• Басты
  • Е.Өстеміров: Тексерулерге енгізілген мораторий жемқорлық қатерлерін азайтуға мүмкіндік береді

Е.Өстеміров: Тексерулерге енгізілген мораторий жемқорлық қатерлерін азайтуға мүмкіндік береді

16 Маусым, 2021 11:38

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес саласын қолдау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салатын Жарлыққа қол қойған еді. Осы орайда, президент тапсырмасының қалай орындалып жатқаны, заңсыз тексерулерге қатысты қандай шаралар қолданылатыны, сонымен қоса қай кезде кәсіпкерлерді тексеру заңды екендігі жөнінде "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасы орынбасары міндетін атқарушы Ербол Өстеміровпен сұхбаттасқан едік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

- Бәрімізге белгілі, президент өткен жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салатын Жарлыққа қол қойды. Президент тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

- 2019 жылғы 26 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды. Аталмыш Жарлық Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыру барысында қабылданды. Осы Жарлықпен микро және шағын бизнес субъектілерін үш жыл тексеруге тыйым салуды енгізу тапсырылды.

Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жеке кәсіпкерлік субъектілері бойынша тіркелетін тексерулер саны 4,6 есе, яғни 128 364 мыңнан 27 425 мыңға дейін, ал объектіге барып іске асырылатын профилактикалық іс-шаралар саны 1,4 есе, яғни 52 349 мыңнан 35 113 мыңға дейін қысқарды.

Бұл ретте, шағын және микрокәсіпкерлікке қатысты тіркелетін тексерулер саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7 есе, нақтырақ айтсақ, 66 237 мыңнан 9 335 мыңға дейін қысқарды.

Көріп отырғанымыздай, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты республикада карантиндік шектеу шараларының сақталуына қарамастан, Жарлықты іске асыру тексерулер санын қысқарту және кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қорғау арқылы бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал етті.

- Тексерулерге енгізілген мораторийді бұзған жағдайлар болды ма? Болса, заңсыз тексерулерге қатысты қандай шаралар қолданылды?

- Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2020 жылы тексерулерді негізсіз тағайындаудың 521 фактісі анықталды, олар бойынша 183 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, 55 мың кәсіпкердің бұзылған құқықтары қорғалды, 114 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы кәсіпкерлерден заңсыз тексерулерге қатысты біршама өтініш түсті.

Бұған қатысты бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, кейбір мемлекеттік орган Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру кезінде бұзушылықтарға жол берді. Мемлекеттік органдар бақылауды жүзеге асыру кезінде салалық қауымдастықтарды тартты, яғни қауымдастықтар арқылы тексерулерге қатысуға тырысты, ҚР заңнамасында көзделмеген бақылау функцияларын жүзеге асырды, Жарлықтың 1-тармағының 1) тармақшасы бойынша тексеруді жүзеге асырды, дегенмен халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және конституциялық құрылысқа жаппай қауіп төнген жоқ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мораторийдің қолданылу кезеңінде қоғамдық мониторинг шеңберінде қажетті медициналық және өзге де құжаттаманы зерделеу мақсатында қауымдастық өкілдерінің медициналық клиникаларға баруына қатысты мәселені көтерді. Бұл ретте, барлық бақылау субъектілеріне (қауымдастықтарда мүшеліктің бар/жоғына қарамастан) бару және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану ұсынылады. Аталған факті бойынша "Атамекен" ҰКП бұған дейін Бас прокуратураға хат (7.02.20 ж. № 1517/18) жолдаған болатын.

Алматы қаласы бойынша ветеринариялық қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы да осыған ұқсас әрекет жасады, мемлекеттік орган қауымдастықпен меморандум жасасу арқылы кәсіпкерлерден кәсіпкерлік субъектілері қызметінің ветеринария жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігін тексеру үшін құжаттарды сұраған.

Мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері Мемлекет басшысының тапсырмасына мынадай негіздер бойынша нұқсан келтіреді:

Біріншіден, ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығымен микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге 3 жылға мораторий жарияланды және барлық субъектілерді мониторинг жүргізу арқылы бақылауды жүзеге асыруға қауымдастықтарды тарту арқылы бақылауды сақтау әрекеті (тәуекелдерді бағалау жүйесін қолданбай және қандай да бір негіздерсіз) мораторийдің іс жүзінде жүзеге аспауына әкеледі, бұл бақылау субъектілері арасында жаппай наразылық тудыруы мүмкін.

Екіншіден, "Мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 қыркүйектегі № 205 Жарлығымен мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік орган мәртебесі жоқ өзге де ұйымдарға беруге тыйым салынады.

Үшіншіден, қауымдастық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар тек өз мүшелерінің кәсіби немесе кәсіпкерлік қызметіне бақылауды жүзеге асыруға құқылы, егер бұл қауымдастық ерікті қатысуға негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесін алса ғана.

Осы орайда, тағы бір мысалды атап өткім келеді. "Атамекен" ҰКП-ға кәсіпкерден Түркістан облысы бойынша Статистика департаменті қызметкерлерінің іс-әрекетіне қатысты шағым түсті, Статистика департаменті мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері алдын ала ескертусіз тексеруге келіп, "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысына сілтеме жасай отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін мониторингілеуді бастаған.

Статистика департаментінің қызметкерлері жүргізген тексерістен кейін кәсіпкерге Түркістан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің департаментінен хабарлама жіберіледі, оған Статистика департаментінің деректері негіз болды. Хабарламада әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары бағасының 10,3%-ға өсуі белгіленгені айтылған, осыған байланысты кәсіпкерге аталған бұзышылықты жою үшін 10 жұмыс күні берілді. Сонымен қатар, хабарламада бағалар бір ай ішінде (2019 жылғы желтоқсаннан 2020 жылғы қаңтарға дейін) салыстырылғаны көрсетілген.

Осындай іс-әрекеттерімен статистика департаментінің қызметкерлері бірқатар бұзушылықтарға жол берді. Біріншіден, Статистика департаменті ҚР Президентінің 26.12.2019 жылғы № 229 " Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Жарлығын бұзды; Екіншіден, мұндай мониторинг жүргізу Статистика департаментінің және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының құзыретіне жатпайды және "Әкімшілік рәсімдер туралы" ҚР Заңының 9-2-бабын бұзады. Үшіншіден, үкіметтің жоғарыда көрсетілген Қаулысы шекті бағалар уақытша енгізілуі мүмкін әлеуметтік тауарлардың тізбесін ғана айқындайды, ал бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін облыстың жергілікті атқарушы органы тікелей және күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге белгілейді. Тексеру жүргізу кезінде бұл құжат та ұсынылмаған.

Сонымен қоса, осыған ұқсас жағдай ШҚО-да да кездесті. "ШҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" ММ кәсіпкерге қатысты тексеруді бастады. Тексеруді жүргізуге жер учаскесін мақсатсыз пайдалану негіз болды, ал тексеруге негіз ретінде ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығының 1-тармағының 1-тармақшасы келтірілді. "Халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке тура немесе тікелей қатер төндіретін бұзушылықтарды болдырмауға немесе жоюға бағытталған тексерулер", шын мәнінде, халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және конституциялық құрылысқа жаппай төнген қауіп жоқ.

Осыған байланысты, кәсіпкер тексеруді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінді, алайда "ШҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" ММ сот шешімін күтпей, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарады.

Аталған фактілер бойынша ҰКП Ұлттық экономика министрлігіне және Бас прокуратураға хат жолдады, нәтижесінде мұндай жағдайлар қайталанған жоқ.

- Қандай жағдайларда бақылаушы органдар мораторийге қарамастан, кәсіпкерлерді тексере алады?

- Егер кәсіпкерлер тарапынан халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заң мен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін, конституциялық құрылыс пен ұлттық қауіпсіздікке тура немесе тікелей қатер төндіретін бұзушылықтар орын алса, сондай-ақ заңнама талаптарын бұзу фактілерінің себептерін анықтау мақсатында осындай фактілер бойынша тексерулер жүргізілетін болады.

Бұдан басқа, егер кәсіпкердің өзі өз қызметіне қатысты, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша оларға бастамашылық жасаған болса, тексеру жүргізілуі мүмкін. Мораторий тексерудің бірқатар түріне қатысты емес. Атап айтқанда, кедендік тексерулер, бірқатар салықтық тексерулер, Президент пен Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура органдарын тексеру, өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде өнімді іріктеу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық органдары жүргізетін тексерулер, жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты тексерулер, бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жоспардан тыс тексерулер.

- Мораторий кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?

- Тексерулер көп уақытты алады. Тексерулерге енгізілген мораторий Қазақстан кәсіпкерлеріне неғұрлым тыныш жұмыс істеуге, дамуға және өз ісін кеңейтуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Бизнеске өте жоғары айыппұл салынбайтынына, табысын немесе өнімін ешкім тартып алмайтынына және т. б. сенімді болады.

Әрине, тексеруді ұйымдастырумен және жүргізумен байланысты өндірістік емес мақсаттарға арналған қаржылық шығындар да төмендейді (өнімнің бір бөлігін сараптамаға алу, тексерушілер үшін қосымша жұмыс орындары, қосымша көлік шығыстары, қағаз, байланыс, шығыс материалдары және т.б.).

Сонымен қатар, тексерулер болмаса, сот қарауына жіберілетін дау да болмайды. Бұл бизнес мемлекеттік бажды, сарапшылардың, адвокаттардың және т. б. қызметтерін төлеуге қосымша шығын шығармайды дегенді білдіреді.

Тексеру жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындайтыны да құпия емес. Сонымен қатар, тексерулерге мораторий енгізу бизнестің өз қызметін жүзеге асыру барысында іскерлік жауапкершілік деңгейін көтереді, яғни қолданыстағы заңнаманың барлық талаптарын қатаң сақтауға ықпал етеді.

Мораторийдің Қазақстан экономикасына, ШОБ даму көрсеткіштерін жақсартуға әсері «кейінге қалдыру» сипатына ие болады. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне түсетін салықтық түсімдер мен төлемдер динамикасы оң сипатқа ие болды. Бұған өткен жылдардағы тексерулерге енгізілген мораторий нәтижелері дәлел бола алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар