ДСМ: Соңғы екі аптада елдегі сырқаттану деңгейі 11%-ға төмендеді

4 Қараша, 2021 11:32

Бүгін үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, соңғы екі аптада сырқаттанушылық көрсеткіші 11%-ға төмендегенін атап өтті. Сонымен қоса, қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Әлемдегі эпиджағдай

Әлемде КВИ-дің 248 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5 миллионнан астам адам қайтыс болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінің деректері бойынша, соңғы екі аптада 53 елдің 45-інде сырқаттанудың өсуі байқалуда.

«Соңғы 14 күнде сырқаттану деңгейі Мажарстанда барынша ұлғайған. Бұл елде ауру 230%-дан артық, Польшада – 200%- дан артық, Аустрияда – 100%-дан артық, Әзербайжан және Германияда 80%-дан артық өскен», -деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.

Вице-министрдің дерегінше, сырқаттану көрсеткіші Еуропаның 9 елінде төмендеген. Оның ішінде Израильде 57 %-ға, Түркияда 9%-ға, Испанияда 7 %-ға азайған.

Еліміздегі эпиджағдай

«Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 11 %-ға төмендеді. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша- 105 орында, өлім көрсеткіші бойынша 102 орында тұр», -деді вице-министр.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда елімізде «жасыл» аймақта 9 өңір бар. Олар Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы.

«4 өңір – «сары» аймақта. Олар Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары. «Қызыл» аймақта Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалып отыр», - деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, елдегі COVID-19 вирусымен сырқаттанудың репродуктивтік саны – 0,93. Сондай-ақ, ол елімізде соңғы екі айда сырқаттану 2,8 есе – аптасына 33 346 жағдайдан 11 709 жағдайға дейін азайғанын мәлімдеді.

«Өлім 4,1 есе – аптасына 761 жағдайдан 184 жағдайға дейін кеміді. Бұл жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын көрсетеді», - деді Марат Шоранов.

Оқушылар арасында сырқаттану

Оның мәлметінше, мектепке дәстүрлі форматта баратын оқушылар арасында 15 028 жағдай тіркелген. Оның ішінде байланыста болған адамдар арасында –1 317 науқас анықталған. Бұл ауырған оқушылардың жалпы санының 8,7 %-ына тең.

«Қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеді. Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сырқаттанудың 1,4 есеге дейін өсуі байқалып отыр», - деді ол.

Вакциналау қарқыны

Вице-министрдің дерегінше, 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің қамтылуы 56%-дан 33%-ға дейін, реанимациялық төсектердің қамтылуы 45%-дан 27%-ға дейін төмендеген. Қазіргі таңда резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар.

«Емдеуді жалғастырып жатқан науқастар саны азайды, соңғы үш айда науқастар саны 2 есе азайды 90 767 науқастан 43 397 науқасқа дейін. COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинамен жалпы халықтың 40,2 %-ы қамтылған», - деді бірінші вице-министр.

Нақтырақ айтқанда, екпенің 1-компонентімен 8 миллион 300 мыңнан астам адам егілген. Егілуге тиісті халықтың 73,4% немесе жалпы халықтың 44,3% қамтылған. Ал 2-компонентпен 7 миллион 600 мыңға жуық адам вакциналанған. Бұл - егілуге тиісті халықтың 66,6% немесе жалпы халықтың 40,2%-ын құрайды.

Барлық жаңалықтар