• Басты
  • Еңбекмин: зейнетақы жүйесі, АӘК және балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары

Еңбекмин: зейнетақы жүйесі, АӘК және балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары

26 Ақпан, 2021 12:09

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылғы қызметінің қорытындысы және 2021 жылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр. Жиында зейнетақы жүйесін жетілдіру, атаулы әлеуметтік көмек, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру және балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтылды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Зейнетақы жүйесі жетілдіріледі

Ведомство басшысы өз баянында мемлекет ел экономикасының жағдайына қарамастан, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындап жатқанын атап өтті. Зейнетақы мен жәрдемақы уақытында төленіп келеді. Жыл сайын олардың мөлшері инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі.

«2020 жылы халыққа қосымша қолдау көрсету үшін зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар екі рет индекстелді. Бұл өсім 4 миллион адамды қамтыды. 2021 жылдың басынан бері 2,2 миллионнан астам зейнеткердің ынтымақты зейнетақысы 7 пайызға көтерілді, базалық зейнетақы мен жәрдемақының өсімі 5 пайызды құрады », - деді министр.

Сондай-ақ, ол 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) мүгедектік, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайлары бойынша 131,7 мыңнан астам адамға төлем орта есеппен 50%-ға көбейтілгенін айтты.

«2020 жылдың қорытындысында бес әлеуметтік тәуекел бойынша 947,2 мың әлеуметтік төлем алушыға МӘСҚ-тан 257,3 млрд теңге төленді», - деді ол.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі ең өзекті мәселе – жинақтау жүйесін дамыту болып тұр. Жинақтаушы жүйе енгізілген 22 жыл ішінде жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 12,9 трлн теңгені құраған. 162 мыңға жуық адам зейнетақы жинақтарын алды, оның орташа мөлшері айына 28 мың теңгені құрайды.

«Оң үрдістерге қарамастан, зейнетақы жарналарын төлеудің тұрақсыздығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Соынмен қоса, ол қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылы бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына өзгерістер енгізу үстінде екенін қосымша атап өтті.

«Мәселе зейнетақы жүйесін өзгерту жайында емес. Оны ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру және 2023 жылдан бастап жұмыс берушілерден міндетті зейнетақы жарналарын енгізу бөлігінде одан әрі жетілдіру көзделуде», – деп толықтырды министр.

АӘК-ге 122 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған

Министрдің сөзінше, мемлекет басшысының атаулылықты, ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке ынталандыруды арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2020 жылдан бастап АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгенін атап өтті. Әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады, еңбекке қабілетті АӘК алушыларға қойылатын талаптар және учаскелік комиссиялар институты күшейтіледі, табысы аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) ұсынылады.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша алушылар саны 184 мың отбасынан 936 мың адамды құрады, оның ішінде 600 мың бала (64%), 73,5 мың көпбалалы отбасы. Ал, табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетуге 2021 жылы 122,8 млрд теңге қарастырылды.», – деді Серік Шәпкенов.

Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік топтаманы ұсыну шеңберінде 2020 жылы мектеп жасына дейінгі 218 мыңнан астам бала азық-түлік жиынтығымен (ай сайын) және гигиеналық құралдармен (тоқсан сайын) қамтамасыз етілген. Оқу кезеңінде 217 мың мектеп жасындағы бала тегін тамақпен және жеңілдікті жол жүрумен қамтамасыз етілді, ал оқу жылы басталар алдында мектеп формасы мен керек-жарақтарын алған.

АӘК шеңберінде жұмыспен қамту

Министр сонымен қоса, АӘК шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің 43 мыңға жуық шарасы іске асырылғанын хабарлады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберілді, қайта даярлаудан немесе кәсіпкерлікке оқытудан өтті, сондай-ақ өз ісін ашуға жеңілдікті микрокредиттер мен гранттар алды. Нәтижесінде еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 74%-дан астамы немесе 201 мыңға жуығы жұмыс істейді және жұмыспен қамту шараларына тартылған.

«АӘК-ті іске асыруға (әлеуметтік топтаманы ұсынуды ескере отырып) 2020 жылы 88,2 млрд теңге жұмсалды. 2021 жылға 122,8 млрд теңге, оның ішінде 96,3 млрд теңге республикалық бюджеттен және 26,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған», – деп атап өтті министр.

«Әлеуметтік әмиянды» пилоттық жобасы

Бұдан бөлек, министр биыл мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау үшін «Әлеуметтік әмиянды» пилоттық түрде енгізу жоспарланғанын хабарлады. Әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік маңызы бар тауарларды немесе қызметтерді сатып алып қана қоймай, алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыра алады.

«Пандемия кезеңі әлеуметтік өзара іс-қимылдың қалыптасқан моделін өзгерту қажеттігін көрсетті. Өткен жылы Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары мен халықтың тікелей байланысын болдырмау үшін біз электрондық үкімет порталы арқылы АӘК алуға өтініш беруді енгіздік. Биылғы жылы осы тетікті бекітіп, өтініштерді беруді eGov-қа толығымен көшіруді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қазаннан бастап барлық өңірде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы әлеуметтік топтама ұсыну бойынша пилотты іске қосылғанын атап өтті. Биыл АӘК туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік жәрдемақыны қамтамасыз етуге көшу жоспарланған.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың 81%-ы қажетті техникалық құралдармен қамтылды

Министр өз сөзінде Қазақстанда 695 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұратынын атап өтті, оның ішінде 419,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60%), 180,6 мыңы зейнеткерлік жаста (26%), 94,7 мыңы - 18 жасқа дейінгі бала (14%).

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,4% - ға артық.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тіршілік әрекетінің барлық бағыттарын қамтитын Ұлттық жоспар шеңберінде жүргізіледі. Құжат 7 бағыт бойынша 64 іс-шараны қамтиды: мүгедектіктің профилактикасы және оның алдын алу, білімге қолжетімділік, кедергісіз орта, экономикалық жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша 343,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам немесе мұқтаждардың 81%-ы қажетті техникалық құралдармен (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілді. Бұл орындалуы мүгедектігі бар адамдардың қоғамға кірігу дәрежесіне байланысты болатын өте маңызды индикатор. ОТҚ қамтамасыз етуді жақсарту үшін өткен жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz), ол арқылы азаматтар өз бетінше, мемлекеттік сатып алуларсыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін таңдап, сатып ала алады», – деді Серік Шапкенов.

2020 жылы порталда жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ-ның 55 түрінің 24-ін сатып алу мүмкіндігі іске асырылды. 28,8 мың оңалтудың техникалық құралы берілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ОТҚ-ның 55 түрі қолжетімді болды (түрлерін ескергенде - 67). Сондай-ақ Портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаторлық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады.

Экономикалық белсенділік үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленді. Бұл анықтамалық мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуді жетілдіру үшін пайдаланылатын болады (enbek.kz). Ұсынылатын мамандықтар ҚР Ұлттық кәсіптер сыныптауышына негізделген. 12 мыңнан астам кәсіп зерделенді, нәтижесінде мүгедектіктің 1-тобы үшін 2,5 мыңға жуық кәсіп ұсынылды, 2 және 3-топтар үшін жеке-жеке 7 мыңға жуық кәсіп ұсынылды.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленетін болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылмақ

2021 жылы Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға түрлі көмек көрсету үшін «Ten Qogam» орталықтары ашылады.

«Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында мүгедектігі бар балаларға арналған жаңа оңалту орталықтарын ашу көзделген. 15 өңірде «Ten Qogam» орталықтары ашылады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар қазірдің өзінде табысты жұмыс істеуде, оларда мүгедектігі бар адамдарға психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Орталықтарды ашу «Nur Otan» партиясының жаңа бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында көзделген. Әкімдіктер аталған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет», – деді министр.

Оның сөзінше, қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бөлігінде жыл сайын 4 мыңнан астам объектіні бейімдеу бойынша міндет қойылғанын хабарлады. Ағымдағы жылы бейімделген, стандарттарға сәйкес келетін объектілердің үлесі 20% - ды құрауға, ал 2025 жылы 100% - ға жетуге тиіс.

«2020 жылы Ұлттық жоспар аясында Министрлік мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдау алуын қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында жатыр», - деді ол.

Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру ұлғайтылды

Министрдің дерегінше, 2021 жылы Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 120 млрд теңгеден астам сомаға өстікен.

«Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) бірқатар әлеуметтік төлемдер көзделген. 2020 жылы шамамен 1,9 миллион адам балалы отбасыларды қолдауға бағытталған сомасы 635,3 млрд. теңгеге 8 түрлі жәрдемақы мен төлем алды, бұл 2019 жылғы төлемдер сомасынан 71%-ға жоғары (372 млрд теңге). 2021 жылға осы мақсатқа 755,4 млрд теңге, оның ішінде бюджеттен 501,7 млрд теңге және МӘСҚ-тан 253,7 млрд теңгекөзделген», - деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр елдің барлық өңірінде жұмыспен қамту, оқыту және басқа да мәселелер бойынша көмек көрсету үшін отбасын қолдауға арналған 31 орталық ашылғанын жеткізді.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орталық аппараты мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері және тағы басқа тараптар қатысты.

Барлық жаңалықтар