• Басты
  • ЕАЭО: Қазақстандық экспорт өсімі, бюджетке келген пайда және көлеңкелі экономика

ЕАЭО: Қазақстандық экспорт өсімі, бюджетке келген пайда және көлеңкелі экономика

18 Мамыр, 2021 14:54

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ЕАЭО және Қазақстан: интеграцияның ағымдағы процестері» талқыланды. Брифингке үш бірдей министрліктен вице-министрлер келді. Олар: Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Динара Щеглова және Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев. ЕАЭО елдері мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


ЕАЭО мүше болғаннан бері бюджетке қанша пайда түсті?

Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Брифингте сөз алған Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстар туралы айтып, нәтижелермен бөлісті. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жыл ішінде Одақта кедендік әкелу баждары түсімдерінің өсу серпіні байқалады.

«2020 жылы да солай болды. Өткен жылы 322,4 млрд.теңге түсті, оң сальдо 77,3 млрд. теңгені құрады. Қазақстан Одаққа мүше елдердің ішіндегі өткен жылы импортын ұлғайта алған жалғыз мемлекет. 2020 жылғы өсім 2019 жылғы үшінші елдерден импорттық жеткізілімдер көлемінің +0,6%-ын құрады», - деді ол.

Қаржы министрлігінің өкілі айтқандай, Қазақстан осы Одақ аясында атқарған жұмысы нәтижесінде бюджетке қосымша 390 млрд теңге қаражат құйған.

2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі Cтратегиялық бағыттары бекітілгені белгілі. Марат Сұлтанғазиев осы стратегия бойынша Қаржы министрлігі атқарып жатқан жұмысстарға кеңінен тоқталды. Мәселен, министрлік ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердегі мемлекеттік сатып алуды толыққанды цифрландыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеп жатыр.

«Мұнымен қоса кедендік реттеу мен әкімшілендірудің неғұрлым жоғары сапалы деңгейіне көшіру мақсатында нақты жұмыстар жасалуда. Одақта Тауарларды қадағалау жүйесі енгізілетін болды. Осы ретте құқықтық база құрылды. Тауарға электрондық ілеспе құжаттарды енгізу және оларды өзара тану және өзара мәліметтер алмасу сияқты процесстерді қайта қарап жатырмыз», - деді қаржы вице-министрі.

Сұлтанғазиев мәлім еткендей, көңілге қонымсыз нәтижелер де болған. Мәселен, Одақ елдерімен шекарадағы жұмысқа мониторинг жүргізу нәтижесінде кедендік бақылаудың күшін жоюға әкелген. Одаққа мүше елдердің ішінде тауарлардың еркін қозғалысы көлеңкелі экономика мен режимсіз саудаға әкеп соққан. Бұған салық төлеуден жалтару деген пролблема қосылған. Жалған транзит, Қазақстан Республикасының жалған резиденттерінің атына тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТКЖ) ресімдеу, тауар-көлік жүкқұжаттарында мәліметтерді дұрыс бермеу және т.б. ел экономикасына кері әсерін тигізетін схемалар анықталған.

«Осы проблеманы реттеу үшін біз Одақ елдерімен бірлесіп, тауарға ілеспе құжаттардағы мәліметтердің анықтығын бақылау және үшінші елдерден әкелінген өзара саудадағы тауарлар бойынша тәуекелдің баға индикаторларының дерекқорын қалыптастыру тетігін әзірлеуді жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді спикер.

Интеграцияны дамыту мақсатында ЕАЭО Стратегиясы өз уақытымен нақтыланған кезең бойынша орындалады. СОның нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлерге сыртқы экономикалық қызметті жүргізу, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және өткізу нарықтарын табу үшін жағдай жасау бірыңғай нарықтарды қалыптастыру кезінде мемлекет үшін басымдық болып табылады.

ЕАЭО мүше болғанан бері көлік қозғалысында қандай кедергілер жойылды?

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Динара Щеглова айтқандай, Еуразиялық экономикалық одақ ең жас аймақтық интеграциялық бірлестіктердің бірі. Одаққа қатысушы мемлекеттер әлі талай кедергілерден өтуі тиіс деп есептейді. Әйтсе де, қазірдің өзінде ортақ қызмет көрсету нарығы қалыптасып үлгерді.

Динара Щеглова әр сала бойынша нәтижелерге шолу жасады. Мәселен, көлік саласында бірыңғай транспорттық кеңістік пен көлік қызметтерінің ортақ нарығын жасау үшін негізгі бақыттар мен мемлекеттің көлік саясатының жүзеге асу кезеңдерін үйлестіру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар Жоспары жасалды. Мұнда транспорттың барлық түрлері қамтылған: әуе, су, темір жол және автокөлік.

«Осы Жоспар аясында азаматтық авиация саласында ЕАЭО мүше елдерінің әуе кеңістігі арқылы кедергісіз ұшуына бағытталған. Нәтижесінде қатысушы елдер арасында тауар тасымалы үшін артық төлемдер алынып тасталады. Бұл сатып алуды жоспарлауға, әуе кемеле парктерін жаңартуға, әуежай қызметтеріне қаржы бөлуге мүмкіндік береді», - деді Динара Щеглова.

Теңіз көлігі саласында Ақтау мен Құрық теңіз пункттерінде электронды құжат айналымы енгізіледі. Одан кейін Одаққа мүше елдердің теңіз пункттері арасында осындай жүйе арқылы интеграциялау жоспарда бар.

Динара Щеглова айтқандай, Ресей мен Белорусиямен ортақ әріптестіктің арқасында Біріккен көлік-логистикалық компания құрылды. Сол компанияның жұмысы нәтижесінде Қытай мен Еуролпадан келетін контейнерлер 12-15 күнде жеткізіледі. Соңғы 5 жылда тасымалданатын контейнерлер 15 есе өскен.

ЕАЭО мүше болғаннан бері Қазақстанда кәсіпорындар саны өсті ме?

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова да ЕАЭО мүшелікке енген 6 жылда шағын және орта кәсіптің даму нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындар құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік субъектілері арасындағы байланыстарды нығайту ЕАЭО нарығындағы кедергілерді жою маңызды.

«Осы жылдар аралығында бірлескен кәсіпорындар саны 2015 жылдан бастап 6272-ден 13 503-ке дейін өсті. Естеріңізде болса, Елбасы ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу стратегиялық мақсатын айқындап берген болатын», - деді сауда және интеграция вице-министрі.

2015 жылдан бүгінге дейінгі мерзімде Қазақстанның экспорты өскен. Қазақстандық экспорттың шамамен 10%-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберіледі.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге Қазақстанның экспорты 25% немесе 5,1-ден 6,4 млрд долларға дейін өсті: Ресейге - 25%, Беларуське - 2 есе, Қырғызстанға - 20%, Арменияға - 6 есе өсті. Қазақстаннан шығатын зық-түлік өнеркәсібінің өнімдерін жыл сайын Ресей нарығына жеткізуді арттыру әлеуеті 100 млрд.теңгеден асады.

Жанель Кушукова Одаққа қатысушы елдердің арасындағы сауда айналымын өсіруге әкелген факторларды атады. Олар:

кедендік декларациялау,

сәйкестік сертификаттары,

ветеринариялық және санитариялық құжаттарды өзара тануды алып тастау.

«Осының нәтижесінде бизнес үшін экспорт кезінде құжаттық жүктемені төмендету сияқты артық шығындар біршама азайды. Жалпы экспорттық тауарлардың ассортименті өзгерді және кеңейді», - деді ол.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған жылдары экспортта шикізат тауарлары көп болған. Ал қазір экспортқа дайын өнім көбірек шығарылатын болды. Спикердің хабарлауынша, өңделген өнім экспортқа шығарылатын тауарлардың 58 пайызын құрайды.

«2015-2020 жылдары ЕАЭО елдеріне шикізаттық емес тауарлар экспортының өсуі 35%-ды, 2,8-ден 3,7 млрд долларды құрады. Ресейлік сауда желілеріне жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу 2,3 млрд доллардан асты», - деді сарапшы.

 ЕАЭО мүше болғаннан бері аграрлық өнеркәсіп қалай дамыды?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев та осы тақырыпта өз саласы бойынша нәтижелермен бөлісті. Оның айтуынша, ЕАЭО – пен жасалған келісімшарт бойынша, біріккен ауыл шаруашылығы саясаты жүзеге асырылып жатыр. Оған одақтас мемлекеттер арасындағы әділ бәсекелесті дамыту, ресурстық әлеуетті тиімді жүзеге асыру, ортақ аграрлық нарыққа шығудың тең талаптары жатады.

«Атап өткім келеді, ауылшаруашылық саясаты жеті басым бағыт бойынша жүзеге асып жатыр. Олар: болжау, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, ортақ аграрлық нарықты реттеу, өндіру саласында біркелкі талаптар орнату, экспортты дамыту, ғылыми-инновациялық даму, ақпараттық қамтамасыз ету», - деді Р. Манатаев.

Әр бағыт бойынша арнайы жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді болжау жүйесі әзірленген. Оның ішінде салалық келісім құжаты, 6 техникалық регламент қабылданды. Олар:

ТР ТС 015/2011 «Бидай қауіпсіздігі»;

ТР ТС 023/2011 «Көкөніс пен жемістерден жасалатын шырын өнімдерінің техникалық регламенті»;

ТР ТС 033/2013 «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»;

ТР ТС 034/2013 «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»;

ТР ЕАЭС 039/016 «Минералды тыңайтқыштардың қауіпсіздігі туралы»;

ТР ЕАЭС 040/016 «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы».

«Бұл техникалық регламенттер азық-түлік өнімлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазіргі дейін оң нәтижелері көріне бастады. Мәселен, 2020 жылы Қазақстан экономикасы баяу дамыса да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 5,6 пайызға өсті. Бұл уақытта ЕАЭО өзге елдерінде өнім өндіру көрсеткіші 2,3 пайызды ғана құраған» , - деді ауыл шаруашылығы министрлігінен келген өкіл.

2016 жылмен салыстырғанда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортталуы 1,5 есе өскен. Қаржы жағынан айтсақ, 2,7 млрд АҚШ долларға өскен. 5 жылдың ішінде Қазақстан одақтас елдерге шығаратын көкөніс экспортын 4 есеге өсірді, бұл 9,1 млн АҚШ долларын құрады. Жеміс-жидек экспорты 2 есеге, сүт өнімдерінің экспорты 2,9 есе өсті.


Барлық жаңалықтар