• Басты
  • ЕАЭО нарығы: Өнім сапасына қатысты заң жобасының мүмкіндіктері

ЕАЭО нарығы: Өнім сапасына қатысты заң жобасының мүмкіндіктері

15 Сәуір, 2021 11:13

Бүгін сенат отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов құжаттың мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қоса, отырысқа қатысқан сенаторлар да аталған құжаттың сапасыз импортқа тосқауыл қою секілді мәселелерді шешетінін атап өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Келiсiмдi ратификациялау туралы заң жобасы бойынша планарлық отырыста Сауда және интеграция министрi Бақыт Сұлтанов бiрыңғай техникалық регламенттер қабылданбаған немесе күшiне енбеген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiнде өнiмнiң айналысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларын көздейтiн ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды. Оның айтуынша, құжаттың негiзгi мақсаты - Одақ аумағында айналыстағы барлық өнiмдердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.

«Бұл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерiнен туындайды. Бүгiнгi таңда айналысқа шығарылатын өнiмнiң 85%-ы Еуразиялық экономикалық одақтың бiрыңғай техникалық регламенттерiмен реттеледi», - дедi министр.

Оның сөзiнше, бұл - тамақ өнiмдерiнен бастап, балалар индустриясының тауарлары, жеңiл өнеркәсiп, машина жасау және басқа да өнiмдер түрлерiнiң кең тауар номенклатурасына арналған техникалық регламенттер.

Қандай өнiм түрi реттеледi

Министрдiң айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасында өнiмнiң қалған түрлерiн реттеу қарастырылған.

Бiрiншiден. Бұл, Одақтың бiрыңғай техникалық регламенттерi қабылданбаған немесе күшiне енбеген өнiмдер.

Екiншiден. Одақ деңгейiнде өнiмге қатысты мiндеттi талаптар белгiленетiн өнiмнiң бiрыңғай тiзбесiне енгiзiлмеген өнiмдер.

«Өнiмнiң бiрыңғай тiзбесi тұтыну және пайдалану кезiнде қауiптiлiгi жоғары тәуекелдермен сипатталатын өнiм түрлерiн қамтиды. Бұл тiзбе Одаққа мүше елдердiң және халықаралық тәжiрибелердi ескере отырып әзiрлендi», - дедi ол. 

Министрлiк осы Келiсiмнiң реттеу объектiсiне жататын тауарлар номенклатурасына талдау жасаған. Негiзiнен, бұл әлеуеттi қауiп төндiрмейтiн өнiмдер. Бүгiнгi таңда оған қойылатын талаптар жоқ. Тiзiм үлкен емес, шамамен 15 позициядан тұрады.

«Мысалға айта кетсек, сағаттар, тұрмыстық щеткалар, жасанды әшекейлер және тағы басқалары кiредi», - дедi ол.

Өнiм туралы мәлiметтердi ақпараттық базада жинақтау көзделген. Олар тұтынушылар үшiн қолжетiмдi болады.

Өнiм қауiпсiздiгi

Оның пiкiрiнше, ақпараттық ресурс нарықтағы жағдайға мониторинг жүргiзуге және жаңа өнiм түрлерiнiң пайда болуына жедел ден қоюға мүмкiндiк бередi. Бұл ретте Келiсiммен шығарылатын өнiмнiң қауiпсiздiгiн бизнестiң өз еркiмен қамтамасыз етуi үшiн икемдi жағдайлар белгiленедi.

«Қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жеткiлiктi шарты жарияланған стандарттарға немесе сынақтардың нәтижелерiне сәйкестiгi болып табылады. Мұндай тәсiл бизнес үшiн әкiмшiлiк кедергiлер тудырмайды. Келiсiмдi iске асыру мақсатында тәртiптi реттейтiн өнiм айналысы қағидаларының жобасы әзiрлендi. Осы ережелермен кәсiпкер толтыратын құжатты және жоғарыда айтқанымдай, осы құжат қабылданатын өнiмдер тiзiмiн бекiту қарастырылған», - дедi Бақыт Сұлтанов.

Қазiргi уақытта, оның айтуынша, бұл қағидалар кең бизнес-қауымдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен талқылануда. Сонымен қоса, бүгiнгi таңда Одаққа мүше үш мемлекет Келiсiмдi ратификациялау бойынша мемлекетiшiлiк рәсiмдердi аяқтағанын атап өттi.

Құжат қандай мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi

«Мемлекет үшiн барлық өнiмнiң қауiпсiз айналысын қамтамасыз етудiң құқықтық шарттарына қол жеткiзедi, ал бизнес үшiн - адал кәсiпкерлiктiң кепiлi болады. Сондай-ақ, тұтынушы үшiн – сапалы өнiмдi таңдауға мүмкiндiк бермек», - дедi Бақыт Сұлтанов.

Бұдан бөлек, сенатор Ләззәт Рысбекова заң жобасының мақсатына кеңiрек тоқталып өттi. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiнде өзiне қатысты мiндеттi талаптар белгiленетiн өнiмнiң бiрыңғай тiзбесiне енгiзiлмеген өнiмнiң, сондай-ақ бiрыңғай тiзбеге енгiзiлген, бiрақ Одақтың техникалық регламенттерi қабылданбаған немесе күшiне енбеген өнiмнiң Одақ шеңберiндегi айналысының тәртiбiн және мұндай өнiмнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларын белгiлеу болып табылады.

«Қаралып отырған Келiсiмнiң ережелерi оған қатысты қолданылмайтын өнiмдi айқындайды. Өнiмнiң қауiпсiздiгiн дара кәсiпкерлер ретiнде тiркелген жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде Одаққа мүше мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес өмiрлiк циклiнiң барлық сатыларында өнiмдi өндiрудi және (немесе) өткiзудi жүзеге асыратын өнiмдi дайындаушылар, сатушылар және импорттаушылар қамтамасыз ететiн болады», - дедi депутат.

Бұл ретте қауiптi өнiмдi айналысқа шығару және оның айналысы үшiн жауаптылық Одаққа мүше мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес белгiленедi. Сондай-ақ, оның мәлiметiнше, Келiсiмде бiрыңғай тiзбеге енгiзiлген, бiрақ оған қатысты Одақтың техникалық регламенттерi қабылданбаған немесе күшiне енбеген өнiм, егер ол өнiмдi айналысқа шығару қағидаларына және Одаққа мүше мемлекеттiң ұлттық заңнамасында белгiленген қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптарына сәйкес келсе, қауiпсiз деп есептелетiн болады деп көзделген.

Сапасыз импортқа тосқауыл қою

«Қауiптi өнiмнiң айналысына байланысты зиян келтiрудiң және адамның өмiрi мен денсаулығына немесе жануарлар мен өсiмдiктерге, сондай-ақ мүлiк пен қоршаған ортаға залал келтiрудiң анықталған жағдайлары туралы ақпарат Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесiнiң ортақ ақпараттық ресурстарында орналастырылатын болады», - дедi ол.

Алайда, оның пайымынша, бiрқатар қауiп те жоқ емес. Көптеген отандық тауардың бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң әлсiздiгiн және бiрқатар өнiмдер бойынша ұлттық техникалық регламенттердiң болмауын ескере отырып, отандық нарыққа сапасыз импорттық тауарлар ағынының арту ықтималдығы жоғары. Бұл жағдайда отандық нарықты қорғау мақсатында қысқа мерзiмде ұлттық стандарттартарда осындай сапасыз импортқа тосқауыл қою маңызды.

«Сенаттың тұрақты комитеттерiнiң осы заң жобасы бойынша ескертулерi мен ұсыныстары жоқ», - дедi сенатор.

Бұдан басқа, сенатор Бауыржан Қаниев те қаралып отырған заң жобасы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiнде техникалық регламенттерi қабылданбаған өнiм айналысының тәртiбi мен мұндай өнiмнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өттi.

«Келiсiм аясында Одаққа мүше мемлекеттер өз заңнамасында адам өмiрiне зиян келтiру қаупi бар және одақ шеңберiнде реттелмейтiн өнiмдердi айналысқа шығару тәртiбiн белгiлеу керек», - дедi депутат.

Сонымен қатар, оның сөзiнше, Келiсiм шеңберiнде өнiмдi өндiрушiлер және сатушылар өнiмдi айналысқа шығарған кезде өнiм туралы толық ақпарат пен пайдалану туралы қағидалардың болуын қамтамасыз ету мiндеттеледi.

«Бұл өз кезегiнде тұтынушыларды айналыстағы өнiмдердiң қауiпсiздiгi туралы хабардар етуге және олардың құқығын толыққанды қорғауға мүмкiндiк бередi. Келiсiмдi ратификациялау елiмiздiң нарығындағы өнiмдердiң қауiпсiз айналысын қамтамасыз етуге ықпал етедi», - дедi Бауыржан Қаниев.

Нәтижесiнде, сенат аталған заң жобасын қабылдады.

Барлық жаңалықтар