгiнгi таңда елдегi айтарлықтай кедергі осы, менiң ойымша. Қуантатыны, республика бойынша кең тараған «Адалдық алаңы» жобасы парасаттылықты толыққанды дамытудың қозғаушы күшіне айналып келедi.

Жоба қоғам өкілдерінің тікелей қатысуымен бiрiншi кезекте тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсету кезінде қолайлы жағдайлар жасау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық бақылау құралдарын тиімді іске асыру мiндеттерiн колга алып отыр.

Өткен жылға оралсақ, 2020 жылы ел экономикасында несімен есте қалды? Қандай оң өзгерістер орын алды?

Әрине, бүкіл әлемді жайлағана пандемияның теріс әсері көп, десек те 2020 жылы елімізде бірқатар оң өзгеріс болғанын де атап өту керек. Өйткені, кез келген сынақ адамзат үшін сабақ. Біріншіден, менің ойымша пандемия бизнес үшін де, мемлекеттік органдар үшін де цифрландырудың драйверіне айналды десек болады. Әрине, біз толық дайын емес екенімізді көрсеттік. Осыған дейін болған қателіктер мен жетіспеушіліктерді айқын көрсетіп, әрі қарай тез әрі қарқынды дамытуды қолға алуға әсерін тигізді. Екіншіден, бизнесте де, мемлекеттік секторда да әкімшілік шығындарды үнемдеуді үйретті. Мысалы, іс-сапарға көп шығын кететін, неше түрлі жиындарға, үлкен іс-шараларға, консультативті кеңес, маркетинг шығындары, соншалықты керек емес артық шығындарды азайтуға септігін тигізді. Сонымен қоса, біраз компания, соның ішінде кәсіпкерлер штаттарын азайтып, жалақыны төмендетуге мәжбүр болды. Олардың ішінде әуе компаниялары, қаржы секторы, квазимемлекеттік компаниялар бар. Бұл үкімет пен әкімшіліктердің бюджеттегі ақшаны оңды-солды шаша бермей, артық бос шығындарды болдырмауға үйретті деп ойлаймын. Яғни, бюджеттік қаражатты тиімді әрі нақты қажет салаларға дұрыс пайдалануға жол көрсетті. Тағы бір оң әсері, халықтың арасында қарапайым адамдардың уақыттарын тиімді пайдалану арқылы білімін жетілдіруге, интернет арқылы көптеген пайдалы онлайн ақпарат алуға мүмкіндік туғызды. Экономикада жаңа салалардың пайда болып, дамуын да атап өтуге болады. Олардың ішінде телемедицина, финтех индустрия, киберқауіпсіздік деген секілді жаңа бағыттар пайда болды.

Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар