• Басты
  • Е.Тоғжанов: Карантин шараларын бұзғандарға айыппұл салынады
2 Шілде, 2020 15:40

Е.Тоғжанов: Карантин шараларын бұзғандарға айыппұл салынады

29 маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы шараларды қабылдауға байланысты арнайы кеңес өткізді. Отырыс кезінде үкіметтің алдына бірнеше нақты міндет қойылды. Осыға орай бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысы өткізді. Аталмыш отырыста коронавирустың таралуын тұрақтандыруға байланысты қатаң шектеу шараларын енгізу мәселелері мен арнайы іс-әрекет жоспары қаралған болатын. Осыған байланысты елордада өткен баспасөз мәжілісінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерала Тоғжанов карантин талаптарын бұзғандар азаматтарға айыппұл салынатынын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Е.Тоғжанов: Карантин шараларын бұзғандарға айыппұл салынады

Премьер-министр орынбасарының сөзінше, аталған жоспарда азаматтар мен бизнестің мүддесі толық ескерілген. 

"Сол жоспарға негіздей отырып,  инфекцияның таралуын тұрақтандыруға бағытталған шектеу шараларын ағымдағы жылдың 5 маусымынан бастап 14 календарлық күнге жариялау туралы шешім қабылданды.  Мен әсіресе бизнес қауымдастық пен біздің азаматтарымыздың назарын мыналарға аударғым келеді. Карантин режимін және әкімшілік жауапкершілікке қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғалар 30 АЕК, ал кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК айыппұл төлейтін болады. Тиісті нормативтік акт осы аптаның соңында қабылданады", - деді Ералы Тоғжанов. 

Бұдан бөлек премьер министрдің орынбасары күшейтілген карантин кезеңінде облыстар мен қалалар арасында блок-посттар орнатылмайтынын атап өтті. 

"Азаматтарға қаладан шығып-кіру үшін ешқандай сертификатың керегі жоқ, қажеттілік болмайды. Қалалар мен аудандар арасында блок-посттар орнатылмайды.  Бірақ жолаушылар автобусының облыстар арасындағы қатынасы тоқтатылады. Соныдай-ақ атап өту керек, 5 шілдеде басталатын карантин кезеңінде өңірлер арасында жеке көлікпен жүруге рұқсат етіледі", - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бірге ол ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандарының қызметін түсіндіріп өтті.

"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тек 30 орыннан аспайтын ашық алаңдардағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Алайда оларға ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Ал бұл ныандардың иелерінен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын бақылауды талап етіледі. Сонымен қоса жағдай үнемі қадағаланып отырады және қабылданған шаралардың тиімділігі бағаланады", - деді вице-премьер.



Бұдан басқа Ералы Тоғжанов белгіленген 14 күн бойына аталған шаралардың мониторингі жүргізіліп, нақты қорытындылар шығарылып отыратынын тілге тиек етті.

"Нәтиже бермеген жағдайда, шектеу шаралары бойынша қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар бүгін күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе - медициналық мекемелердің коронавируспен ауырғандарды емдеуге арналған жатын орын санын арттыру, мемлекет басшысының тапсырмасына орай шілде айының соңына дейін инфекциялық және провизорлық орын санын 50 пайызға өсіп, 28 мыңнан 42 мыңға дейін жеткізілетін болады. Сонымен бірге тамыз айына дейін ПЦР тесттармен қамтылу тәулігіне 30 мыңнан 39 мыңға дейін жеткізілетін болады", - деді премьер-министрдің орынбасары. 

Барлық жаңалықтар