• Басты
  • Д.Хасанов: "ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлердің жалақысын қысқартып, сыйақыдан бас тартты
18 Мамыр, 2020 15:22

Д.Хасанов: "ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлердің жалақысын қысқартып, сыйақыдан бас тартты

"ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлердің жалақысын қысқартып, сыйақыдан бас тартты. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ дағдарысқа қарсы шаралары, атап айтқанда сыйақы, бонус және қызметтік көліктен бас тарту жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Д.Хасанов: "ҚазМұнайГаз" топ-менеджерлердің жалақысын қысқартып, сыйақыдан бас тартты

Басқарушы директордың айтуынша, пандемияның салдары "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясын да айналып өтпеген.  

"Коронавирустық пандемияға байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі - компанияның қаржылық жағдайына теріс әсер етіп отыр. Бірінші тоқсанда біздің компанияның табысы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге қысқарды. Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір біздің еншілес кәсіпорындарымызда қаржы тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты қаржылық жағдайды тұрақтандыру және нарықтық коньюктураның теріс әсерін азайту үшін "ҚазМұнайГазда" дағдарысқа қарсы стратегия жасақталуда", - деді Дәулетжан Хасанов.

Оның сөзінше,  бұл стратегия компанияға шығындарды азайтуға, және дағдарыстан кейіні кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік бермек.

"Осы шаралар аясында директор кеңесінің шешімімен компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Осы орайда орталық аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлер санының азайды, яғни штаттың саны 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттер саны 3 есеге қысқарды. Сондай-ақ басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының орталық аппараты нарықта болып жатқан өзгерістерге тез және тиімді жауап бере алатындай жинақы болып, қайта құрылады", - деді ол.

Сонымен қатар басқарушы директордың сөзіне сүйенсек, 12 мамырда басқарма шешімімен орталық аппараттың жаңа жалақы төлеу жүйесі бекітілген.

"Ол жүйе бойынша "ҚазМұнайГаз" басшылық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды, ал басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буындағы менеджерлердің жалақылары 20 пайызға дейін төмендейтін болады. Басқа қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады. Әрине, компанияның қаржылық жағдайына байланысты біз сыйақыдан бас тарттық, енді жылдың соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонустар төленбейді", - деді Дәулетжан Хасанов.


Десек де ол өз сөзінде жұмыстан босатылған қызметкерлерне барынша қолдау көрсетінін атап өтті. 

"Мұнай нарығындағы қалыптасқан жағдай қаншалықты қиын болса да, біз әрбір қызметкердің, олардың отбасыларының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді толық сезінеміз. Сондықтан біз "Самұрық Қазына" қорының тапсырмасы бойынша әлеуметтік-жауапкершілікті босату бағдарламасын әзірледік. Осы бағдарламаға сәйкес біз босатылған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетеміз", - деді басқарушы директор.


Бұдан бөлек ол ұйымдастырушылық құрылымда функционалды бағыттарды кеңейту арқылы бөлімдердің саны 3 есе қысқарғанын, басқарушы директорлардың лауазымдары алынып тасталғанын тілге тиек етті. 

"Осылайша, штаттық қысқартулардың жалпы саны 249 адамды құрайды. Жұмыстан босатылған қызметкерлердің шамамен 10 пайызы біздің еншілес компанияларға ауыстырылады. Бұл карантиндік шаралар енгізілгенге дейін, еншілес компанияларда жоғары лауазымдарға тағайындауға шешім қабылдаған қызметкерлер. Олар еншілес компанияларда орта басқарудың бос орындарына тағайындалатын жоғары білікті өндірістік және техникалық қызметкерлер. Ал қалған 90 пайыз босатылған жұмысшылар "ҚазМұнайГаздан" толықтай  кетеді", - деді Дәулетжан Хасанов.


Сонымен қатар басқарушы директор жұмыссыз қалған қызметкерлерге көрсетілетін қолдау шараларына тоқталып өтті. Оның сөзінше, еңбек нарығындағы қиын жағдайды ескере отырып, "Самұрық-Қазына" қорының тапсырысымен қызметкерлерді әлеуметтік жауапкершіліктен босату бағдарламасын, оның ішінде өтемақы пакеті де әзірленген.

"Біріншіден, босатылған жұмысшыларға үш айлық жалақы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Екіншіден, келесі алты айда оларға айлық жалақының 50 пайыз мөлшерінде материалдық қолдау көрсетіледі, яғни тағы үш жалақы төленеді. Әлеуметтік жағынан қорғалатын жұмыстан босатылған қызметкерлер үшін өтемақы мөлшері 12 айлық жалақыға дейін ұлғайтылды. Үшіншіден, жұмыстан босатылған әрбір қызметкер мен олардың отбасы мүшелері 2021 жылдың ақпанына дейін компания есебінен медициналық сақтандыру қызметін пайдалануды жалғастырады", -деді ол.


Сонымен қатар оның айтуынша, аутплейсмент бағдарламасын жүзеге асырырып, босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналасуға жан-жақты көмек көрсетуді қарастырылған.

"Қызметкерлерді жұмыстан босату өте ауыр процесс екенін жақсы білеміз. Мұндай жағдайларда кейбір адамдар қинылып кетуі мүмкін және бұдан әрі не істеу керектігін білмейді, өйткені бір компанияда көп жылдық тәжірибесі бар адамдар басқа жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Біздің міндетіміз - оларға көмектесу. Аутплейсмент бағдарламасы жұмыс орындары бойынша кеңес берушілердің қатысуымен бірқатар шараларды қамтиды. Мәселен, олар жұмыстан шығарылған қызметкерлермен сессия өткізеді, олардың күшті жақтары, еңбек нарығындағы қазіргі сұраныс талданып, жеке даму жоспары жасалады. Сондай-ақ босатылған жұмысшылар топтық оқудан өтеді. Осының барлығы болашақта олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруы керек", - деді басқарушы директор.


Сонымен қатар ол мұнай нарығындағы қалыптасқан ахуалға байланысты осындай қадамдарға баруға мәжбүр болып отырғанын айтып өтті.

"Әрине, қызметкерлерді жұмыстан босату қашанда ауыр процесс екенін жақсы түсінеміз және жұмыстан босап жатқан әріптестеріміздің тағдырына біз бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан біз оларға қолдан келгенше қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазіргі таңда қолға алынып жатқан шаралардың барлығы жұмыстан босаған әріптестерімізге алғашқы кезде материалдық қолдау көрсетуге, болашақта өздеріне лайықты жұмыс табуына көмектеседі деп сенеміз", - деп түйіндеді.
Барлық жаңалықтар
216.244.66.245, 192.168.88.100