- Басты
- Жаңалықтар
- «Денсаулық» бағдарламасы: медициналық білім беруді жаңғырту мәселелері
«Денсаулық» бағдарламасы: медициналық білім беруді жаңғырту мәселелері
Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген жақсы сөз бар. Адамның дені сау болса алға қойған мақсатына жетуде, еңбек етуде үлкен демеу болары сөзсіз. Сондықтан мемлекет тарапынан ел азаматтарының денсаулығын жақсарту, бұқаралық спортты дамыту сынды бағыттарда бағдарламалық кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қазақстанда орталық органдардың мемлекеттік бағдарламасы, ал жергілікті атқарушы органдардың аумақты дамыту бағдарламалары бар. Уәкілетті органның қысқа мерзімді атқаруы жоспарлаған жұмыстарын көрсететін бұл бағдарламалық құжаттар әрбір институттың жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Бағдарламалық құжатта көрсетілген индикаторлардың орындалу деңгейіне қарап, құрылымның жұмысының тиімділігін бағалауға болады. Бұл мақалада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жүргізілген медициналық білім беруді жаңғырту мәселесі қарастырылады. Бұл бағыттың өзектілігі –білім берудің сапасы медицина мамандарының да, саладағы қызметтің де сапасын айқындайды.

«Денсаулық» бағдарламасындағы медициналық білім беруді жетілдіру шеңберіндегі жұмыстарды үш негізгі бағытқа топтастыруға болады:
- Ұлттық біліктілік шеңберін денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр ресурстарын үздіксіз кәсіби дамыту жүйесінің негізі ету;
- Түлектердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларының деңгейін бағалауға арналған құзыреттерді тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу;
- Клиникалық практиканы, медициналық білім мен ғылыми қызметті ұштастыра отырып медициналық және мейіргерлік білім беруді одан әрі дамыту.
Өкінішке қарай алғашқы бағыттың қалай орындалғаны туралы ақпарат өте аз. Жалпы, медициналық білім беруді жаңғырту бағыты бойынша атқарылатын жұмыстар тізімі көрсетілген жол картасы жасалған. Алайда бұл жол картасының қалай іске асырылғандығы туралы сапалы есеп жоқтың қасы. Сол себепті денсаулық сақтау жүйесінің кадр ресурстарын үздіксіз кәсіби дамыту жүйесінің негізі Ұлттық біліктілік шеңберіне сапалық талдау жасау қиын.
Екінші бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлығын бағалау және біліктілік сәйкестілігін растаумен «Тәуелсіз емтихан алу ұлттық орталығы» ұйымы айналысады. Бұл ұйымның бағалау әдіснамасы Дүниежүзілік банк жобасының аясында кіріктірілген ақпараттық жүйеге негізделген. Тәуелсіз емтихан алу ұлттық орталығы дәрігерлердің, медициналық жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің, резиденттердің, интерндердің білімі мен дағдыларын бағалауды қамтамасыз етеді. «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» осы тәуелсіз бағалау жүйесін әрі қарай жетілдіру көзделген. Дегенмен, 2021 жылдан бастап бұл ұйым кәсіптік қызметінде үш жылдық үзілісі бар, қызметіне байланысты үстінен шағым түскен, басқа елдерде білім алуына байланысты Қазақстанда құжаты танылмағандар тобына жататын медицина мамандарының кәсіптік дарялығын бағалауға көшті.
Клиникалық практиканы, медициналық білім мен ғылыми қызметті ұштастыру «Денсаулық» бағдарламасындағы білімді жаңғыртудың ең өзекті бағыттарының бірі десек қателеспейміз. Бағдарлама аясында медицина саласы бойынша студенттердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын қатар дамытуға екпін берудің алғышарты жасалды. Бұл Қазақстандық медициналық білім беру жүйесіндегі үлкен өзгеріс ретінде айтуға болады. Себебі осыған дейінгі жүйеде теория мен практиканы интеграциялау ең әлсіз тұс болатын. Тарқатып айтар болсақ, медициналық оқу орындары мен ауруханалар арасындағы байланыс жүйесі шет елдердегідей бір орталықтан жүрмеді. Соның нәтижесінде медицина мамандығы бойынша білім алушылардың нақты практика жүзінде оқу және үйрену жағы кемшін түсіп жатты. Сондықтан оқу бағдарламалары мен оқуды ұйымдастыру процессі де жаһандық стандарттардан алшақ қалыптасты.
Шет елдерде ірі университеттердің медицина факультеттерінің жанында көп жағдайда клиникалар бар. Бұл клиника науқастарды емдеуге ғана емес, сонымен қатар медицина саласы бойынша білім алушылардың дағдыларын оқытушылардың жетекшілігімен практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, университет жанындағы медициналық емдеу орталықтары соңғы технологияларды, емдеудің соны әдістерінің тиімділігін бағалаудың, лабароториялық зерттеулер жүргізудің базасы. Мұндай университетте білім алған шәкірттің теориялық ілімі мен практикалық дағдысы қатар дамиды. Сол себепті әлемдегі ең үздік медициналық оқу орындарының барлығында дерлік арнайы университеттік клиникалар бар. Жалпы, университет жанындағы академиялық медициналық орталықтардың мынандай артықшылықтары барлығы айтылады:
1. Басқа ауруханалардағы дәрігерлердің табысы қанша пациентті тексергеніне байланысты өзгереді. Ал, университет клиникасында жұмыс жасайтын мамандардың жалақысы қабылдаған пациент санына немесе жасаған операция санына тәуелді емес. Сол себепті академиялық медициналық орталықтарда жұмыс жасайтындар пациентке ұзақ уақыт бөле алады.
2. Зерттеу және клиникалық сынақтар өткізіледі. Академиялық медициналық орталықтарда зерттеумен және клиникалық сынақтар жүргізумен айналысатын, тың жаңалықтар іздейтін адамдар жұмыс жасайды. Сирек кездесетін немесе диагнозын табу қиын ауруларды осындай клиниканың мамандары мұқият зерттей алатын әлеуетке ие. Сондықтан басқа ауруханаларда қолжетімсіз соңғы медициналық әдістер кейде академиялық клиникаларда қолжетімді болады.
3. Университет жанындағы клиникаларда сала бойынша орталықтар жұмыс жасайды. Ол орталықтар зерттеушілерді ғана емес, практикалық тәжірибесі мол білікті дәрігерлер мен персоналды да біріктіреді.
4. Академиялық медициналық орталықтарда көп жағдайда басқа ауруханаларда бола бермейтін қызметтер көрсетіледі. Мысалы, туған-туыстарына пациентке тағдырына қатысты шешім қабылдау қиын болған жағдайларда көмек көрсететін психология немесе этика бөлімі болуы мүмкін.
Қазақстанда Назарбаев Университеті ғана білім ордасы мен аурухана интеграцияланған оқу орнына жатады. Қазіргі таңда, басқа медициналық оқу орындарының жанынан да арнайы клиникалар ашу мәселесі іске асырылуда. Ресми ақпарат бойынша «4 клиника еліміздің жетекші медициналық университеттерінің жанынан салынатын болады, бұл ғылымды, білім беруді және емдеу процесін кешенді түрде дамытуға, клиникалық зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді». Бұл жүйені енгізуде шетелдік және Назарбаев Университетінің тәжірибесі ескеріледі, оқыту және ғылыми ізденістер процестеріне үздік практик мамандар тартылады деп жоспарланған. Университет жанынан клиникалар ашу тек медицина саласы үшін сапалы кадрлар даярлау тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар жалпы заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту контекстінде де өзекті. Университет жанындағы клиникалар жеке инвесторлардың қаржысына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында соғылады.
«Денсаулық» бағдарламасы аясында медицина саласындағы білім жүйесінде іске асқан тағы бір маңызды қадам отандық жоғары оқу орындарының шетелдік университеттермен байланысын кеңейту. Отандық ЖОО-ның медицина саласындағы алдыңғы қатарлы шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестігін орнату жолымен үздік тәжірибелерді зерделеу мәселесі жолға қойылады. Соның нәтижесінде оқыту бағдарламасынан бастап менеджментке дейінгі барлық компонентте жаңғыру жүрді. Уәкілетті мамандардың айтуынша «Медициналық ЖОО-лардың серіктестері анықталды, 5 жылға дамудың стратегиялық жоспарларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді, олардың мәні – оқыту бағдарламаларын өзгерту, медициналық ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту, университеттік клиникаларды ашу, профессор-оқытушылар құрамын қайта оқыту».
Медицина кадрларының білімін үнемі жетілдіру мен біліктілігін заман талабына сай арттыру мәселесі де өзекті. Осы бағытта қызметкерлердің цифрлық дағдыларын және ақпараттандырылу деңгейін арттыру мақсатында жаңа дағдыларға оқыту тұрақты жүргізілуде. Ал, біліктілікті арттыру курсынан өту үшін ЖОО-ларда ұзақ уақыт қала алмайтын, алыс қашықтықта тұратын мамандарға арналып қашықтықтан оқыту жүйесі қарастырылды. Медицина саласы бойынша берілетін білім гранттарын көбейту мен абитуриенттерге қойылатын талапты күшейту мәселесі де бағдарлама шеңберінде ескерілді.
Қорыта келгенде, 2016-2019 жж. іске асырылған «Денсаулық» бағдарламасы медициналық білім беру саласына күрделі өзгерістердің алғышартын жасаған құжат болды. Құжаттың маңыздылығы үш компонентпен анықталады: медицина саласындағы білім алушылардың теория мен практиканы қатар игеруіне күш салу, медицина бағытындағы барлық жоғары оқу орындарының шетелдік білім беру ұйымдарымен байланысын нығайту және кадрларды дамыту мен бағалаудың сапалы, әрі тәуелсіз жүйесін енгізу. Бұл тұрғыдан осы құжат бойынша басталған медицина саласындағы білім беруді жаңғырту процессі Қазақстанның медициналық оқу орындарын жаһандық стандарттарға сәйкестендіретін болады. Бағдарламаның қорытындысы бойынша бірқатар есептер болғанымен, жалпы медициналық білім беруді жаңғырту бойынша жасалған жұмыстар туралы қолжетімді сапалы ақпараттың, есептердің аздығы байқалды. Мемлекеттік органдар бағдарламалық құжаттардың әрбір тармақ пен индикатор бойынша орындалуы мен орындалмау себептері туралы кеңірек ақпарат ұсынуы маңызды.

-
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асуы
-
Елордада Al-Farabi Knowledge Centre атты білім орталығы ашылды
-
ТДМ: Климаттың өзгеруі, экологиялық сауатталықты арттыру мен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру мәселелері
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер
-
«Білімді ұлт»: Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту мәселелері
-
АШМ: Ұлттық жобаның негізгі міндеттері мен импортты алмастыру мәселелері
-
ІІМ: Жол қауіпсіздігі мәселелері және жедел-қызметтік жұмыс қорытындылары
-
Есірткі қылмысымен күрес: зерханаларды жабу, сайттарды бұғаттау және заңсыз жарнамалау мәселелері
-
Білім беру саласын цифрландырудың маңызы
-
Маңғыстау облысының дамуы: Өңірді сумен жабдықтау, газ, мұнай өндіру және экология мәселелері
-
Сотталғандарға қандай медициналық көмек көрсетіледі
-
Машина жасау: Өндіріс көлемі, экспорт және саланың өзекті мәселелері
-
Екібастұз қаласының дамуы: инвестициялық жобалар, тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері
-
ІІМ: Жамбыл облысындағы жарылыс және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері
-
Алматыда дәстүрлі форматта білім беруді ұйымдастыру қалай жүргізілуде

