ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды

23 Қараша, 2021 11:40

Бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық жағдайға тоқталып, елімізде коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайғанын айтып өтті. Сонымен қоса, жүкті әйелдер мен балаларды вакциналау және қанша адам тұмауға қарсы екпе алғаны туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Еліміздегі эпиджағдай

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, еліміз және 11 өңір «жасыл» аймақта тұр. Нақтырақ айтқанда, «жасыл» аймақта Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалалары орналасқан. Ал «сары» аймақта Қарағанды, Қостанай, Ақмола облысы және Нұр-Сұлтан қаласы. «Қызыл» аймақта Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.

Министрдің мәліметінше, елімізде соңғы айда аурушаңдық 2,4 есеге, стационарлардағы науқастар 1,4 есеге, амбулаторлық науқастар 1,8 есеге төмендеген. Сондай-ақ, ол репродуктивтілік саны 0,93 деңгейіңде сқталып отырғанын жеткізді.

«Инфекциялық төсектерді жұмыспен қамту – 30%-ды, реанимациялық төсек – 25%-ды құрайды», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Вакциналау қарқыны

Елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау әлі жалғасуда. Министрдің дерегінше, І компонентті 8,7 млн адам салдырған, бұл вакцинациялануы тиісті ересек халықтың 76%-ы немесе жалпы халық санының 46%-ын құрайды. Ал І компонентті 7,9 млн адам алған, бұл тиісті халықтың 70%-ы немесе жалпы халық санының 42,2%-ына тең. Сонымен қатар, Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 645 мың дозасы келіп түскенін атап өтті.

«Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен бүгінгі таңда 35 012 бала, оның ішінде 26 354 бала және 8 658 жүкті және бала емізетін әйелдер егілді. Вакцинаны жеткізу апта сайын жалғасуда», - деді Алексей Цой.

Тұмауға қарсы вакциналау

Министр тұмауға қарсы вакциналау іс жүзінде аяқталғанын айтып өтті. 2 миллион 500 мыңнан астам адам немесе тиісті халықтың 99,3%-ы егілген.

«Тиісті халық санынан халықты қамту 13% құраған және ДДҰ-ның талап етілетін деңгейіне жетті (кемінде 10%). КВИ және ЖРВИ ауруларын бақылау бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда», - деді ол.

Жиында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, шекаралас мемлекеттердегі жағдай босаңсуға болмайтынын көрсетіп отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, кеше елімзде халықты ревакциналау басталған болатын. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде ревакцинация жасау үшін инактивтендірілген QazVac және Sinopharm вакциналары қолжетімді. Өңір бойынша қараша айының соңына дейін 650 адам ревакцинациядан өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ,Ақтөбе облысына Pfizer вакцинасының 40 мың дозасы жеткізілген. Ал Түркістан облысында коронавирус инфекциясына қарсы «Pfizer» екпесін салу жұмыстары 15 қарашадан басталған. Бүгінге дейін 12-17 жас аралығындағы 5513 жасөспірім, 1222 жүкті әйел және 496 лактация кезеңіндегі аналар екпемен қамтылған. Түркістан облысына «Pfizer» вакцинасының 17550 дана мөлшеріндегі екінші партиясы жеткізілген.


Барлық жаңалықтар