• Басты
  • Дін саласы: «YZ CLUB» алаңы, «Жусан» операциясы және деструктивті діни ағымдар

Дін саласы: «YZ CLUB» алаңы, «Жусан» операциясы және деструктивті діни ағымдар

7 Қыркүйек, 2021 13:11

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов елдегі дін саласының жалпы жағдайы туралы айтты. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Дін істері комитеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыруға және іске асыруға қатысады.

2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар

Комитет төрағасының айтуынша, 2020 жылғы желтоқсанда қабылданған Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспардың аясында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ:

1) мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаттарын нығайту;

2) мемлекет пен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз ету;

3) дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу, сондай-ақ діни радикалды идеологиядан зардап шеккен тұлғаларды теологиялық-психологиялық оңалту

Сонымен бірге, ол әлемдік пандамияның салдары барлық салаға, оның ішінде дін аласына да бірқатар өзгеріс алып келгенін атап өтті.

«Бұл ретте, біз де өз жұмысымызды ағымдағы жағдайға бейімдедік. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын онлайн форматқа көшіріп, интернет кеңістіктегі жұмысымызды күшейттік. Соңғы жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша дін саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты қолдаудың үлесі 87,6%-ға жетуі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр», - деп толықтырды Ержан Нүкежанов.

Оның сөзінше, каратиндік шектеулер кезеңінде халықтың интернет кеңістікке деген қызығушылығының артуымен олардың діни радикалдық ақпарат көздеріне тап болу тәуекелі пайда болған. Осыған орай комитет ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын мақсатты топтарға бағыттап, интернет кеңістіктегі мониторинг және талдау нәтижелерін негізгі бағдар ретінде пайдалана бастаған.

«Өңірлердегі дін мәселелері бойынша құрамы 2605 адамнан тұратын   229 ақпараттық-түсіндіру топтарының әлеуетін пайдалана отырып, ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында 1 млн 536 мыңнан астам адамды қамтитын 12 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Діни деструктивті идеологияның ықпалына түсу ықтималдығы жоғары мақсатты топтардың 35%-ын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтыдық. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, аталған шаралар халықтың дінтанулық сауаттылығын арттырып және діни радикалды иделогияға қарсы иммунитет қалыптастырып қана қоймай, 1-жартыжылдықта әлеуметтік желілердегі діни деструктивті топтарда    тіркелген 512 мың отандастарымыздың 84 мыңнан астамының аталған топтардан шығуына өз ықпалын тигізген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр.

«Сонымен бірге, діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын 80 мыңнан астам материалды жойып, 301 материалды бұғаттадық. Дегенмен бұл мәселені тек шектеумен шеше алмайтынымыз анық. Бұл ретте мамандарымыздың медиа қабілетті болуы маңызды. Сондықтан біз жергілікті жердегі сала мамандарына жаңа медианың қажетті дағдыларын «SMART MEDIA» жобасы арқылы үйретуді бастадық», - деді Ержан Нүкежанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 300-ден астам маман (АТТ мүшелері, дінтанушылар, теологтар, жергілікті БАҚ өкілдері) медиа біліктіліктерін дамытқан.

«Осы жобаның нәтижесінде 62 мыңнан астам ақпараттық материалдар әзірленіп, жарияланды. Өткен жылы осы кезеңде 26 мың жарияланым болғанын ескерсек, бұл екі есеге көп. Сонымен қатар, дайындалған контенттердің де сапасы жақсарып, халықтың қызығушылығы артып келеді. Атап айтқанда, дін радикализмге қарсы бағытталған «Жұмақ» қысқа метражды фильмін 1 миллоннан астам көрермендер тамашалады», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол комитет дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ақпараттық жұмыстарды біріздендіру мақсатында ақпараттық басымдықтардың бірыңғай медиа-жоспарын әзірлегенін еске салды. Қазіргі таңда, республика бойынша халықты ақпараттандырудың негізгі бағыт-бағдары қалыптасқан.

«Осы уақытқа дейін айтылып келген дін саласындағы маман тапшылығы мәселесі қазіргі таңда өз шешімін тауып келеді деп айтуға болады. Жыл сайын дінтану исламтану, теология мамандықтары бойынша 500-ге жуық маман дайындалады», - деді ол.

Алайда, жергілікті жерлердегі дін саласындағы орталықтардың еңбекақы көлемінің төмен болуы олардың әлеуетін толыққанды пайдалануға мүмкіндік бермей отырғанын тілге тиек етті. Бұл ретте, оның сөзінше, комитет өз құзыретінің шегінде аталған мәселе шешу мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«YZ CLUB» диалог алаңы

Сонымен бірге, ол жас мамандармен тұрақты байланыс орнату мақсатында «YZ CLUB» диалог алаңы ашылғанын атап өтті. Оның пікірінше, платформа дін саласындағы өзекті мәселелерді жастармен талқылап, жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруға өз ықпалын тигізбек.

«Халыққа қызмет – маңызды міндет» жобасы

Бұдан басқа, комитет төрағасы мекеменің халықпен тұрақты кері байланыс орнату мақсатында «Халыққа қызмет – маңызды міндет» жобасын бастағанын тілге тиек етті. Оның мәліметінше, жоба аясында Комитеттің басшылық құрамы Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығу арқылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, халықтың сұрақтарына жауап береді. Бұдан басқа, діни қызмет саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде 7 қызметтің 6 электронды үкіметтің порталында қолжетімді. Жетінші қызметті автоматтандыру жұмыстары басталды.

«Соңғы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы халықтың 87,2%-ы дінге сенушілер екенін көрсетіп отыр. Бірақ бұл көрсеткіш нақты діндарлықты білдірмейді. Біздің мемлекетіміздің зайырлылық қағидаттарын қолдайтынын назарға алсақ, дінге сенушілердің де, сенбеушілердің де тең құқығын сақтау біздің міндетіміз», - деді ол.

Өкінішке орай, оның сөзінше, қоғамда зайырлылық қағидаттары туралы толыққанды түсінік болмауы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде бірқатар тәуекелдерді қалыптастыру мүмкін. Оның ішінде діни сауаты жоқ өнер жұлдыздарының, блогерлік қауым өкілдерінің әлеуметтік желілерде діни насихат немесе діни кеңес беру сынды әрекеті байқалуда.

«Бұл еліміздің зайырлылық қағидаттарын ғана бұзып қоймай, халықты діни адасушылыққа алып келуі мүмкін екенін атап өткіміз келеді. Осыған орай, халықты дін саласында тиісті білімі, құзыреттілігі бар тұлғалардан діни кеңес алуды сұраймыз. Сондай-ақ, ҚР тіркелген діни бірлестіктердің ресми ақпарат көздерімен бірге «Қазислам» интернет ресурсынан дінге қатысты сенімді ақпарат алуға болады», - деді комитет басшысы.

Бұл ретте, мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаттарын қоғамда ақпараттық ілгерілету жоспарының аясында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Мұғалімдерге арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні бойынша оқу-әдістемелік ұсынымдардың жобасы әзірленіп, келісуге жолданды. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен жастарға талғамына сәйкес келетін анимациялық видеороликтер әзірлеуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Деструктивті діни ағымдар

Бұдан бөлек, ол деструктивті діни ағымдардың ұстанушылармен жоспарлы жұмыстар жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Оның мәліметінше, аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін республиканың барлық өңірлерінде филиалдары бар «Ақниет» оңалту орталығының білікті мамандары тартылуда. Республика бойынша діни радикалды идеологиядан зардап шеккен тұлғаларды теологиялық-психологиялық оңалтудың бірыңғай тетіктері енгізілген.

«Сонымен бірге, ҚМДБ имамдары да осы маңызды міндеттерді іске асыруда көмек беруде. Қазіргі таңда бұл салада білікті мамандардың көбейіп келе жатқаны қуантады», - деді ол.

«Жусан» гуманитарлық операциясы

Сонымен бірге, комитет басшысы «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында террористік белсенділік аймағынан оралған 188 әйелді оңалту және қайта әлеуметтендіру бойынша кешенді жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінгенін тілге тиек етті.

«Бүгінгі күні жүргізілген жұмыс нәтижесінде олардың 95%-ы (188 әйелдің 181-і) радикалды діни көзқарастарынан бас тартты, ал кейбіреулері толығымен зайырлы өмір салтына көшті», - деді ол.

Сонымен қоса, ол биылғы екінші жартыжылдықта комитет алдына қойылған бірқатар міндеттерге тоқталды. Атап айтсақ:

1.       Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыру.

2.       2. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезінің XIX хатшылығын сапалы ұйымдастыру және өткізу.

3.       Нысаналы топтардың 70%-ын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамту.

4.       Деструктивті діни ағымдардың жолын ұстаушылардың 70%-ын теологиялық-психологиялық оңалту іс-шараларымен қамту.

5.       Әлеуметтік желілердегі деструктивті діни идеологияларға қарсы насихат жұмыстарына тартылған мамандарды оқыту семинарларын жалғастыру.

Барлық жаңалықтар