• Басты
  • Д.Абаев: Ұйымдастырушы үгіт-насихат жүргізетін уақыт пен арнайы орынды хабарлауы тиіс
26 Наурыз, 2020 11:24

Д.Абаев: Ұйымдастырушы үгіт-насихат жүргізетін уақыт пен арнайы орынды хабарлауы тиіс

Ұйымдастырушы үгіт-насихат жүргізетін уақыт пен арнайы орынды хабарлауы тиіс. Бұл туралы митинг туралы жаңа жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілішсі.

Д.Абаев: Ұйымдастырушы үгіт-насихат жүргізетін уақыт пен арнайы орынды хабарлауы тиіс
"Үгіт-насихат институтын енгізу. Үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізуге, ҚР заңдарында тыйым салынбаған символикаларды, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға құқылы. Бұл ретте ұйымдастырушы үгіт-насихат жүргізетін уақытты арнайы орынды хабарлауы тиіс", - деді Дәурен Абаев.

Сонымен бірге ол қазіргі қолданыстағы заңнаманың кемшліктеріне тоқталып, оның жаңа заң жабасында қарастырылғанын атап өтті.

"Заң жобасына түсінік аппаратын енгізу. Қазіргі қолданыстағы заңның кемшілігінің бірі - бейбіт жиналыс нысандары нақты регламенттелмеген. Осыған орай жаңа заң жобасында "түсінік аппаратын" енгізу ұсынылады. Бұл митинг, пикет, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді", - деді министр.

Сонымен бірге ол аталмыш жаңа заң жобасында ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталғанын айтып өтті. Оның сөзінше, қоғамдық санада митинг мәдениетін қалыптастыратын уақыт келді.

"Заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттері бекітілген. Мемлекет басшысы айтқандай митинг бұл тек қана құқық емес, сонымен қатар жауапкершілік. Сондықтан қоғамдық санада митинг мәдениетін қалыптастыратын уақыт келді. Бұл норма бейбіт жиналыстарға қатыса алатын және оларды ұйымдастыра алатын тұлғаларға қойылатын талаптарын айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталған. Бейбіт жиналыстар өткізуге ыңғайлы болуы үшін ұйымдастырушылар мен журналистерге арналған ерекше белгілер нысандары қабылданады", - деді Дәурен Абаев.

Сонымен бірге министр сөз барысында жаңа заң жобасын жасауға қатысқан органдарға алғыс айтты.

"Біз заңнаманың қазіргі қоғам болмысынан, саяси мәдениет деңгейінен, дәстүрден, саяси санадан алшақ болмайтынын түсінуіміз керек. Осы орайда жұмыс тобының мүшелеріне, мәжіліс депутаттарына, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелеріне және құқық қорғау ұйымдарының өкілдеріне заң жобасы бойынша бірлесіп жұмыс істегені үшін алғыс айтқым келеді", - деді ол.

Бұдан басқа айта кетейік, бүгінгі өткен мәжіліс отырысы бұрынғыдан өзгерек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл отырысқа 65 жастан асқан депутаттар қатысқан жоқ.

"Бүгінгі пленарлық отырыс сәл өзгертілген форматта өтіп жатыр. Кейбір әріптестер қатыспайды, бірақ ешқандай мәсле жоқ, бәрі аман-есен. Біз ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 65 жастан асқан кейбір әріптестеріміз біз пленарлық отырыстарға қатыспауға және үйде болуға кеңес бердік", - деп атап өтті спикер.


Назерке Сүйіндік
Барлық жаңалықтар