• Басты
  • ДСМ: Соңғы екі аптада еліміздегі сырқаттану деңгейі 36%-ға төмендеді

ДСМ: Соңғы екі аптада еліміздегі сырқаттану деңгейі 36%-ға төмендеді

28 Қыркүйек, 2021 10:02

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елемізде сырқаттанушылықтың төмендегені байқалатынын атап өтті. Оның мәліметінше, соңғы екі аптада сырқаттанушылық 36%-ға төмендеген. Сондай-ақ, ол 15 қыркүйекте тұмауға қарсы жыл сайынғы вакциналау науқаны басталғанын айтып өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Әлемдегі эпиджағдай

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың дерегінше, әлемде барлығы 230 миллионнан астам КВИ жағдайы тіркелген, ал тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркелуде. Сондай-ақ, 4,7 миллионнан астам адам қайтыс болған.

Оның айтуынша, ДДСҰ-ның деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елдің 22 елінде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

«Соңғы 14 күнде сырқаттанушылықтың ең көп өсуі Украинада байқалды, онда бір апта ішінде сырқаттанушылық 100%-дан астам, Польшада, Венгрияда, Молдовада- 77%-ға дейін, Арменияда, Түркияда, Беларусьте-16-дан 30%- ға дейін өсті», - деді министр.

Министрдің мәліметінше, аурудың өсуі 32 елде, соның ішінде Испанияда 57%-ға, Швейцарияда, Францияда және Әзірбайжанда 40%-ға, Қырғызстанда-36%- ға, Грузияда-32% - ға, Израильде-21% - ға, Германияда-18%- ға төмендеген.

Еліміздегі эпиджағдай

Оның дерегінше, елімізде де сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Соңғы екі аптада сырқаттанушылық 36%- ға төмендеген. Сондай-ақ, жасыл аймақта орналасқан 4 аймақ бар. Олар Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары. Сары аймақта 8 өңір орналасқан болса, қызыл аймақта 5 аймақ бар.

«Қазақстанда тамыз айының екінші жартысынан бастап эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады, сырқаттану 3,2 есеге, ал өлім-жітім 2,7 есеге төмендеді», - деді Алексей Цой.

Министрдің дерегінше, соңғы айда тәулігіне сырқаттанғандар саны 3,6 есе азайған.Сондай-ақ, 27 қыркүйектегі жағдай бойынша стационарлық емделуде жүрген науқастар санының 27 тамыздағы жағдай бойынша 25 мыңнан 10,5 мың адамға дейін 2,4 есе азайғаны байқалған. Амбулаториялық емделуде жүрген науқастар саны 89 мыңнан 51 мың науқасқа дейін 1,7 есе азайған.

Төсек-орын жүктемесі

Жалпы еліміз бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің жүктеме деңгейі 56-дан 33% - ға дейін, реанимациялық төсектер 45-тен 32%- ға дейін төмендегені байқалған.

Вакциналау қарқыны

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде вакцинаның 1-компонентімен 7,5 миллионнан астам адам егілген. Ол тиісті халықтың қамту 75,8%- ын құрады. Ал 2-компонентпен тиісті халықтың 64,7% - ын қамтылған.Яғни, 6,4 миллионнан астам адам егілген Сондай-ақ, ол өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілгенін атап өтті. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

«Вакцинация әлі күнге дейін коронавирустық инфекцияның алдын-алудың жалғыз нақты шарасы болып табылады. 15 қыркүйекте тұмауға қарсы жыл сайынғы вакциналау науқаны басталды»,- деді министр.

Оның дерегінше, ағымдағы эпидемиологиялық маусымға Бірыңғай дистрибьютор-"СК-Фармация" ЖШС тұмауға қарсы вакцинаның 2 526 754 дозасын сатып алған. Бұл республиканың жалпы халқының 13%- ын қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол медициналық қызметкерлер, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататынын жеткізді. Бүгінгі таңда шамамен 270 мың адам немесе халықтың 10,5% егілген.

Барлық жаңалықтар