• Басты
  • Екінші жартыжылдықта оң көрсеткіштер болады деп сенейік – сарапшы
10 Шілде, 2020 18:19

Екінші жартыжылдықта оң көрсеткіштер болады деп сенейік – сарапшы

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Алматы қаласындағы Өкілдігінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Әсел Әбен Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың нәтижелеріне қатысты шешімдері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Екінші жартыжылдықта оң көрсеткіштер болады деп сенейік – сарапшы
Коронавирус індетінің салдарынан орын алып жатқан дағдарыс жағдайында Үкіметтің жыл басында қойған мақсаттары орындалмай жатыр. Әр түрлі халықаралық ұйымдардың болжамдарына сүйенсек, 2020 жылдың қорытындылары бойынша ҚР жалпы ішкі өнімнің төмендеуі 1,6-3 % шегінде ауытқиды. Жақын болашақта әлеуметтік қашықтық ұстау шаралары күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуын ескерсек, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру ұзақ уақытты алатыны сөзсіз. Осылайша, жыл басынан бері экономикалық өсімнің 1,8%-ке төмендеуі байқалады, әсіресе қызмет көрсету секторында 5,6 %-ке күрт төмендуі орын алуда. Дағдарысқа дейінгі деңгейге – қолайлы жағдай болса, яғни вирус күзде жаңадан өршімесе негізгі шикізатқа тұрақты бағалар орнаса, 2021 жылдың аяғында немесе 2022 жылдың басында қол жеткізуге болады, - деді сарапшы.

Әсел Әбен қажетті дәрі-дәрмекпен және жабдықтармен қамтамасыз ету, төсек-орын санын көбейту, медициналық кадрларды толықтыру үшін қосымша ресурстар қалыптастыруға 150 миллиард теңге бөлінгенін еске салды.

Экономиканы қолдау тұрғысында салықтық преференциялар мен жергілікті деңгейде қолдауды есептемегенде жиынтық пакеті шамамен 5,9 трлн теңге құрайтын дағдарысқа қарсы шаралар кешені де жүзеге асырылуда. Дағдарысқа қарсы белсенді шаралар қатарында - «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру, халыққа кірістерін жоғалту бойынша төлемдерін, экономиканың зардап шеккен салаларындағы шағын және ірі бизнестің шығындарын өтеу, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қарыздарға кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, әлеуметтік төлемдерді қосымша индекстеу жеңілдіктері бар. Сондай-ақ мамыр айында Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарын бекітті. Кешенді жоспардың негізгі шараларының арасында салықтық жеңілдіктер, несие көлемін кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, ішкі өндірісті қолдау, жұмыспен қамту және басқаларын айтуға болады. Кешенді жоспар корона дағдарысы кезінде ең көп зардап шеккен салаларды (туризм, логистика, азаматтық авиация, ШОБ секторы және т.б.) қамтиды, сондай-ақ өсімнің негізгі қозғаушы күші болуы мүмкін салаларды (өңдеу өнеркәсібі, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіптік кешендер) қолдауға бағытталған. Оған қоса, маусымда бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Онда мемлекеттік сатып алу, қазақстандық қамту, ауылшаруашылық техникасының лизингі және экспортқа тауарларды жылжыту секілді бизнестің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған 43 шара қамтылған, - деді сарапшы.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы дағдарыспен күреске қаржының бар екенін, қажетті заңнамалық шешімдердің қабылданғанын және ең алдымен дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету керек екенін атап көрсетті. Бұл ретте, Президент бөлінген қаражатты тиімді пайдалану қажеттілігіне назар аударды және Үкіметке Есеп комитетімен бірлесіп а.ж. 15 қазанға дейін дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты игерудің тиімділігіне бағалау жүргізуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығына аса көңіл бөлді. Карантин мен мұнай бағасының құлдырауы мемлекеттік бюджет кірістерінің қатты қысқаруына алып келді, оның шығындары 1,7 трлн. теңгені құрады. Осыған орай 2021 жылғы бюджеттік шығындарды оңтайландыру бойынша жұмыстар басталды. Шығыс бөлігі 1,6 трл. теңгеге қысқарады деп жоспарлануда. Сонымен бірге 2021 жылдан бастап Ұлттық қордан трансферттер мақсатты сипатта ғана болуы тиіс және тек әлеуметтік мәселелерді шешуге және инфрақұрылымдық дамуға бағытталуы қажет. Ағымдағы жылы дағдарыстың салдарынан Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер 4,7 трлн. теңгеге дейін арттырылды. Сондай-ақ Президент екінші жартыжылдықта шешілуі тиіс бірқатар маңызды проблемаларды атап көрсетті. Жылды оң көрсеткіштермен аяқтай аламыз деп үміттенеміз, - деді Ә.Әбен.

 

Барлық жаңалықтар