• Басты
  • Денсаулық сақтау министрі Атырау облысындағы инфекциялық стационарды онлайн түрде аралады
7 Шілде, 2020 13:51

Денсаулық сақтау министрі Атырау облысындағы инфекциялық стационарды онлайн түрде аралады

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің facebook желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
Денсаулық сақтау министрі Атырау облысындағы инфекциялық стационарды онлайн түрде аралады
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысындағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін №2 облыстық аурухана мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын онлайн режимде аралады.

Министр қабылдау бөлімшесінің, жағдайы ауыр пациенттерге арналған реанимация бөлімшесінің және инфекциялық бөлімшенің, 103 диспетчерлік қызметі мен мобильді әмбебап бригаданың жұмысымен танысты.

Қазір № 2 облыстық ауруханада COVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққан пациенттерге арналған 180 инфекциялық төсек бар. 162 науқас ем алуда, төсек-орынның 90% бос емес. Ауруханадағы 100 орын оттекті консольмен қамтамасыз етілген, 12 ӨЖЖ аппараты бар.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н. Қабдықапаров қосымша 90 төсектік инфекциялық стационар салу жоспарланып отырғанын айтты. Демеушілер тағы 30 ӨЖЖ және 100 оксигенация аппаратын сатып алып бермек. Бұдан басқа, Құрманғазы ауданында компьютерлік томография аппараты алынады.
"Орталықтандырылған оттегі жүйесі жоқ жерлерге оттегі концентраторын орнату керек. Егер оттегісіз жұмыс істейтін концентраттар болса, оны сатып алу қажет. Мұндай аппараттарды бірінші кезекте мұқтаж стационарларға жіберіңіздер", - деді министр.

Кезек облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына келгенде Алексей Цой 103 диспетчерлік қызметімен, жедел жәрдем қоңырауын қабылдау, пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты қоңырауларды сұрыптау жұмысымен танысты. Бүгінде 42 жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетеді, тәулігіне шамамен 1 100-1 200 шақыру қабылдайды, жүктеме екі есе артты.

Министр мобильді әмбебап бригаданың жұмысын күшейтуді, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында дәрілік заттарды уақытылы жеткізуді, сонымен қатар, инфекциялық стационарлардан шыққан науқастардың амбулаториялық еміне ерекше назар аударуды тапсырды.

Мобильді бригада бір тәулікте 35 қоңырауға қызмет көрсетеді, мамандар респираторлық ауру бойынша шақырғандардан ПТР-тест көмегімен COVID-19 анализ алады, пациентті қарап, сатурациясын өлшейді.

А. Цой онлайн түрде нысандарды аралап болған соң, Денсаулық сақтау басқармасының басшысымен өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, кен орындарында індеттің өршуінің алдын алу, жағдайы ауыр пациенттерді шұғыл емдеудің әдісін әзірлеу, медицина мамандарының дифицит мәселесін шешу сынды проблемалар сөз болды.

Денсаулық сақтау министрі коронатакси жұмысына, эпидемиологиялық жағдайларда ТМККК мен МӘМС пакеттерін қаржыландыруды қайта қарау мәселесін ерекше атап өтті.

"Коронатаксиге баса назар аудару керек, бұл іске іші таза кез-келген такси араласа алады. Егер емханада көлік жетпей жатса, бұл жергілікті әкімдік көмектеспейді деген сөз", - деді Министр.

Сондай-ақ, министр инфекциялық стационардағы пациенттермен виртуалды түрде кездесіп, олардың тез сауығып кетуін тіледі.

Барлық жаңалықтар