• Басты
  • Экономиканы дамыту: Ұлттық қордан бөлінетін қаржы қайда жұмсалмақ/Экспорт пен импорт болжамы
25 Тамыз, 2020 11:03

Экономиканы дамыту: Ұлттық қордан бөлінетін қаржы қайда жұмсалмақ/Экспорт пен импорт болжамы

Кезекті үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР 2021–2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021–2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» жөнінде баяндады. Оның сөзінше, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталып отыр, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Экономиканы дамыту: Ұлттық қордан бөлінетін қаржы қайда жұмсалмақ/Экспорт пен импорт болжамы

Министрдің айтуынша, елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу үшін бірқатар факторды ескерілген.

- 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректер. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілдедегі экономиканың даму қорытындылары

- Әлемдік экономиканың өсуі бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары. Коронавирус пандемиясы аясында ағымдағы жылы әлемдік экономика 4,9%-ға төмендеп, 2021 жылы 5,4%-ға дейін өседі деп болжануда

- Әлемдік тауар нарықтарындағы үрдістер. Халықаралық қаржы ұйымдарының 2021-2022 жылдарға арналған мұнай бағасына консенсус-болжамы бір барреліне тиісінше 45 және 55 долларын құрайды.

Қазақстан экономикасының дамуын халықаралық рейтингтік агенттіктер жақсы бағалауда. Мәселен, оның сөзіне сүйенсек, Moody's және FitchRatings рейтингтік агенттіктері Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел екенін мойындады.

Олардың ішінде, биылғы 21 тамызында FitchRatings агенттігі «тұрақты» болжамымен «BBB» деңгейінде рейтингті растады. FitchRatings пікірінше, Қазақстанның рейтингі экономиканың фискалдық тұрақтылығын, экономиканы қолдаудың тиімді шараларын және ақша-несие саясатын сәтті жүргізгенін көрсетеді.

Руслан Дәленовтың сөзінше, сыртқы және ішкі жағдайларды ескере отырып, Қазақстан экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған 3 ықтимал сценарийі әзірленген.

«Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Базалық сценарийде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6%-ға жетеді. Номиналды жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 трлн теңгені, ал 2025 жылы – 104,8 трлн теңгені құрайды. 2021 жылы мұнай өндіру 86,0 млн тоннадан 2025 жылы 100,7 млн тоннаға дейін өседі. Барлық базалық салаларда өсу күтілуде», - деді министр.

Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібі жылына орта есеппен 6,7%-ға өсіп, кен өндіру өнеркәсібіне қарағанда озық қарқынмен артуда. Кен өндіру өнеркәсібіне өсім 2,9% деңгейінде болады. Орташа жылдық өсу қарқыны ауыл шаруашылығында - 6,2%, саудада - 5,5% құрайды.

Тауарлар экспорты 2021 жылы 41,4 млрд долларды құрап, 2025 жылы 51,5 млрд долларға дейін артады деп болжанып отыр. Импорт 2021 жылғы 36,3 млрд доллардан 2025 жылы 37,8 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде.

 

Әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары

«Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді мақсаттарын ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары:

- Ынталандырушы макроэкономикалық саясат және қаржы нарығының дамуы

- Салаларының бәсекеге қабілеттілігі және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуі

- Инвестициялық және бизнес ахуалды одан әрі жақсарту

- Сапалы адами капитал

- Теңгерімді өңірлік даму

- Тиімді мемлекеттік сектор;

- Белсенді сауда саясаты және экспортты ілгерілету


2021-2023 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде бірқатар параметр ескерілмек:

- Жалпы ішкі өнімнің 2021 жылы 2,8%, 2022 жылы 3,7% және 2023 жылы 4,6%-тік нақты өсуі

- 2021-2022 жылдары инфляция 4-6%, 2023 жылы 4-5%

- Мұнай өндіру көлемінің 2021 жылы 86 млн тонна, 2022 жылы 89,6 млн тонна және 2023 жылы 100,8 млн тонна деңгейінде болуы.

- Консервативті тәсілді ескере отырып, 2021-2023 жылдары мұнай бағасының бір барреліне 35 доллар деңгейінде алынды


Жоғарыдағы макроэкономикалық көрсеткіштер негізіндегі бюджет параметрлері

Республикалық бюджеттің кірістері құрайды:

-        2021 жылы - 6 926 млрд теңге

-        2022 жылы – 8 566 млрд теңге

-        2023 жылы – 9 217 млрд теңге

Сонымен қоса министр Маминнің қарауына Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы және 2021 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы жарлық жобасын ұсынды.

Кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы – 2,2 трлн теңге мөлшерінде айқындау ұсынылады.

Тиісінше, даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайту үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады.

Осылайша, болжам бойынша түсімдер 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы – 12 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджеттің шығыстары болжануда:

-        2021 жылы - 14 трлн теңге

-        2022-2023 жылдары – 13,9 трлн теңге

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100