• Басты
  • ӘЭД: Инфляция, азық-түлік бағасының қымбаттауы және дағдарысқа қарсы іс-шаралар

ӘЭД: Инфляция, азық-түлік бағасының қымбаттауы және дағдарысқа қарсы іс-шаралар

11 Тамыз, 2021 10:59

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2021 жылғы қаңтар-шілде айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың (ӘЭД) қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Экономикалық белсенділік

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың пайымынша, эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы және вакцинаның біркелкі болмау процесі аясында әлемде іскерлік белсенділіктің өсу қарқынының баяулауы байқалуда.

Оның дерегінше, биылғы жылғы шілдеде экономикалық белсенділіктің жаһандық индексі маусымдағы 56,6 тармақтан 55,7 тармаққа дейін төмендеген.

«Іскерлік белсенділік индексі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты карантин шектеулері есебінен көрсетілетін қызметтер секторында 52,7 тармақтан 51,1 тармаққа дейін қысқару салдарынан 50,8 тармаққа дейін 0,8 тармаққа азайды», - дедi Ұлттық банк төрағасы.

Ол 2019 жылғы тамыздан бастап алғаш рет барлық қосалқы индекстер оң аймақта болғанын атап өтті. Сондай-ақ, коронавирустық аурулардың жаңа жағдайларының өсуі және вакцина қарқыны әлемдік экономиканы және Қазақстан экономикасын қалпына келтірудің маңызды факторлары болып қалуда.

Халықаралық валюта қоры

Ұлттық банк төрағасы дамушы елдердегі вакцинаның әлсіз қарқынына және аурудың өсуіне байланысты халықаралық валюта қоры биылғы жылғы 27 шілдеде ішкі жалпы өнім болжамын 6,3%-ға дейін 0,4%-дық тармаққа төмендетуді қайта қарағанын атап өтті.

«Халықаралық валюта қоры 2021 жылы 5,6%-ға дейін 0,5 %-дық тармаққа күрт өсуді күтуде. Әлемдік ішкі жалпы өнім болжамы 2021 жылы 6% деңгейінде сақталды», - дедi Ерболат Досаев.

Оның сөзінше, дамушы елдердің өсу перспективаларының нашарлауына байланысты 2022 жылдың соңына қарай олардың экономикаларын қалпына келтіру күтіледі.

Алайда, халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының өсуі жөніндегі болжамды 3,2% деңгейінде сақтағанын жеткізді.

Инфляция деңгейі

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, іскерлік белсенділік қарқынының баяулауына қарамастан, әлемдегі проинфляциялық қысым сақталып отыр. Бұл үрдіс жеткізу мерзімін ұзартумен бірге кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру аясында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін күшейтеді екен.

«PMI delivery индексі әлемдегі жеткізу мерзімдерінің ұзаруын көрсете отырып, барлық елдерде өзінің тепе-тең 50 тармақ мәнінен төмен болып отыр, бұл шығындар инфляциясын күшейтеді», - дедi ол.

Азық-түлік тауарлары

Төрағаның дерегінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының ФАО мәліметтері бойынша шілдеде азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы қатарынан екі ай бойы төмендеп, 123 тармақ белгісіне жеткен. Сондай-ақ, ФАО азық-түлік бағалары индексінің жылдық өсімі 29,1%-ды құрап, жоғары деңгейде сақталуда.

Ерболат Досаев дамыған елдерде инфляция 2021 жылдың соңына қарай тұрақтанады деген болам бар екенін айтып өтті. Сонымен қатар, дамушы елдерде 2022 жылдың соңына дейін нысаналы деңгейден жоғары мөлшерде сақталады.

«Бұған азық-түлік, шикізат тарапынан проинфляциялық қысым және валюта бағамдарының әлсіреуі ықпал етеді», - дедi Ерболат Досаев.

Қазақстандағы инфляция

Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, еліміздегі инфляция биылғы жылғы маусымда 7,9%-ға дейін күрт көтерілгеннен кейін өсуді жалғастырып, шілдеде 2017 жылдан бері ең жоғары мән – 8,4%-ға жеткен.

Ол азық-түлік нарықтарында теңгерімсіздіктердің жиі орын алуы шикізатқа әлемдік бағаның өсуді жалғастыруы және негізгі сауда серіктестері болып табылатын елдерде, әсіресе Ресейде инфляциялық аяның жоғары болуы аясында инфляцияның жеделдеуі орнықты сипатқа ие болып отырғанын айтып өтті. Соның ішінде, көкөністердің жекелеген түрлері бағасының жазғы айларға тән емес күрт қымбаттауы нәтижесінде биылғы жылғы шілдеде 10,6%-дан 11,0%-ға дейін ұлғайған азық-түлік инфляциясы жылдық бағаның өсуіне бұрынғысынша көп үлес қосты. Сондай-ақ, ет пен өсімдік майының қымбаттауы да қосымша қысым көрсетуді жалғастыруда.

Оның дерегінше, азық-түлікке жатпайтын инфляция ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар және жанар-жағар май бағасының өсу қарқынының жеделдеуіне байланысты 6,9%-дан 7,2%-ға дейін өскен. Сондай-ақ, ақылы қызметтер инфляциясы коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі және жекелеген нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында 5,6%-дан 6,1%-ға дейін жеделдеген.

Азық-түлік және жанар-жағармай бағаларының өсуін, электр энергиясының көтерілуін ескере отырып Ұлттық банк 2021 жылдың соңына дейін инфляция 7-8 %-ды құрайды деп бағалап отырғанын айтты. Биылғы жылғы тамыз-қыркүйекке жоспарланған алдағы болжамды раунд шеңберінде жаңартылған болжамдар берілетін болады.

«Инфляциялық процестердің айтарлықтай жеделдеуі жағдайында жүргізіліп отырған ақша-несие саясаты шеңберінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк биылғы жылғы 26 шілдеде базалық ставканы 9,25%-ға дейін 25 базистік тармаққа арттыру туралы шешім қабылдады», - дедi Ерболат Досаев.

Мұнай бағасының өсуі

Төрағаның дерегінше, биылғы жылғы шілдеде теңге бағамы мұнай бағасының өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 424,45 теңгеге дейін 0,7%-ға нығайған. Сондай-ақ, Шілде айындағы құбылмалылыққа қарамастан, мұнай бағасын белгілеу 76,33 АҚШ долларына дейін 1,6%-ға өскен.

Оның айтуынша, ОПЕК+ тамыздан бастап мұнай өндіруді ай сайын ұлғайту туралы уағдаластыққа келісуі, АҚШ-тағы қорлардың төмендеуі және отынға сұраныстың өсуі туралы деректер мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал еткен негізгі факторларға жатады.

Сонымен қатар, трансферттер бөлу үшін Ұлттық қор активтерін конвертациялау, квазимемлекеттік сектордың 480 млн АҚШ доллары сомасына сатуы және экспорттаушылардың салық төлемдері кезеңінде биржалық нарықта валюталық түсімді конвертациялауы теңгеге қосымша қолдау көрсеткен.

«Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі аясында тұтыну тауарлары импортының жоғары өсу қарқыны шетел валютасына шамадан тыс сұраныс тудыруды және теңгенің нығаюына шектеуші әсер етуді жалғастыруда», - дедi ол.

Биылғы жылғы тамыздың басынан бастап коронавирустың дельта-штаммымен аурудың өсуі аясында жаһандық экономиканың перспективалары бойынша белгісіздікке байланысты мұнай нарығында қысым күшейе түскен.

Оның мәліметінше, 10 тамызда мұнай бағасы 70,15 АҚШ долларына/баррельге дейін 8,1%-ға төмендеген, ал теңгенің биржалық бағамы ай басынан бастап 0,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 425,83 теңге деңгейінде қалыптасқан.

«Сыртқы нарықтардағы тұрақсыз жағдай сақталуда. Мұнайдың құбылмалылығы және тәуекел-сентименттің өзгеруі теңгенің айырбастау бағамына қысым көрсетуін жалғастыруда», - дедi Ерболат Досаев.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі

Ерболат Досаев ұлттық қордың активтері бір айда 450 миллион АҚШ долларына төмендеп, биылғы жылғы шілденің соңында 56,9 миллиард АҚШ долларын құрағанын жеткізді.

Оның мәлімдеуінше, биылғы жылғы шілдеде 477 млрд теңгеге трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 1,11 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылған. Биылғы жылғы шілдеде Ұлттық қорға келіп түскен түсімдер 40 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында 65 млн АҚШ доллары болған.

«Биылғы жылғы шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасты және 590 миллион АҚШ доллары болды», - дедi ол.

Қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа қарамастан, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі республикалық бюджетке трансферттердің үштен бірін өтеп, өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі 1,3 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда осы жылдың басынан бері 2 млрд АҚШ доллары немесе 3,5% болды.

Алтын бағасының өсуі

Төрағаның дерегінше, алтын валюта резервтері айдың басынан бері аздап төмендеп, биылғы жылғы шілдеде 35 миллиард АҚШ доллары болған. Алтын портфелі негізінен алтын құнының айлық өсуі нәтижесінде көптеген елдерде коронавирустың дельта-штаммының тез таралуына байланысты әлемдік экономика перспективаларының белгісіздігі жағдайында 960 млн. АҚШ долларына өскен. Жалпы алғанд халықаралық резервтер бір айда 500 миллион АҚШ долларына азайып, 91,9 миллиард АҚШ долларын құраған.

«Еркін айырбасталатын валютадағы активтер негізінен екінші деңгейдегі банктердің корреспонденттік шоттары мен шетел валютасындағы депозиттерінің 655 млн АҚШ долларына төмендеуі және 126 млн АҚШ долларына мемлекеттік борышты төлеу есебінен өзгерді», - дедi Ерболат Досаев.

Зейнетақы активтерін алу қарқыны

Оның мәлімдеуінше, біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері биылғы жылғы шілдеде 42 млрд теңгеге немесе 12,8 трлн теңгеге дейін 0,3%-ға ұлғайған. Сонымен қатар, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу қарқыны 5,3 есе баяулаған.

Биылғы жылғы 31 шілдеде азаматтардың орындалған өтінімдерінің саны 1 685 млрд теңге сомасына 403 мың өтінімді құраған. Оның 98,2%-і тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған.

«Биылғы жылдың басынан бері зейнетақы жарналарының инвестициялық табысы 821 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде инфляция 5,3% кезінде 6,5%, 12 айда инфляция 8,4% кезінде 10,6% деңгейіндегі кірістілік қамтамасыз етілді» », - дедi Ұлттық банк төрағасы.

Депозиттерді долларландыру деңгейі

Банк жүйесіндегі депозиттер 2021 жылдың басынан бастап 25,1 трлн теңгеге дейін 13,8%-ға, оның ішінде заңды тұлғалардың салымдары – 12,9 трлн. теңгеге дейін 14,5%-ға, жеке тұлғалардың салымдары – 12,2 трлн. теңгеге дейін 13,0%-ға ұлғайған.

Сонымен қатар, ұлттық валютадағы депозиттер негізінен жеке салымдар есебінен 14,3%-ға немесе 15,8 трлн. теңгеге дейін 2,0 трлн. теңгеге, шетел валютасындағы депозиттер негізінен заңды тұлғалардың салымдары есебінен 12,8%-ға немесе 9,3 трлн. теңгеге дейін 1,1 трлн. теңгеге өскен. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2021 жылғы маусымда 37,0%-ға жеткен.

Дағдарысқа қарсы бастамалар

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, экономиканы қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

1.          «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 тамыздағы жағдай бойынша 1,4 трлн. теңгеге өтінім келіп түскен, 726 млрд. теңгеге 1020 қарыз берілген.

2. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 тамызда 1 трлн теңгеден астам, оның ішінде револьверлік кредиттеу есебінен 390 млрд теңгеден астам қаржы берілген.

3. «7-20-25» бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 5 тамызда 811 млрд. теңгеге өтінім келіп түскен, оған 354 млрд. теңгеге 29,5 мың қарыз берілді.

Ұлттық төлем жүйесін дамыту

Қазіргі таңда қолма-қол ақшасыз транзакциялар халық тарапынан барынша сұранысқа ие болуда. Төрағаның дерегінше, лсы жылғы 6 айда олардың көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,8 трлн теңгеге дейін 2,3 есе өскен.

Сондай-ақ, халық онлайн төлемдерді белсенді түрде пайдалануын жалғастыруда. Биылғы жылдың басынан бастап қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 83%-ы онлайн банкинг арқылы жасалған.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық төлем жүйесін құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде, «Visa» және «Mastercard» халықаралық төлем жүйелерімен ұлттық төлем жүйесінде теңгедегі транзакцияларды өңдеу үшін алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілген. Сондай-ақ, «Union Pay» халықаралық төлем жүйесімен уағдаластыққа қол жеткізу бойынша жұмыс басталған. Сонымен қатар, лездік төлемдер жүйесін құру шеңберінде сервистерді бұдан әрі тестілеуге және екінші деңгейдегі банктермен интеграциялауға арналған платформа әзірлеген.

«Ұлттық төлем жүйесі лездік төлемдер құнын 2 еседен аса төмендетуге, 2025 жылға дейін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін 57%-дан 65%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - дедi Ерболат Досаев.
Барлық жаңалықтар