• Басты
  • Е.Жамаубаев: 2019 жылы жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға артты
10 Маусым, 2020 10:31

Е.Жамаубаев: 2019 жылы жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға артты

2019 жылы жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға артты. Бұл туралы ҚР үкіметінің және республикалық бюджетін бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Е.Жамаубаев: 2019 жылы жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға артты
"2019 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы қалыпты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асырылды. Жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға өсті. Негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 8,5 пайызға ұлғайды. Атап айтқанда, ауыл щаруашылығында -41 пайыз, өнеркісіпте-15 пайыз, жылжымайтын мүлік пен операцияларда - 14,17 пайызға артты", - деді министр. 

Оның сөзінше, үкімет жұмыспен қамтамасыз ету, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейтті. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тқтыну қарыздарын өтеді. Негізгі борышты төлеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылықты 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланды", - деді ол.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуы бойынша, республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4 пайызға атқарылып, 10,16 трлн теңгені құраған. Сонымен бірге шығыстар 99,9 пайызға игеріліп, 12 трлн теңгеге жеткен.

"Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22 пайызға ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет көлемінің 43 пайызы. Бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңге, яғни жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,9 пайызды құрады. Қазақстанның борыштары қауіпсіз деңгейде сақталып отыр", - деді министр. 

Бұдан бөлек министр бюджет көрсеткіштеріне және үкіметтің жылдық есебін талқылау кезінде туындаған маңызды мәселелерді шешу жолына тоқталып өтті.

"Кірістер бойынша жоспар трансферттерді есепке алмағанда 100,6 пайызға орындалды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электрондық түрдегі шот-фактураларды міндетті түрде жазып беру елімізде өндірілетін тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдердің 1,5 есеге өсуін қамтамасыз етті. Ал корпоративтік табыс салығы 17 пайызға өсті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейтілді. Қытай Халық Республикасымен екіжақты статистика бойынша алшақтық 53 пайыздан 48 пайызға азайтылды. Жалпы алғанда әкімшілендіру шараларын күшейту мен цифрландыру есебінен 900 млрд теңгеден астам түсімдер қамтамасыз етілді", - деді ол.

Оның сөзіне сенсек, есепті қарау кезінде кіріс бөлігінің атқарылуы жөнінде ескертулер айтылған.

"Бірінші - заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы үлесінің төмендеуі. Бұл қосылған құн салығы үлесінің күрт артуымен түсіндіріледі. Екінші - төлемдерді аванстау есебінен бюджетті кіріс бөлігінің атқарылуы туралы ескерту. Бұл мәселе әдіснамалық сипатқа ие және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерін қоса алғанда, халықаралық практикаға сәйкес келетін тәжірибе. Сонымен бірге бизнеске де қолайлы болып отыр. Аванстық төлем механизмі бизнес субъектілерінің өздеріне де қолайлы. Үшіншіден, шоғырландырылған бюджет салық түсімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққанда төмендегені атап өтілді. Бұған негізгі себеп - мұнайдың әлемдік бағасының 10 пайызға арзандауы. Салықтық жеңілдіктер мен преференциялар мәселесіне қатысты үкіметте қазір белсенді жұмыстар атқарылуда.  Біртіндеп олардың саны оңтайландырылады деген сенімдемін", - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан басқа оның сөзінше, өткен жылы бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылған.

"13 мемлекеттік бағдарлама іске асты. Атап айтсақ, "Нұрлы жол" мемелкеттік бағдарламасы шеңберінде мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 20 млн тоннаға жуықтады. 115 км жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды. "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде 19 мыңнан астам пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына, көп балалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастарға берілді. "Еңбек" бағдарламасы аясында 22 мың жас техникалық-кәсіптік біліммен қамтамасыз етілді. 19 мың адам микрокредит пен грант алды. Алғаш рет шамамен 6 мыңдай жас жеке ісін ашып, оларды кеңейтуге мүмкіндік алды. Жалпы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады", - деді министр.

Алайда оның сөзінше, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бірқатар мәселелер де бар. 

"Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларда және стратегиялық мемлекеттік органдардың күнделікті қызметтерін сипаттайтын шаралардың жоспарлануы. Оларға сансыз түзетулердің енгізілуі. Бюджет шығыстарының экономикалық тиімділігі бағаланбайтыны да айтылды. Осыған байланысты мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін үкіметте тиісті кешенді шаралар дайындалып жатыр", - деп түйіндеді министр. 

Барлық жаңалықтар