• Басты
  • Жаңалықтар
  • ДСМ: Елдегі эпиджағдай, ревакцинация, Pfizer жеткізілімі және балаларды вакциналау

ДСМ: Елдегі эпиджағдай, ревакцинация, Pfizer жеткізілімі және балаларды вакциналау

10 Қараша, 2021 15:54

Бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 3 есе азайғанын мәлімдеді. Сонымен қоса, ол ревакцинацияның басталу кезеңін, Pfizer вакцинасының жеткізілу уақытын және балаларды вакциналау қашан басталатыны туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлемдегі эпиджағдай

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлем бойынша індеттен 5 миллионнан астам адам қайтыс болған. Сондай-ақ тәулігіне 400 мыңнан астам жағдай тіркелетінін айтып өтті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа өңірінің деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елдің 40-да сырқаттанудың өсуі байқалады. Соңғы 14 күнде сырқаттану деңгейі Мажарстанда барынша ұлғайған », -деді министр.

Министрдің мәліметінше, Мажарстанда ауру 180%-дан артық, Польшада – 150%-дан артық, Аустрияда – 120%-дан артық, Германияда 90%-ға артық өскен. Сондай-ақ, ол сырқаттанудың өсуі Еуропаның 14 елінде төмендегенін жеткізді. Оның ішінде Израильде 54%-ға, Түркияда 7%-ға және Испанияда 15%-ға кеміген.

«Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 3%-ға төмендеді. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, өлім көрсеткіші бойынша 101-орында тұр. Соңғы үш айда вирус жұқтырған науқастар саны 2,3 есеге азайды», -деді Алексей Цой.

Ревакцинация қашан басталады

Министр өз сөзінде мемлекет басшысының тапсырмасымен халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссиясының ұсынысына сәйкес, бұған дейін халықты ревакцинациялау тәсілдері баяндалғанын айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, ревакцинация 22 қарашада басталады.

«Бірінші кезекте тәуекел тобына кірген адамдар екпе алғандығын, бірінші вакцинация мерзімін ескере отырып, осы жылдың соңына дейін халықтың әлжуаз тобы ревакцинациядан өтеді. Олар – медицина қызметкерлері, педагогтер, МӘМ қызметкерлері және жабық балалар мекемелер», - деді Алексей Цой.

Сондай-ақ, ол 60 жастан асқан адамдарға белгіленген мерзімдерді есепке алмай қайта вакцинациялауға, сондай-ақ зерттеуден өз бетінше өткен және КВИ-ға қарсы антидене тестінің теріс нәтижесі бар адамдар жіберілетінін жеткізді.

«Сәуір айында жаппай алғашқы вакциналаудың басталуын ескере отырып, вакцинацияның толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан кейін 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцинацияға жатады», - деді министр.

Pfizer вакцинасының алғашқы топтамасы қашан келеді

Алексей Цойдың айтуынша, 5 қарашада елімізге Comirnaty (Pfizer) вакцинасының алғашқы топтамасы жеткізіледі. Сондай-ақ, ол балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдерді коронавирус инфекциясына қарсы вакцинамен қамтту мақсатында 4 млн 230 мың доза вакцина сатып алынғанын айтып өтті.

«Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. 12-17 жастағы балалар, жүктілік мерзімі 16-37 апталық әйелдер және бала емізетін әйелдер босанғаннан кейін 42 күннен соң вакциналауға жатады», - деді ол.

Министр Comirnaty (Pfizer) вакцинасын сақтау ерешелігін ескере отырып, 34 мұздатқыш сатып алынып және ол 16 өңірге жеткізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, қосымша 51 мұздатқыш сатып алынған.

«Олар осы жылдың қараша айының соңына дейін жеткізіледі. 15 қарашаға дейін Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 379 мың дозаны құрайтын алғашқы топтамасы жеткізіледі деп күтіледі», - деді Алексей Цой.

Балаларды вакциналау мектепте жүргізіледі

Министр балаларды вакцинациялау балаларды оқу орны бойынша егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізілетнін айтып өтті. Сондай-ақ, ол коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жасөспірімдердің, кәмелетке толмағандардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің ақпараттық келісімінен кейін ғана жүзеге асырылатынын жеткізді. Осы ретте ол Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктері Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге каронавирусқа қарсы вакциналау мәселесі бойынша жасөспірімдердің, кәмелетке толмағандардың ата-анасын немесе өзге де заңды өкілдерін, педагогтерді ақпараттарыу қажеттігін атап өтті.

Инфекциясының таралу қарқыны

Министрдің дерегінше, вирустың репродуктивті индексі 0,90 құрайды. Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары «сары аймақта» орналасқан.

«Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр », - деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде қазіргі таңда шамамен 8,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алған.

Сондай-ақ, ол Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитариялық талаптар шараларының жаппай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі жұмысының тиімділігін күшейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Барлық жаңалықтар