Астана экономикалық форумы

Адами капитал: әлемдегі заманауи үрдістер және Қазақстандағы жағдай

Денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі адами капиталды дамыту стратегиясы. Бүкіл әлемде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен медициналық қызметтердің сапасы денсаулық сақтау ұйымдарының және ел өңірлерінің білікті мамандардың жеткілікті санымен қамтамасыз етілуіне, олардың білімдерімен, шеберліктерімен және уәждемелерімен, ғылыми-технологиялық даму деңгейімен айқындалатын сала қызметкерлері қызметінің көрсеткіштеріне байланысты. XII Астана экономикалық форумы аясында «Денсаулық сақтау саласындағы адами капиталды дамыту» сессиясында сарапшылар денсаулық сақтауда салалық біліктілік шеңберін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан16 Мамыр , 15:59

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі кезеңде мемлекеттің экономикалық өсуінің шешуші факторы адами капиталды қалыптастыру мен дамытуға байланысты инвестициялар болып табылады. Әлемнің 192 елінің экономикасын зерттеуге негізделген Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша экономикалық өсудің тек 16% – ы ғана физикалық капиталмен, 20% – ы-табиғи, 64% - ы-адами капиталмен негізделген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының   анықтамасына сәйкес негізгі қызметі денсаулықты жақсартуға бағытталған адамдар денсаулық сақтау қызметкерлері болып табылады.

Олардың қатарына медициналық қызмет көрсететін мамандар (дәрігерлер, медбикелер, фармацевттер және зертханашылар), сондай-ақ әкімшілік және қосалқы қызметкерлер кіреді. Әлемде 60 миллионға жуық денсаулық сақтау қызметкерлері бар. Олардың үштен екісі медициналық қызметтерді (провайдерлер) көрсетеді, ал үштен бірі әкімшілік және қосалқы функцияларды орындайды.

Қазақстан HR-менеджерлері қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің төрайымы Гүлмира Раисова адами капиталды басқару Қазақстанда  қаншалықты дұрыс жүріп жатқаны туралы өз ойын білдірді.

«Әлемде адамдарды басқаруда қандай тенденциялар бар, соның ішінде Қазақстанда адам басқару қандай деңгейде екенін зерттедім. 2019 жылы адам басқару бойынша HR-менеджерлердің басын қосқан 109 елде жүргізілген тәжірибенің нәтижесімен бөліскім келеді. Ішінара штаттық режимде жұмыс істейтін қызметкерлердің ішінде аутсорсинг және фриланс болып қызмет ететіндері  63 пайызды құрады. Демек, қызметкерлер таза сол ұйым үшін ғана жұмыс істемейді. Басқа жақтарда да қызмет етеді. Бұл бүгінгі күннің тенденциясы деп айтуға болады», - деді Г.Раисова.

Сондай-ақ, ол автоматтандырудың әсерінен кәсіптердің жоғалып кетуі мен жаңа қызметтің пайда болуы туралы айтып берді.

«Мәселен, қазір  кадр жүргізу мамандары жоғалуда. Бүкіл әлемде ондай жұмыс жоғалып кеткен, роботтар басқарып отыр. Ал, қалғандары  кадрларды қалай бақытты қылуға болады деген өзге сұраққа жауап іздеуге тырысады. Көшбасшылық туралы айта кетсек, біздің лидерлерге салмақ түсіп отыр. Бұл жерде олар өздері үшін ғана емес, өзгелер үшін де жауапты болып отыр. Ол қарамағындағы адамдарымен жұмысты жақсы ұйымдастыру, командалық жұмысты алға ілгерілетуді ойластырады», - деді

Сонымен қатар, Г.Раисова Қазақстандағы жағдайға тоқталды.

«Осы аталған трендтер бойынша қазақстандық  ұйымдарда кім айналысып жатыр? Шынын айтқанда, ешкім айналыспайды. Тек басшы ғана айналысып отыр. Ол өзіне адамдарды жинақтайды. Оларды дамытуға, оқытуға тырысады. Сонымен қатар, оларға жалақыны белгілейді, қандай сыйақы беруді ойластырады. Қазақстандық кадр мамандары сол мәселелерді тек қана рәсімдейді. Бонустар беру мәселелерін талқылауы мүмкін. Ал, әлемдік трендтерде ол мамандандырылған сала. Жұмысқа орналасқан адамның тәжірибесі мен білімін анықтау үшін, дербестендіру үшін тиімділік пен өнімділікті есептейді. Ал, Қазақстанда  90 пайыз кадр  сонымен айналысып отыр. Оның ішінде  10 пайызы ғана білім алып, өзін-өзі дамытып жүруі ықтимал», - деді ол.

Кез келген елдің, оның ішінде Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы өзінің адами капиталын сапалы дайындау мен дамытуға зор шығындар мен ресурстарды талап етеді. Өйткені, тек жоғары білікті қызметкерлер мен табысты кәсіпкерлер ғана сол қоғамның жоғары экономикалық тиімділігіне қол жеткізудің қуатты кепілі болып табылады.

Тұрақты экономикалық даму үшін әлеуметтік-экономикалық негізді білім беру, ғылым, денсаулық сақтау мен мәдениет салалары құрайды. Сондықтан қазіргі Қазақстанда мемлекеттің қызметі білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамсыздандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғын үй саясатына бағытталатын шығыстар мен инвестицияларды ұлғайту жағына қарай өзгеруде.

Адам капиталының өзегі адам және ол солай болып қалады, бірақ енді-білімді, жасампаз және бастамашыл, жоғары кәсіби деңгейіне ие адам. Білімі, кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі бар адамдар қажетті өзгерістердің мүмкіндіктері мен шекараларын анықтайды. Қызметкерлердің білімі мен шығармашылық әлеуеті экономикалық жүйе тиімділігінің басты факторына айналуда, онсыз техникалық және экономикалық прогресс іс жүзінде қол жетпейтін міндетке айналуда.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов панельдік сессияда көтерілген мәселелер өте маңызды  екенін атап өтті.

«Денсаулық сақтау және білім беру саласындағы көп менеджерлер сессияға қатысып отыр. Кейіннен талқыға салынатын мәселелер бар. Форум шеңберінде әрі қарай талқылайтын боламыз», - деді министр.

Осылайша, тез жаңаратын технологиялар жағдайында ғылыми және өндірістік процестерге енуге дайын инновацияларға сезімтал адами капиталды қалыптастыру міндеті бірінші жоспарға қойылып отыр.

Айта кетейік, Астана экономикалық форумының   биылғы тақырыбы: «Шабыттандырушы өсу: адамдар,қалалар, экономикалар» тақырыбына негізделген.Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегат, оның ішінде 20-дан астам Нобель сыйлығының лауреаты мен 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлер қатысып жатыр. 

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика