• Басты
  • ДСМ: Соңғы екі аптада сырқаттанушылық деңгейі 10% - ға төмендеді

ДСМ: Соңғы екі аптада сырқаттанушылық деңгейі 10% - ға төмендеді

24 Тамыз, 2021 09:18

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы екі аптада індет біртіндеп азая бастағанын мәлімдеді. Оның мәліметінше, сырқаттанушылық деңгейі 10% - ға төмендеген. Сондай-ақ, ол күздегі эпидахуалдың жаңа болжамын атады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Әлемдегі эпиджағдай

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың дерегінше, әлемде КВИ-дің 213 миллионнан астам жағдайы тіркелген, ал тәулігіне 480 мыңнан астам адам вирус жұқтыруда. Соның ішінде 4,4 миллионнан астам адам қайтыс болған.

Оның айтуынша, ДДСҰ-ның алты аймағының төртеуінде шілде айының екінші онкүндігінен бастап сырқаттанушылықтың өсу үрдісі байқалады.

«Соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Әзірбайжанда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 63% – ға, Жапонияда 34% - ға және Израильде 33% - ға өсті. Қазақстанда бір апта ішінде өсім 7% - ға төмендеді», - деді министр.

Еліміздегі жағдай

Министрдің мәліметінше, Қазақстан 1 млн тұрғынға шаққандағы әлемдік рейтингте сырқаттанушылық пен өлім-жітім бойынша 222 елдің ішінде 101-орында тұр. 24 тамыздағы жағдай бойынша елімізде covid-19 оң нәтижесімен 748 851 науқас және КВИ-мен 67 870 жағдай тіркелген.

Сонымен қатар, Түркістан облысын қоспағанда барлық өңірлер қызыл аймақта орналасқан. Ол соңғы екі апта ішінде коронавирустық инфекция жағдайларының саны біртіндеп төмендегені байқалатынын жеткізді.

«Соңғы 2 аптада сырқаттанушылық деңгейі 10% - ға төмендеді.1 тамыздан бастап елде коронавирустық инфекцияның таралу индексі 1,11-ден 0,93-ке дейін 1,2 есеге төмендеді», - деді Алексей Цой.

Төсек-орын жүктемесі

Министрдің айтуынша, инфекциялық төсек – орын – 49%-ды, реанимациялық төсек-орын-46% құрап отыр.Сондай-ақ, соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің жүктемесі 12% - ға төмендеген.

«Инфекциялық төсектердің жоғары жүктемесі Ақтөбе облысында - 68%-ды, Алматы қаласында – 61%-ды, Алматы облысында – 59%-ды құрайды», - деді министр.

Вакциналау қарқыны

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде 1 компонентпен 6,4 млн адам егілген.Бұл тиісті халықтың 64%-ын құрайды.Ал 2 компонентпен 5 миллионнан астам адам егілген, ол тиісті халықтың 50%-ын құрайды.

Оның айтуынша, вакцинамен қамтудың ең жоғарғы көрсеткіші 9 өңірде байқалады.Олар, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Атырау облыстарында екен.

«Бірінші дозамен вакцинациялаумен қамтудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында 38% байқалады. Егу пункттерінде барлығы 1 млн 400 мың бірінші компонент және 940 мың екінші компонент бар», - деді Алексей Цой.

Министр өз сөзінде аурушаңдыққа жасалған талдау індет жұқтырғандар мен аурудың ауыр ағымына шалдыққандардың негізгі үлесі вакцина алмаған халыққа тиесілі екенін жеткізді. Мәселен, 1 ақпаннан бастап вакцина салдырмағандар КВИ-мен ауыратын науқастардың салыстырмалы салмағы 97,5% - ды құрайтынын жеткізді. Ал екпе алған азаматтардың тек 2,5% - ы ғана ауыру жұқтырған.

«Реанимацияда және өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатқан пациенттердің 95%-ы екпе алмағандарға тиесілі», - деді ол.

Министр ұсынылған мәліметтер вакцинацияның тиімділігін тағы бір рет айқын көрсететінін атап өтті. Осыған байланысты тағы да халыққа жүгініп, осы уақытқа дейін екпе алмаған азаматтарды екпе салдыруға қатысты дұрыс шешім қабылдауға шақыратынын жеткізді.

«Бұл бәрімізге өз денсаулығымызды ғана емес, жақындарымыз бен әріптестеріміздің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», - деді Алексей Цой.

Эпидахуалдың үш сценарийдегі ықтимал болжамы

Алексей Цой министрлік қараша айына дейінгі эпидемиологиялық болжамды жаңартқанын жеткізді.Оның дерегінше, пессимистік сценарий бойынша қыркүйек айында 6 300 жағдайға, қазан айында 2400 жағдай жетеді.

"Шынайы сценарий бойынша қыркүйекте 5 400 жағдайға, қазанда 1 800 жағдайға жетеді. Оптимистік сценарий жағдайында қыркүйекте 4 200 жағдайға, қазанда 1 300 жағдайға жетеді», - деді министр.

Барлық жаңалықтар