• Басты
  • Дәрігер: «Пандемияда науқасқа психологиялық қолдау көрсету де оңай емес»

Дәрігер: «Пандемияда науқасқа психологиялық қолдау көрсету де оңай емес»

18 Маусым, 2021 12:13

Жыл сайын 20 маусымда елімізде медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осы орайда, айтулы мереке қарсаңында елордадағы 4-қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Айгул Әбдірахманқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік. Ол әңгіме барысында дәрігер мамандығы, пандемия кезінде жұмыс істеудің қиындықтары, сонымен бірге вакцина алудың маңызы туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

-Айгүл Әбдірахманқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Елдің алғысына бөленіп, аман-есен жүре беріңіз. Алғашқы сұрақты дәрігер мамандығына қалай келгеніңізден бастасақ.

-Рахмет! Бүгінде дәрігер болып қызмет істеп жүргеніме 11 жылдан асып барады. Дәрігерлік менің бала күнімнен бергі арманым, сондықтан да мектепті бітірген кезде аса қатты қиналмадым. Ешкімнің нұсқауынсыз кішкентай кезімнен бастап үйде дәрігер болып ойнайтынмын. Ата-анамды емдеп, ойыншық медициналық құралдармен екпе салып, бастарын бинтпен орап жатқызып қоятынмын. Олар да мені бала, баланың тірлігі демей, айтқаным көне қоятын. Оларға да қызық болса керек. Осылайша, дәрігер болуға іштей бір құлшыныстың болғаны бала күнімнен сездім. Сол қызуғушылық, еңбекқорлық, әке шешемнің берген бағыты мен қолдауының арқасында дәрігер мамандығына оқуға түсіп, абыроймен қызмет етіп жүрген жайым бар.

-Сіздің ойыңызша, салаңның мықтысы болу үшін, яғни кәсіби тұрғыда мыұты болу үшін адамда қандай қасиеттер болуы қажет?

-Ең бастысы мамандықты сүйіп таңдау керек. Жалпы, мен біреудің нұсқауы арқылы мамандық таңдауға қарсымын. Жалпы кез-келген мамандықта оны жақсы көру, жан-тәнімен қалап істеу маңызды. Оның ішінде дәрігер мамандығына махаббатыңыз болмаса, бәрі бекер. Адамдармен жұмыс істеу, әсіресе сырқаттанып қалған, ауырып, ем іздеп келген жандармен де жұмыс істеу де оңайға соқпайды. Сондықтан, шыдамдылық пен мейірімділік ауадай қажет. Мәселен, дәрігер тек науқасты емдеп қана қоймай, өзі ауырып, тәніне дауа іздеп келген жанмен қарым-қатынас жасауды білуі керек. Десек те, мамандыққа деген сүйіспеншілік, қайсарлық, табандылық пен шыдамдылық көп дүниеге қол жеткізуге көмегін береді. Сондықтан, аса қызығушылық танытқанда ғана бұл мамандықты кәсіп етіп таныған дұрыс деп ойлаймын.

-Иә, қазіргі уақыт та түлектердің мамандық таңдап жүрген кезімен тұспа-тұс келіп отыр. Сіздің әңгімеңіз біреуге ой салады деп үміттенемін. Жалпы, дәрігер болу, әсіресе қазіргідей пандемия кезінде жұмыс істеу тіптен де оңай емес екенін естіп біліп, жүрміз. Өміріңізде не өзгерді? Қалай жұмыс істеп жатырсыздар?

-Иә, дұрыс айтасыз. Пандемия басталғалы бері дәрігерлердің жұмысы да, алаңдайтын дүниесі де көбейді. Бұрын соңды бетпе-бет келген індет болмағандықтан, қорқыныш тек қарапайым адамдарда ғана емес, медицина қызметкерлерінде де болды. Өйткені, белгісіздік әрқашан қорқынышты. Пандемия басталғалы бері індетпен күресіп келе жатырмыз. Күн сайын көптеген өзгерістер болып жатыр. Адамдардың қорқынышы, психолгиялық өзгерістері үнемі көз алдымызда. Бізге сырқатты емдей отырып, адамдарды сабырлыққа шақырып, дертті бірігіп жеңетінімізге сендіру оңай болып жатқан жоқ. Алайда, ауыртпашылыққа қарамастан күресіп келеміз. Пандемия кезінде бөлімшеде 2 дәрігер ғана қалып жұмыс істеген кездер болды. Күні-түні жүздеген қоңырауларға жауап беріп, қашықтан консультация беріп емдедік. Қазіргі таңда коронавирусқа шалдыққан науқастармен тікелей байланыстамыз, емдеп болған соң да әрі қарай реабилитациялық емдеу жүргізудеміз.

-Қазір қай дәрігермен сөйлесе қалсаңыз, вакцина алу, ұжымдық иммунитет қалыптастыру туралы айтады. Сіз екпе салдырдыңыз ба? Жалпы, маман ретінде көзқарасаңыз қалай?

-Вакцинаның 2 дозасын да мен наурыз айында алдым. Алғаннан кейін, сәл бұлшық ет ауырсынуы мен субфибрильді дене қызуы көтерілді. Келесі күні ешқандай симптомдар болған жоқ. Осы сәтті пайдаланып, барлық тұрғынды вакцина алуға шақырғым келеді. Маман ретінде вакцина адамды 92%-ға қорғайтынын баса айтқым келеді. Бұл дертті тоқтататын бірден бір жол – ұжымдық иммуниет қалыптастырып, өзімізді, жақындарымызды қорғау. Өзім алғаннан кейін әке мен шешем де салдырды. Оларға екпе алуға мен кеңес бердім. Себебі, олардың денсаулығы мен үшін маңызды. Әкем артериалдық гипертония, қант диабетімен диспансерлік бақылауда тұрады. Инфаркт ауруымен ауырып, жүрегіне ота жасалған. Сондықтан, бірінші кезекте менің әкем сияқты адамдар алу керек. Себебі, коронавируспен ауырып калған жағдайда, екпе алмаған науқастың хәлі мүшкіл болмақ, оны біз күнде көріп, көзіміз жетіп отыр. Науқастарымыз өмірден өтіп жатыр, өте өкінішті. Өкінішке орай, бүгінгі таңда вакцинаны алдырмай қарсылық танытып жатқандар да аз емес. Дәрігерлерге сенбей, желідегі әртүрлі деректерді оқып алып, соған көп мән беретіндер мені қынжылтады. Қазір жалған ақпарат та көбейіп кетті, бұл да адамдардың ойына, пікіріне қатты әсер етіп жатыр. Дегенмен, осы салада 10 жылдан астам тәжірибесі бара маман ретінде азаматтарды вакцина алуға, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға барынша үлес қосуға шақырамын. Тек сонда ғана біз бұл індетті жеңіп, бұрынғы қалыпты өмірімізге орала аламыз.

-Иә, бүгінге дейін 2 млн-нан астам тұрғын вакцина алып үлгерді. Бұл аз да, көп те емес. Дегенмен, алға жылжу бар. Азаматтардың ерікті түрде екпе салдыртып жатқанын әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Болашақта олардың қатары көбейеді деп сенеміз. Ал, осындай мерейлі күнде сіз әріптестеріңізге не айтасыз?

-Бірінші кезекте денсаулық тілеймін. Пандемия денсаулықтың басқа дүниенің маңызы жоқ екенін тағы бір дәлелдей түсті. Сонымен бірге, шыдамдылық, қажымас қайрат, сабырлық, отбастарына амандық тілеймін. Барша Қазақстан халқының амандығы үшін, болашағымыз жарқын болу үшін дәрігерлердің кеңесіне құлақ түріп, өзімізді, жақындарымыздың сақтауға, қорғауға ат салысайық.

Сұхбатыңызға рахмет! Тағы да мерекеңізбен!

Барлық жаңалықтар