• Басты
  • Дін көшбасшыларының тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі қандай

Дін көшбасшыларының тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі қандай

24 Ақпан, 2021 16:07

Ақпан айында конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықаралық деңгейдегі тематикалық конференциялар топтамасын өткізді. Жиында талқыланған тақырыптар мен Қазақстанның әлем діндері көшбасшыларының жиынын өткізудегі рөлі туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Әлемнің дін көшбасшылары Қазақстанға риза

Әлемде жамағатты рухани   даму мен шынайы ізгілікке шақыратын, әртүрлі дін өкілдерінің басын қосып, ғаламдық мәселелер көтеретін жиындар некен-саяқ. Дінаралық диалогты ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған Қазақстанға дін көшбасшылары риза. Сондай жиынның бірі өткен аптада Қазақстанның ұйымдастыруымен онлайн түрде өтті. Онлайн өткеніне қарамастан әлемнің түкпір-түкпірінен дін мен этнос көшбасшылары жиынға түгел қатысты.

«PeaceTalks» пікірталас алаңында өткен ауқымды шараға Қазақстан мемлекеттік органдары мен діни бірлестіктерінің өкілдері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының мүшелері, алдыңғы қатарлы шетелдік сарапшылар және Сауд Арабия Корольдігі, Мысыр Араб Республикасы, Ватикан, Үндістан, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Иран Ислам Республикасы халықаралық ұйымдарының беделді спикерлері қатысты. Талқыланған тақырып: діни лидерлердің әлем дамуының тұрақтылығына қол жеткізудегі рөлі.

Халықаралық және қазақстандық сарапшылар жаһанда бейбітшілік пен келісім әрі тұрақтылыққа қол жеткізу үшін әлемдік қауымдастықтың күш-жігеріне көмек көрсету, сондай-ақ ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейдегі конфессияаралық диалог пен тиімді ынтымақтастықты нығайтуға діни көшбасшыларды араластыру туралы айтылды.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының жаңа басшысы

Онлайн-конференцияның алғы сөзін алған ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының жаңа басшысын таныстырды. Орталыққа басшы болып Сәрсенбаев Болат Серғазыұлы тағайындалды.

190904194537647e.jpg

Вице-министрдің айтуынша, әлемде бейбітшілік пен келісім үшін ең маңызды міндет діни көшбасшылардың позитивті көзқарасы, олардың бір-бірімен байланысы, сондай-ақ конструктивті әрекеттеріндегі бір-бірімен байланыс және қолдау. 

Болат Сәрсенбаев бүгін жаһандық даму перспективаларына қатысты әртүрлі проблемаларға деген көзқарастармен алмасуға мүмкіндік бар екендігін жеткізді. Айтпақшы, жаңадан сайланған төраға ауқымды шараның модераторлық тізгінін өз қолына алды.

«Қазіргі заман сын-қатерлері қауіпсіздік пен дамудың жаңа парадигмаларын құруды талап етеді. Оның негізінде серіктестік, өзара сыйластық, толеранттық және өзара түсінушілік ұстанымдары болу керек. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бірегей алаң бола тұра, өзін діни көшбасшылар өкілдері арасында диалогты жылжытудағы ықпалды платформасы ретінде таныстырды. Енді бұл қағидалардың барлық жерде ортақ болуы маңызды», – деді ол.
Дінаралық диалогқа қатысқан елдер

Онлайн байланысқа шыққан әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан спикерлер әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі аясында әлемдегі діндер арасындағы байланыс пен диалог орнатуда Қазақстанның сіңірген еңбегін жоғары бағалады.

Халед Акаше, Папалық Кеңестің ислам істері бойынша бюросының басшысы және Мухаммед Мехди Тасхири, Иран Ислам Республикасы Дінаралық диалог халықаралық орталығының төрағасы Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдауда жинақтаған тәжірибесін тиімді ілгерілете отырып, жалпыұлттық келісім мен қоғамды біріктірудің көрнекі үлгісін көрсетіп жатыр деген ортақ пікірге келді. Сарапшылар әлемдік және дәстүрлі діндердің жаһандық диалогын дамытудағы елдердің халықаралық бастамаларының маңыздылығына тоқталды. Ресей-араб зерттеу және ақпарат орталығының төрағасы Маджид Абдулазиз ат-Турки және Доркинг қаласы Ағылшын шіркеуінің өкілі Джо Бейли Уэллс қатысушыларды өшпенділік пен шыдамсыздық себебінен пайда болатын зорлық-зомбылық оқиғаларын болдырмау және мызғымас тұрақтылыққа жетудегі әлемдік қауымдастықтың белсенді әрекеттеріне барынша қолдау көрсетуге шақырды. Спикерлер пандемия зардаптарына қарамастан дінаралық қарым-қатынастарды нығайтуға мемлекеттер қолдау көрсетіп, рухани құндылықтарды насихаттауда өзінің тәжірибелік үлестерін қосу қажет деп атап өтті.

Бір жарым сағатқа созылған онлайн конференция ғаламдық мәселелерді қамтыды. Архиепископ, Қазақстанның Евангелия-Лютеранды церквінің басшысы Юрий Новгородовтың айтуынша, соңғы кезде әлемде орын алып жатқан жағдайлар әлемнің діни көшбасшыларының рөлі мен олардың тұрғылықты жерінің маңыздылығын айқындады.

Халықаралық онлайн-конференцияның қорытындысы бойынша қатысушылар дінаралық диалогты нығайту мәселелері бойынша одан әрі жемісті ынтымақтастықты жалғастыру, «PeaceTalks» дискуссиялық алаңының шегінде тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеу туралы келісімге қол жеткізді.

Дін көшбасшыларының Қазақстандағы басқосулары

Әлемнің діни лидерлерінің Қазақстанда бас қосуы бұған дейін де болған. Бұл жолғы конференция жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, онлайн форматта өткізілді. Оның үстіне пандемия жағдайында ірі басқосулар мүмкіндігіне шектеулер қойылған.

Қазақстандағы діни лидерлерің ең алғашқы жиыны 2003 жылдың қаңтарында болған. Осы айтулы шараға арнайы салынған Бейбітшілік пен келісім сарайы пирамида үлгісінде астананың қақ ортасынан бой көтерген сәулетті ғимарат. Әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан бұл жиында «террорлық» тақырыбы талқылынды. Себебі, 2001 жылы әлемді дүр сілкіндірген «11 қыркүйек» оқиғасынан кейінгі кезең әлем тұрақтылығы үшін сыни кезең болды. Сол кездері сақалды кісінің бәріне «терроршы» қарайтын түсінік әлем халықтарының көбінде болғаны жасырын емес. Әсіресе, мұсылмандарға көзқарас өзгерді. АҚШ тың №1-лаңкесті іздеп, ауған жеріне тұтқиылдан төніп, Ирактың билігін төңкеріп, басшысын дарға асқан қиын-кезеңдер болатын. Сол қиын кезеңде Қазақстан әлемнің діни басшылары мен лидерлерін бір бөлмеге жинап, әлемде тұрақтылық орнату туралы диалог құра білді.

58f070e37c2e3.jpg

Қазақстаннның ұйымдастыруымен өткен бұл шара дүниежүзілік ұйымдар тарапынан қолдау тапты. БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО сияқты халықаралық бірлестіктер діни көшбасшыларының Қазақстанда өтетін съездеріне қатысуға ықылас білдірді. Пандемияға дейін әр үш жыл сайын Елорданың бейбітшілік және келісім сарайында әр үш жыл сайын әлемнің діни көшбасшылары жиналып, ғаламдық мәселелерді талқылады.

Жер бетіндегі бірде-бір дін соғысты, қастандықты, террорлық әрекетті, есірткі мен қару-жарақ ұлттар қақтығысын насихаттамайды. Алайда, лаңкестік топтар мен экстримистер діннің астарына ұмтылып, теріс әрекеттерге барады. Дін көшбасшыларының айтуынша, көп жағдайда мұндай әрекеттер саясаттың ықпалымен жүзеге асады. Ислам ынтымақтастық ұйымының басшысы Ияд Амин Мадани съезде былай деген еді:

«Терроризм бұл - саясаттың құралы. Оны жеңу үшін алдымен саяси мәселелерді шешу керек», - деді.

Өзге де дінбасылар мен лидерлердің пікірінше, әлемнің дамуы, рухани мәселелерді дін басшылары саясаткерлермен бірлесе отырып шешу керек деп есептейді. Әлемдегі көп түйткілдің түйіні ресурс тапшығында жатыр. Кей жағдайда қарулы қақтығыстардың астарында – мемлекеттік мүддеден бұрын су, жер, қазба байлықтары, мұнай дауы бар.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев съездердің бірінде сөйлеген сөзінде әлемнің барлық діні адамзатты сабырға шақыратынын айтқан еді.

«Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырға, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда. Адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді. Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі - бұл ислам.   Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез-келген формасын ақтау үшін пайдалануға тырысу – күпірлік. Осынау күрделі кезеңде барлық діни қайраткерді өз жамағаттарын татулық пен келісімге, толеранттылық пен кешірімділікке үндеуін еселей түсуге шақырамын», - деген болатын Назарбаев.

Діндер мен этностар арасындағы рухани келісімді насихаттап, халықтарды өзара түсіністікке, төзімдікке шақыруды өзінің азаматтық миссиясына айналдырған тұлғаларды осындай діндер көшбасшыларының съездерінен білуге болады.

Осындай әлемнің тұрақты дамуына арналған жиында Иордания королі Абдолла Ибн Хуссейн дін көшбасшыларының ашық диалог құруы халықаралық қатынастардағы маңызды әрекет екеніне назар аударған болатын.

«Бүгінгі таңда мұндай пікірталас, диалогтық алаң әсіресе маңызды. Өйткені, біз өз дінімізге, бейбітшілігімізге мейлінше қатер төндіретіндермен бетпе-бет келіп отырмыз. Жаһандық террор туралы әңгіме болғанда бұған жан-жақты қарсы тұру қажет. Бұдан бөлек, бүгінгі күні дағдарысты өңірлерде жапа шегіп жатқандарға халықаралық көмектер, саяси шешімдер арқылы болатын жәрдемдер аса қажет. Өйткені, ондай отты нүктелерде қалған адамдар дүниеден оқшауланған сезімде болмауы керек. Біз бірігуге тиіспіз, бірімізге біріміз жақынбыз, жақындауға тиіспіз», - деді ол.

Барлық жаңалықтар