• Басты
  • Е.Алтынбеков: Жамбыл облысында адвокаттар саны артып, нотариус қызметіне өзгерістер енгізілді

Е.Алтынбеков: Жамбыл облысында адвокаттар саны артып, нотариус қызметіне өзгерістер енгізілді

27 Қаңтар, 2021 12:48

Бүгін Өңіраралық коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысы Әділет департаментінің басшысы Ермек Алтынбеков аймақтағы Әділет департаментінің 2020 жылғы жұмыс нәтижелерін баян етті. Оның айтуынша, өңірде авокаттар саны артып, нотариус қызметіне өзгерістер енгізілген. Соның нәтижесінде, ендң тұрғындардың кейбір талабын сот емес, нотариус қарайтын болады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Департамент қандай бағытта қызмет атқарады

Департамент басшысының мәліметінше, Әділет департаменті төмендегідей бағыттарда қызмет атқарады:

- коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, құжаттарға апостиль қою, сот актілерін орындау, нотариат салаларында мемлекеттік қызмет көрсету

-нормативтік құқықтық актілерді тіркеу

-құқықтық насихат жүргізу

-нотариустардың, адвокаттардың, жеке сот орындаушылардың, заң кеңесшілердің қызметтеріне әдістемелік сүйемелдеуді жүргізу

-зияткерлік меншікті қорғау

-«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды тіркеу салаларында мемлекеттік қызметтерін көрсету бойынша әдістемелік сүйемелдеу және профилактикалық бақылау жүргізу

-Жергілікті атқарушы органдарымен хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша әдістемелік сүйемелдеу және профилактикалық бақылау жүргізу

Сонымен бірге, ол өткен жылы департамент атқарған маңызды жұмыстарға тоқталып, жоспарланған стратегиялық индикаторларға қол жеткізілгенін атап өтті.

«Жамбыл облысы бойынша 2020 жылы құқықтық сараптама жүргізу нәтижесінде - 393 нормативтік құқықтық акті тіркелді, 1 акті заң талабына сай болмауына байланысты тіркеуден бас тартылды. Департамент нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді электрондық форматта 5 күнде жүргізуде. Енгізілген өзгерістер әлеуметтік мәселелердің жедел шешілуіне оң нәтижесін беруде», - деді Ермек Алтынбеков.

Оның дерегінше, Жамбыл облысындағы адвокаттардың саны тұрақты түрде өсіп жатыр. Қазіргі таңда олардың саны 224-ке жеткен. Барлық аудан 100 пайыз адвокаттық қызметпен қамтамасыз етілген.

Заң көмегінің сапасын арттыру шаралары

Сонымен қатар, мекеме басшысы заң көмегінің сапасын арттыру мақсатында бірқатар шара қабылданғанын тілге тиек етті.

Атап айтқанда:

- адвокаттардың өз біліктілігін арттыру және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсету міндеттілігі енгізілді

- әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда

Оның сөзінше, бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі. Осыған орай, ол Жамбыл облысында 2020 жылы 9702 азаматтарға тегін заң көмегі көрсетілгенін атап өтті.

«Заңмен азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын заңгерлердің Заң консультанттары палатасына мүше болу міндеттілігі енгізілген. Қазіргі таңда, Жамбыл облысы заң консультантары палатасы 104 мүшеден тұрады», - деді Ермек Алтынбеков.

Нотариус қызметтеріне енгізілген өзгерістер

Оның айтуынша, бұрын соттар қараған 9 даусыз талаптар атқару жазбасын жасау тәртібінде шешу үшін нотариустарға берілген. Енгізілген өзгерістердің нәтижесінде азаматтар жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар сотқа жүгінбей, нотариустар арқылы алуға мүмкіндігі бар.

«Осы жұмыс шеңберінде облыс нотариустарымен 2020 жылы – 3137 атқару жазбалары жасалынғанды. Облысымызда 175 нотариус қызмет атқаруда. Олармен 336071 нотариалдық іс-әрекеттер жасалынды. Облыс бюджеті 116 млн теңгеден астам сомаға салық түрінде толықтырылды. Нотариалдық іс-әрекеттер Әділет департаментінің күнделікті бақылауында. 2020 жылы жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша нотариустардың іс-әрекеттерінен бірқатар кемшілік анықталды. Нәтижесінде 6 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді департамент басшысы.

Сонымен бірге, ол адвокаттар мен заң консультанттарының «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасау мүмкіндігі бар екенін еске салды. Бұл жүйені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бойынша кезеңмен жұмыстар жүргізілуде.

«Әділет органдары азаматтардың құқықтық мәдениетін және деңгейін арттыру мақсатында 1513 іс-шара ұйымдастырылды. Алыс ауылдық өңірлерде әділет органдарының қызметінің негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында 48 «Ашық есік күні» өткізілді. Аталған іс-шараның нәтижесінде 144 азаматқа кеңестік көмек көрсетілді», - деді Ермек Алтынбеков.

«ADALDYQ ALAŃY» жобалық кеңсесінің бөлімшесі ашылды

Сонымен бірге, департамент басшысы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметтерді алу үшін қолайлы жағдайларды жасау және азаматтардың сенімін жоғарылату мақсатында ағымдағы жылы Әділет департаментінде Әділет министрлігінің «ADALDYQ ALAŃY» жобалық кеңсесінің Жамбыл облысы бойынша бөлімшесі ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, туындаған сұрақтары бойынша келген азаматтар Бөлімшеде қабылданып, азаматтардың мәселелері бақылауға алынып, заң шеңберінде құқықтық көмек беру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеттілігін арттыру, халыққа заңгерлік көмек көрсету, ашықтық, сенімділік қағидасын қалыптастыру мақсатында біз жұмысымызды «Adaldyq Alańy Jambyl» жобалық кеңсесімен, Жамбыл облыстық адвокаттар алқасымен, нотариаттық палатасымен, заң кеңесшілер палатасымен және жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасымен бірлесе отырып жүргіземіз. Осы шараға 12 адвокат, 44 нотариус, 24 жеке сот орындаушылар, 9 заң кеңесшілер, 2 медиатор және 37 Әділет департаментінің қызметкерлері қатысты», - деді ол.

Оның дерегінше, ел аумағында халыққа заңгерлік кеңес беру мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қосылған «Адал көмек» жобасы аясында тәжірибелі заңгерлердің, адвокаттардың, нотариустардың және жеке сот орындаушылардың қатысуымен 5 іс-шара ұйымдастырылып, 60-тан аса азаматтарға заңгерлік көмек көрсетілген. Сонымен бірге, облыс аумағында енгізілген карантин шараларын ескере отырып, 123 «Адал көмек» іс-шарасы онлайн режимінде жүргізілген.

Сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған шаралар

Сот актілерін орындау саласы әділет органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Оның сөзінше, әділет органдарымен сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шаралар жүзеге асырылуда.

«Халық үшін борышкерлер тізіліміне, елден шығуға тыйым салуға қол жеткізу қамтамасыз етілді, атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті жұмыс жасайды. Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың 52 деректер базасымен біріктірілді. Бұл сот орындаушыларына: атқарушылық құжаттарын электронды форматта алуға ықпал етті. Осылайша, атқарушылық істі негізсіз қозғау және ерікті түрде айыппұлдарын өтеген адамдардың құқықтарын шектеу мәселесі шешілді. Борышкерлердің мүліктік жай-күйі туралы ақпаратты алуға, ауыртпалық салуға/алуға және электронды форматта қамтамасыз ету шараларын қабылдауға ықпал етті», - деді ол.

Қазіргі уақытта істі тоқтату және барлық шектеу шараларын алып тастау рәсімі толық автоматтандырылған. Сондай-ақ, сауда-саттықтың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында «Бірыңғай электронды сауда-саттық алаңы» модулін жаңғыртудың түбегейлі шаралары қабылданған. Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың саны - 15, жеке сот орындаушылардың саны – 100.

«Мемлекеттік сот орындаушылардың өндірісінде – 2816 атқару өндірісі бар (жалпы сомасы 38 млрд теңге құрайды), ал жеке сот орындаушыларында 301 922 өндіріс атқарылуда (105 млрд теңге). 2020 жылы 281 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 100 борышкерге айыппұл салынса, 155-сі әкімшілік қамауға алынды, 26-на ескерту берілді», - деді департамент басшысы.                

Оның сөзінше, мемлекеттік қызмет көрсету бағыты да әділет органдырының басты функцияларының бірі. Бұл бағыт бойынша, департаментпен - 12 мемлекеттік қызметтердің түрі (10-ны электронды сипатта, 1 қызмет баламалы, 1 қызмет қағаз жүзінде көрсетіледі) бойынша жеке және заңды тұлғаларға – 7658 қызмет көрсетілген. Коммерциялық ұйымдарды тіркеуі Азаматтарға арналған үкімет корпорациясына берілуі азаматтардың уақыты мен шығынын қысқарту бойынша оң әсерін тигізген.                                   

«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақтылы және сапалы қарау департаменттің ең бірінші алдына қойған мақсатының бірі. Есепті кезеңде жеке тұлғалардан 2377, заңды тұлғалардан 1273 өтініштер мен сұраныстар түсті. Барлығы заң талаптарына сәйкес қаралып 1051 қанағаттандырылып, 1346 тұлғаға түсіндірме берілді. Сонымен қатар, департаментке бөлінген қаражат жүз пайызға игерілген», - деді ол.

Сонымен қоса, ол Департамент қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа және әдеп кодексінің талаптарын бұзған фактілері тіркелмегенін атап өтті.

Барлық жаңалықтар