• Басты
  • Д. Назарбаева: Дәрігерлер мен журналистер қазір алдыңғы қатарда қызмет атқарып жүр
20 Сәуір, 2020 15:39

Д. Назарбаева: Дәрігерлер мен журналистер қазір алдыңғы қатарда қызмет атқарып жүр

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты Бюросының отырысы өтті. Отырыста Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын бөлу мәселесі қаралды, заң жобалары бойынша негізгі комитеттер белгіленіп,  Сенаттың 30 сәуірге жоспарланған кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлады Strategy2050.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Д. Назарбаева: Дәрігерлер мен журналистер қазір алдыңғы қатарда   қызмет атқарып жүр

Бюро отырысында сөз алған Дариға Назарбаева Палата отырысының күн тәртібіне енгізілген заң жобалары біздің мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Соңғы жылдары азаматтарымыз көтеріп жүрген көптеген  мәселелер осы жаңа заңнамалық актілерде көрініс тапты. 

Мәселен, «Ардагерлер туралы» және "Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары Отанымыздың алдында әскери және азаматтық борышын өтеген ардагерлер мен  азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау мәселелерін реттеуге бағытталған. Сонымен қатар осы құжатпен басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің жаңа санаты енгізіледі. 

«Біз сонымен бірге бейбіт жиналыстарды  ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасын да қараймыз. Бұл заң жобасы елімізде жиналыстар мен митингілер ұйымдастыру, өткізудің қазіргі практикасын түбегейлі түрде өзгертеді. Жоба азаматтардың құқықтарын, митингілер өткізу кезіндегі жауаптылықты оңтайлы ұштастыруға бағытталған және тұтастай алғанда халықаралық стандарттарға сәйкес келеді», - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы Д.Назарбаева Бюро отырысын қорытындылай келіп, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып, үдемелі кезеңге жетуіне байланысты төтенше жағдай тәртібінің 1 мамырға дейін ұзартылуы қажетті шара болғанын атап өтті. 

«Бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы кейбір кәсіпкерлік субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, жұмыстарын бастайтын болады. Осыған байланысты кәсіпорындар қызметкерлерін жұмысқа шығаруға дайын ба? - деген сұрақ маңызды болып отыр. Олар өз ұжымдарына қауіпсіздік пен гигиена сақтауға қажетті барлық жағдайды жасай ала ма?» - деді Д.Назарбаева. 

Сенат Төрағасы еліміздің төтенше жағдай кезіндегі қолданыстағы әкімшілендіру, мемлекеттік органдарды үйлестіру, заңнама мен заңнан кейінгі актілер жүйесін талдау қажеттігін айта келіп, төтенше жағдай мен төтенше оқиға тәртібіне елді жұмылдыру дайындығы тақырыбына арналған парламенттік тыңдауларды Сенаттың қазан айындағы жұмыс жоспарына енгізуді ұсынды. 

Д.Назарбаева әкімдіктер берген ақпараттарға сәйкес, орталық пен жергілікті жерлердегі жұмысты үйлестіру нашар екенін, келісу мен мәселені шешуге көп уақыт кететінін атап өтті. «Жұмылдыру резерві туралы мәселе ауқымды болып отыр. Қазір бізде жұмылдыру дайындығы бойынша заң жобасы бар. Ол заманауи талаптарға жүйелі әрі кешенді түрде жауап бере алмайды. Жақсы болса да, жаман болса да бізде қазір іс жүзінде тәжірибе бар және оны қызметімізде пайдалану керек», - деді ол.

Сонымен қатар, Сенат басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған журналистер, дәрігерлер, полиция мен әскери қызметкерлердің, еріктілердің қатысуымен орын алған келеңсіз көріністерге де тоқталды. 

«Бүгінгі таңда дәрігерлер де, журналистер де алғы шепте қызу еңбек етіп жатқанын еске салғым келеді. Олар ықтимал қауіп-қатермен күнде бетпе-бет келсе де өздерінің кәсіби борышын адал атқарып жүр. Сондықтан оларға құқықтық қорғау мен адами қолдау аса қажет», - деді ол.

Дариға Назарбаева қазір кінәліні іздемей, түсінбеушіліктерді өршітпей, өзекті мәселелерді бірігіп шешіп, ынтымақпен жұмыс істейтін, бір-біріне көмектесетін уақыт екенін атап өтті. Бұл ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бағынбау, әсіресе полицияға шабуыл жасау немесе қарсылық көрсетудің жолын кесу керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері өз өкілеттіліктерінің аясында ғана әрекет етуі, сыпайы, әдепті болуы тиіс.

«Қазір бәріне де қиын, бірақ бір-бірімізге жәрдемдесіп қана осы жағдайдан тезірек шыға аламыз», - деп атап өтті Д.Назарбаева. 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды