• Басты
  • ДСМ: Қазақстанда эпиджағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады

ДСМ: Қазақстанда эпиджағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады

20 Тамыз, 2021 16:54

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы үш аптада елімізде эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалып, бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркеліп отырғанын мәлімдеді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Әлемдегі және еліміздегі эпиджағдай

Алексей Цойдың дерегінше, пандемия басталғалы бері әлемде КВИ-дің 210 миллионнан астам жағдайы тіркелген. 4 миллионнан астам адам қайтыс болған. ДДСҰ мәліметтері бойынша, штамның бұл түрі әлемнің 142 елінде таралған.Министр бұл дельта штамының кең таралуымен байланысты екенін атап өтті.

Қазақстанда 20 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 723 064 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 67 141 жағдай тіркелген. КВИ-мен ауырған науқастардың шамамен 83%-ы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 597 850 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 57 455 науқас сауығып шыққан.

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан және елдің 16 өңірі қызыл аймақта орналасқан. Жасыл аймақта тек Түркістан облысы ғана.

Министрдің мәліметінше, соңғы үш аптада Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалып, бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркеліп жатырғанын жеткізді.

«Осы аптаның өткен 4 күнінде КВИ-дің оң нәтижесімен 28 588 жағдай және КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 376 жағдай тіркелді», - деді министр.

Сонымен қатар, ол 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14%-ға төмендегенін атап өтті.

Төсек-орын жүктемесі

Министрдің мәлімдеуінше, инфекциялық төсек-орынмен қамту – 52%-ды, реанимациялық төсек-орынмен қамту – 48%-ды құрайды. Инфекциялық төсек-орындарының жоғары қамтылуы Ақтөбе облысында - 71%, Қызылорда облысында 66%, Алматы қаласында 63%, Алматы облысында - 60%-ды құрап отыр.

«Sinopharm» вакцинасы

Қазақстанда КВИ қарсы вакцинациялау жалғасуда. Министр бүгінгі күні вакцинаның 11,1 млн дозасы пайдаланылғанын мәлімдеді.Оның дерегінше, бірінші компонентпен 6 276 224 адам егілген, бұл тиісті халықтың 63% - ын құрайды. Екінші компонентпен 4 913 196 адам қамтылған.

Сондай-ақ, елімзге ДДСҰ-да аккредиттелген ҚХР шығарған Sinopharm вакцинасының 1 млн дозасы жеткізілген. Қазіргі таңда егу пункттеріне 659 400 доза вакцина жеткізілген. Осы аптада вакциналау бастаып, 38 161 адам егілген.

«Егу пункттерінде барлығы 1,3 млн бірінші компонент және 940 мың екінші компонент бар», - деді министр.

Мектептерде санитарлық талаптар күшейтілуде

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарының 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі штаттық оқыту режиміне көшуі туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Осыған байланысты денсаулық сақтау саласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлер әкімдіктермен бірігіп, мектептердің оқу жылына дайындығын тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның айтуынша, бұл шара 25 тамызға дейін жалғасады Тексеру барысында мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуына назар аударылатынын атап өтті.

«Қазіргі кезде 354 мектептің дайын еместігі анықталды. ғимараттардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлары, балалар мектепке келгенде ара қашықтықты сақтау туралы айқын белгілердің және қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлердің болуы, сондай-ақ, мектепке кіре берісте балаларды өткізуді бақылау қалай жүргізілетіні тексеріледі», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, қазіргі кезде бас санитарлық дәрігердің қаулысының жобасы әзірленуде. Онда сыныпта бір бала КВИ жұқтырса, науқаспен байланыста болғандықтан сыныпты толықтай карантинге жіберу қарастырылған. Сонымен қатар, балалардың жаппай ауырып қалуына жол бермес үшін мектептерде санитарлық талаптар күшейтілуде.

Барлық жаңалықтар