• Басты
  • Екібастұз қаласының дамуы: инвестициялық жобалар, тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері

Екібастұз қаласының дамуы: инвестициялық жобалар, тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері

21 Қыркүйек, 2021 10:03

ҚР үкімет отырысына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Бейбіт Атамқұлов Павлодар облысы Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейін кешенді жоспары туралы айтты. Оның мәліметінше, жоспарды іске асыратын инвестициялардың жалпы сомасы 932,8 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қаланың негізгі мәселелеріне тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Инвестициялық жобаларды іске асыру

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Бейбіт Атамқұлов Павлодар облысы Екібастұз қаласының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік - экономикалық дамуының кешенді жоспары инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй, инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экологиялық мәселелерді жақсартуды көздейтін 114 іс-шарадан тұратынын атап өтті.

Оның мәліметінше, жоспарды іске асыратын инвестициялардың жалпы сомасы 932,8 млрд. теңгені құрайды.

«Оның ішінде РБ – 64,7 млрд. теңге, ЖБ – 33,5 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 834,6 млрд. теңге»,- деді Бейбіт Атамқұлов.
Сондай-ақ, ол жалпы сомасы 822,3 млрд теңгеге қаланың экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 35 іс-шараны іске асыру жоспарда екенін жеткізді. Оның айтуынша, өнеркәсіпте 400 гектарға индустриялық аймақ құру, ферроқорытпалар, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған бұйымдар бойынша зауыттар салу көзделген. Бұдан бөлек, көмір өндірудің автоконвейерлік технологиясына көшу жоспарлануда.

Жылыжайлар аумағы

Министр агроөнеркәсіптік кешенде жылыжайлар аумағы 30 гектардан 60 гектарға дейін кеңейтілетінін атап өтіп, нан-тоқаш және макарон өнімдері, қымыз, 2 бордақылау алаңы өндірісі бойынша кешендер салынатынын жеткізді. Сондай-ақ суармалы жерлер 10 мың гектарға ұлғаяды.

Оның мәліметінше, энергетика саласында жалпы қуаты 1136 МВТ болатын 2 энергоблок салынады. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру көзделген. Сонымен қатар, «Business Ertis» өңірлік жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

Инфрақұрылымды дамыту

«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 84,9 млрд. теңгеге тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 37 іс-шара іске асырылатын болады»,- деді министр.

Оның сөзінше, қалада 50 км магистралдық және квартал іші жылу желілері салынады екен. Сондай-ақ, кейбірі қайта жаңартылатынын атап өтті.

Министрдің мәліметінше, кешенді жоспар аясында 200 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін 370 учаске бөлу жоспарланған.

«Қалада 104,7 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 32,5 км су құбыры желілері және 2 тазарту сорғы станциялары салынады және кейбірі қайта жаңартылатын болады»,- деді ол.

Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері

Минитрдің айтуынша, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманауи инфрақұрылым құру көзделген. Осы тұста, денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық база нығайтылатынын атап өтті.

«350 орындық балалар шығармашылығы орталығын салу, 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу, 320 орындық балабақшаны қайта жаңарту көзделіп отыр»,- деді министр

Мәдениет және спорт саласы

Сонымен қатар, ол мәдениет және спорт саласын дамытуға «Исабек Ишан Хазрет» мұражайы, 2 мәдениет үйі, мұз аренасы, 20 стрит-воркаут және 10 стритбол алаңдары салынатынын жеткізді Сондай-ақ, 2 өрт сөндіру депосы салынады және екеуі жөндеуден өтеді.

Экологияны жақсарту

Министрдің айтуынша, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында кешенді жоспар жобасы атмосфералық ауаға шығарындыларды азайту жөніндегі кәсіпорындарды жаңғыртуды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, қоқыс тастайтын жерлерді жою және тағы басқада іс-шараларды көздейтін болады.

«2025 жылға қарай кешенді жоспарды жүзеге асыру өнеркәсіп көлемінің 22%-ға артуын, шағын және орта бизнестің шығару өнімі 38,2%-ға өсуін қамтамасыз етеді»,- деді Атамқұлов.

Тұрғын үй құрылысы

Министрдің мәліметінше, капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай бес есеге өседі. Соның ішінде,16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

«Кешенді жоспарды іске асыру қала экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуды және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді»,- деді министр.

Сондай-ақ, ол Павлодар облысы Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы шеңберінде министрлік 41,6 млрд теңге сомасында тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 13 іс-шараға жауапты орындаушы Екібастұз қаласында 2025 жылға дейін жалпы ауданы 199,4 мың шаршы метр немесе 2,8 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен тұрғындарды 67,5 мың шаршы метр немесе 748 жалға берілетін және кредиттік пәтермен қамтамасыз ету көзделген.

Министрдің дерегінше, жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 3 млрд. теңге бөлу жоспарланған.

«370 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. 1200 уақытша жұмыс орны ашылады»,- деді ол.

Сумен жабдықтау

Министрдің мәліметінше, Екібастұз қаласы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі - 94%-ды құрайды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында қала халқы 100% сапалы су қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

«2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобаларды іске асыруға 23,7 млрд. теңге қаражат қажет. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 19,3 млрд. теңге бөлінеді»,- деді Атамқұлов.

Оның мәліметінше, бөлінген қаражат есебінен 104,7 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және жаңғырту жоспарланған.Сондай-ақ, 481 жұмыс орны құрылатынын жеткізді.

 Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Екібастұз қаласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы туралы баяндап берді.

«Екібастұз – еліміздің ең ірі үш моноқалалардың бірі. Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің өсуіне қарамастан, қаланың отын-энергетика кешеніне тәуелді болуы әлі де жоғары»,- деді Әбілқайыр Сқақов.

Оның мәліметінше, Екібастұз экономикасының 65%-ы және жұмыс істейтін халықтың жартысы осы салада шоғырланған. Сонымен қатар, қаланың негізгі проблемаларына тоқталып өтті. Атап айтқанда,

экологиялық мәселе;

ескірген әлеуметтік инфрақұрылым;

тозған инженерлік желілер;

қаладан миграция және тағы басқалары.

Осы аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды сараптамалық және қоғамдық талқылаудың қорытындысы бойынша 114 іс-шарадан тұратын қаланы дамытудың кешенді жоспары әзірленген. Ол 4 негізгі блокқа бөлінген - экономиканың нақты секторы, халықты жұмыспен қамту, қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдау, экологиялық проблемаларды шешу.

Сондай-ақ, ол іс-шараларды іске асыру 932,8 млрд. теңгеге бағаланатынын жеткізді. Оның ішінде, жеке инвестициялардың үлесі – 89,5%-ды, яғни бюджеттік 1 теңгеге – 9 теңге жеке инвестициялар тартылады екен.

«Жалпы, жергілікті және республикалық бюджет – 98,2 млрд. теңге. Кешенді жоспардың негізгі мақсаты – көмірге сұраныстың азаюы жағдайында қала экономикасын жан-жақты әртараптандыру»,- деді облыс әкімі.

Жоспардың негізгі қадамдары

Біріншіден – жеке инвесторлар үшін индустриялық аймақ құрылады. Осыған әлеуетті жобалар пулы да бар.

Екіншіден – жаңа және жұмыс істеп тұрған өндірістерді қажетті қуаттармен қамтамасыз ету үшін 2 энергия блогын салу.

Үшіншіден – көмір өндірісін одан әрі дамыту үшін көмір химиясы ғылыми-зерттеу орталығын құру.

Сондай-ақ, облыс әкімі индустриялық аймақ және ірі өнеркәсіптік жобалар туралы нақты атап өтті.

«Аталған жобаларды іске асырудан күтілетін нәтиже өңдеуші өнеркәсіпте жұмыспен қамтылғандар саны 4 есе өседі және 1 трлн теңгеден астам өндіріс көлеміне шығу жоспарда»,- деді ол.
Барлық жаңалықтар