• Басты
  • Еңбек адамдары мемлекеттік наградалармен марапатталды

Еңбек адамдары мемлекеттік наградалармен марапатталды

5 Ақпан, 2021 16:00

Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы «Еңбек адамы - ел тірегі» әлеуметтік бастамасының 2020 жылғы қортындысына арналған салтанатты жиынын өткізді. Партия төрағасы Әли Бектаев ауыл еңбеккерлері, ұйым белсенділері мен түрлі салада тер төгіп жүрген «Ауыл» партиясының 122 мүшесін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттады, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Еңбегі еленгендер арасында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» мемлекеттік наградаларының иесі атанғандар да бар.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев партия мүшелерін алған наградаларымен құттықтай отырып, партияның XVI съезінде еңбек адамының мәртебесін арттыру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына оң көзқарас қалыптастыру және ауыл еңбеккерлерінің беделін көтеру мақсатында «Еңбек адамы – ел тірегі» атты саяси бастама бекітілгенін атап өтті. «Еңбек адамы - ел тірегі» инициативасы аясында партия филиалдары түрлі марапаттарға ие болған партия мүшелерімен көптеген кездесулер мен шеберлік сыныптарын өткізген.

«Біз еңбек адамы еліміздегі ең құрметті және танымал жан болуы керек деп санаймыз. Сондықтан, осының бәрін ескере отырып, соңғы екі жылда «Еңбек адамы – ел тірегі» бастамасын көтердік. Себебі, біздің экономиканы көтеру мәселесін айтқанда еңбек адамы бірінші орында тұруы керек. Экономиканы көтеріп, өндірісті дамытып жатқан да еңбек адамы, станоктың басында тұрған, трактор, комбайн айдап жүрген, мал бағып жүрген, астық-көкөніс егіп жүрген еңбек адамдарының арқасында біздің экономикамыз дамып, тұрақты түрде сақталып отыр», - деді партия төрағасы.

Сонымен қатар, ол еңбекқор адамды жоғары жалақы, сыйақы және барлық жеңілдіктер арқылы көтермелеу керегін баса айтты.


«Өткен жылы карантиндік шаралардың күрделілігіне қарамастан, біз еңбек адамдары туралы 6 бейнеролик түсірдік және оларды әлеуметтік желілер арқылы тараттық. Партияның осындай игі бастамалары кәсіпті енді ғана игере бастаған жастар үшін патриоттық тәрбие береді деп үміттенеміз»- деді Әли Бектаев.

Сондай-ақ, жиынға арнайы келіп, «Ауыл» партиясының марапатын иеленген Бараев атындағы астық шаруашылық ғылыми-өндірістік орталығының агрономы Құрметбек Октябрьді сөзге тарттық. Ол ауылды дамытып, жағдайын жақсарту үшін жұмысын ауылдық жерге ауыстырғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары білім және ғылым саласында қызмет еттім. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқытушы әрі деканның орынбасары қызметін атқардым. Яғни, студенттердің тәрбиесімен тікелей жұмыс жасадым. Сонымен қатар, жас ғалым болғандықтан ауылдың жағдайын көтеру үшін ауылдың аграномы болып ауысып отырмын. Нақтырақ айтсам, Ақмола облысы Шортанды ауданы, Научный кентінде Бараев атындағы астық шаруашылық ғылыми өндірістік орталығында агрономмын. Бұл жерде ғылыми негізде ауыл шаруашылығын дамыту керекпіз.Сол үшін ауылға барып отырмын», - деді марапат иесі.

Оның пікірінше, бүгінде көп жас ауылға барғысы келмейді, оқуын тәмәмдаған соң қалада қалуды жөн санайды. Оның себептері де жоқ емес. Осылайша, жас маман жастардың ауылға неге барғысы келмейтініне тоқталып, оның шешу жолын да ұсынды.


«Қазіргі таңда жастар ауылға бармайды. Оқу бітірген студенттер өз саласында жұмыс істемесе де қалада қалады. Өйткені қалада өркениет бар, жалақы жақсы. Ал ауылда өркениет жоқ. Ауылда жол, су, газ жоқ. Сол себепті жас мамандар ауылға бармайды. Ең алдымен жастар ауылға бару үшін сол жерге жағдай жасауымыз керек. Сосын олардың мәртебесін көтеріп, еңбегін бағалап, жалақысын жоғарлатса ғана мамандар ауылға барып жұмыс жасайды. Ауылдың жағдайы көтерілсе елдің жағдайы көтеріледі. Бұл экономиканың негізгі бір бөлшегі»- дейді Құрметбек Октябрь.

Айта кетейік, бүгінгі таңда партияның барлық филиалдарында «Еңбек адамы – ел тірегі» әлеуметтік бастамасының жылдық қорытындылары шығарылып, марапаттау рәсімдері өткізілуде.

Өз кезегінде, марапатталғандар партия төрағасы мен Саяси Кеңесіне үлкен алғыстарын білдіріп, ел игілігі үшін табысты жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізуде. 

Айта кету керек, «Еңбек адамы – ел тірегі» бастамасы аясында соңғы төрт жылда «Ауыл» партиясының 700-ге жуық мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар