• Басты
  • Еңбек қауіпсіздігі: Жұмысшылар құқығы, өндірістік жарақат және әлеуметтік төлемдер

Еңбек қауіпсіздігі: Жұмысшылар құқығы, өндірістік жарақат және әлеуметтік төлемдер

21 Шілде, 2021 16:08

Елімізде жыл сайын 400-ден астам еңбек жарақаты тіркеледі. Ел азаматары үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелері қалай шешілетін болады, толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Өндірістік жарақаттануды төмендету

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам еңбек жарақаты жағдайы тіркеледі екен. Соңғы 3 жылда олардың саны 21%-ға азайған.

Ал, соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 10%-ға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға азайды, ал жазатайым оқиғалардың жиілігі коэффициенті 1000 жұмысшыға 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендеген.

«Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 564 адам зардап шекті. Оның 19,5%-ы тау - кен металлургия кешені кәсіпорындарында, 4,5%-ы коммуналдық шаруашылық және 10% - ы құрылыс саласында», - деп атап өткен еді Серік Шәпкенов Үкімет отырысында.

Зиянды еңбек жағдайлары

Еңбек және халықты әлеуметтiк қоpғау министpлігінің статистикасына сәйкес, 2020 жылы кәсіпорындардың 1,6 миллион жұмысшысының 367 мыңы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Олардың басым бөлігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында қызмет еткен.

«Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны - тау-кен және өңдеу өнеркәсіптерінде. Әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшіншісі жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңданудың жоғары жағдайында еңбек етті», - деді Серік Шәпкенов.

Оның айтуынша, 46% азаматтың кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 30 бен 59 жас арасын құрап, олардың көпшілігі жеңіл жұмысқа ауыстырылған.

Әлеуметтік қолдау

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың айтуынша, 2020 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік еңбек қабілетінен айырылған 14,7 мың азаматқа 15,5 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілген.

«Оның ішінде 10 мыңға жуығына бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы мен сақтандыру қорынан төлемдер берілген болса, ал 6 мыңға жуық азамат Мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды», - деді ол.

Оның дерегінше, соңғы үш жылда еңбек ету қабілетінен айырылған жұмыскерлердің үлесі 19%-ға төмендеген. Ал 2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтаған, оның ішінде 34%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі.

Еңбекті қорғау талаптарының сақталуы

Атап айтар болсақ, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу бойынша жағдайлар тіркелген.

Соның ішінде, жұмыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұсқама беріліп, 278 млн теңге көлемінде 1,6 мыңнан астам айыппұл салынған. Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 1,4 мыңнан астам материалды құқық қорғау органдарына жіберген. Аталған фактілер бойынша 193 қылмыстық іс қозғалған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың сөзінше, қазіргі таңда мемлекеттік бақылау құралдарын жетілдіру мақсатында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына профилактикалық бақылауды күшейту үшін ақпарат көздері мен тәуекелдерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында еліміздің 2,8 мыңға жуық кәсіпорны қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттарын енгізген.

«Республика кәсіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау бойынша 17 мыңнан астам техникалық инспектордың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді», - деді министр.

Өндірістік объектілердегі апаттар

Бұған дейін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ағымдағы жылдың бес айында ерекше тәртіп бойынша 418 тексеру жүргізілгенін хабарлаған еді.

Ол өз сөзінде, министрлік 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтитын 9157 өнеркәсіптік кәсіпорынға мемлекеттік қадағалау жүзеге асырылады. Қадағалау қауіпті өндірістік объектілердің және қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы арқылы қызметкер мен халыққа қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған тексерулерді жүргізетінін айтып өтті.

Тексеру нәтижесінде 12 777 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталған.

«70 млн теңгеден астам сомаға 505 әкімшілік айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 224 нысан жұмысы тоқтатылды», - деді министр.

Оның айтуынша, бизнеске қойылатын талаптарды қысқарту және қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету жөніндегі шаралар өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейін төмендетуге және соның салдарынан апаттық және онымен байланысты жарақаттанудың өсуіне алғышарттар туғызғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары қауіпті өндірістік объектілерде апаттардың орта есеппен 15%-ға өсуі байқалады. Талдау нәтижелері көрсеткендей, өндірісте техногендік апаттардың пайда болу қаупі бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Биылғы жылы еліміздің қауіпті өндірістік объектілерінде 11 апат және 146 оқиға тіркелді. Апат салдарынан 5 адам зардап шекті», - деді ол.

Ол Үкіметте қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың негізгі себептерін атады:

- жобалық шешімдерден ауытқи отырып, жұмыс өндірісін жүргізу бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берілген;

- пайдаланылатын жабдықтың жоғары моральдық және физикалық тозуы;

- жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі.

Юрий Ильиннің айтуынша, бұзушылықтарды қысқарту мақсатында тексеру қорытындылары бойынша инспекторлар жедел ден қою шараларын қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, нұсқамалар жасалады, сондай-ақ апаттарды тергеу жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ, ескірген, табиғи тозған жабдықтарды пайдаланудан біртіндеп шығару мәселелерді шешу мақсатында қадағалаудағы кәсіпорындармен бірлесіп, жыл сайын қауіпті өндірістік объектіні техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленетінін айтып өтті.

«Биылғы жылға 2 196 жабдықты ауыстыру жоспарланған. Өндірістік және еңбек тәртібін арттыру мақсатында инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді», - деді Юрий Ильин.

Министрдің дерегінше, ағымдағы жылдың 1 сәуірінде «өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған. Осы тұста 41 нормативтік-құқықтық актіні бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп, оларды іске асыру қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібін жақсартуға, азаматтардың қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғалу деңгейін арттыруға және апат салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіру ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.

«Осы заңды іске асыру өнеркәсіптік объектілерде авариялардың туындау тәуекелін дәйекті азайтуды қамтамасыз етуге, мемлекеттік реттеу әдістерін жетілдіруге, қауіпсіздікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн», - деді Юрий Ильин.

«Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасы

Еліміздегі 216 кәсіпорын халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізді. Осындай жұмыс берушілерді ынталандыру үшін оларды декларациялау қағидаттары негізінде профилактикалық бақылаудан босатуды көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Өндірістік кәсіпорындарда халықаралық “Vizion Zero” нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет. Әрбір жарақаттану жағдайы Төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, қорытындысы бойынша оларды барынша азайту үшін кешенді шаралар әзірленуі тиіс. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби сын-тегеуріндерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажет», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР мемлекет басшысының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін министрлік 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізгенін жеткізді. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді азайту бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік біліктілік пен ғылыми әлеуетті, әлеуметтік әріптестікті дамытуды көздейді.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде өндірістік жарақаттану 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер саны 20%-ға дейін төмендейді деп болжанған.

Алдағы бес жылға арналған іс-қимыл жоспарында:

- тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;

- жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстарын әзірлеу;

- еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту - әлеуметтік әріптестікті дамыту.

«Жоспарланған іс - шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттану 10% - ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны 20% - ға дейін төмендейді деп болжанып отыр», - деді Серік Шәпкенов.

Барлық жаңалықтар