• Басты
  • Дүниежүзілік Банк Қазақстандағы жемқорлықты бақылау жұмысына жоғары баға берді
14 Қазан, 2020 13:36

Дүниежүзілік Банк Қазақстандағы жемқорлықты бақылау жұмысына жоғары баға берді

Дүниежүзілік Банк екінші жыл қатарынан Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты бақылау жұмысының күшейгенін байқайды. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесуде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Дүниежүзілік Банк Қазақстандағы жемқорлықты бақылау жұмысына жоғары баға берді

Дүниежүзілік Банк өкілі мен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бірлескен жиынына АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы ұйымның орталық кеңсесінің мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі мамандары да қатысты. Жиын жартылай онлайн форматта өтті.

Осы жылдың 25 қыргүйегінде Дүниежүзілік Банк жыл сайынғы «Мемлекеттік басқару индикаторы» атты зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялады. The Worldwide Governance Indicators, WGI зерттеулері негізінде әлемнің 214 мемлекетінің басқару тиімділігі мен сапасы бағаланады.

WGI мемлекеттердің 6 индексі бойынша бағалау жүргізеді. Олар: жемқорлықты бақылау, Үкіметтің тиімділігі, Заңдардың жоғарылығы, реттеуші ортаның сапасы, саяси тұрақтылық және басқарушы органдардың есеп беруге міндеттілігі.

Қазақстан екінші жыл қатарынан «жемқорлықты бақылау» индикаторы бойынша өсім көрсетіп келеді. Бұл индексте Қазақстан пайыздық дәрежесін 36 пайыздан 43,8пайызға дейін өсірді.

Тараптар Қазақстанда жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту және еліміздің Дүниежүзілік Банк анықтайтын «Мемлекеттік басқару» мен «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторлары бойынша қол жеткізген жетістіктері мәселелерін талқылап, ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады. Айтпақшы, бұл зерттеу жұмыстарына Bertelsmann Stiftung, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, World Economic Forum, V-Dem, Gallup Organization зерттеу агенттіктері де қатысты.

Кездесу барысында Агенттік төрағасы А. Шпекбаев екінші тараптың назарын Қазақстанның саяси жаңғыруының негізгі аспектілеріне аудара отырып, жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі тақырыптарын баяндады.

Алик Шпекбаев Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша нақты тапсырмалар орындалып, кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жемқорлыққа қарсы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарды жоспарлы түрде енгіздік. Әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, пәрменді қылмыстық-құқықтық шараларды іске асырып жатырмыз, - деді ол.

Дүниежүзілік Банк өкілі Жан-Франсуа Марто еліміздің сыбайлас жемқорлықты бақылау жұмысы мен жемқорлықпен күрес жұмыстарына жоғары баға берді.

Қазақстан мемлекеттік басқарудың 6 индикаторының ішінен дәл осы жемқорлықты бақылау көрсеткіші бойынша ең жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл Агенттіктің тиімді жұмысының нәтижелері. Бұл қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін және жемқорлықты жоюға бағытталған нақты әрекеттердің орындалып жатқанын көрсетті, - деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ жемқорлық тәуекелдерін анықтау және алдын алу-профилактикалық жұмыс бойынша цифрлық жүйелерді енгізу, Агенттіктің өзекті жобаларын мақсатты қаржыландыру, сондай-ақ Орта Азия өңірінде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық тәжірибесін тарату бойынша біріккен жұмыс жүргізетінін айтты.

Барлық жаңалықтар