• Басты
  • Д.Абаев: Мәдениет пен білім саласындағы телеарналарды мемлекет қолдауы тиіс
8 Қараша, 2019 14:57

Д.Абаев: Мәдениет пен білім саласындағы телеарналарды мемлекет қолдауы тиіс

Мәдениет пен білім саласындағы телеарналарды мемлекет қолдауы тиіс. Бұл туралы елордадағы "Нұр Отан" партиясы алаңында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев азаматтарды қабылдап, көкейде жүрген сұрақтарына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Д.Абаев: Мәдениет пен білім саласындағы телеарналарды мемлекет қолдауы тиіс

Ең алдымен Дәурен Абаев "Домбыра" ұлттық телеарнасының өкілі Қанат Ержігітовті қабылдады. Ол өз кезегінде "Домбыра" ұлттық телеарнасын ОТАУ ТВ спутник желісіне қосу туралы өтніш айтты.

"Қазіргі күні түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп жатқан заманда "Добыра" секілді ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ұлттық телеарналардың орны ерекше деп ойлаймын. Жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Сол себепті "Домбыра" ұлттық телеарнасын ОТАУ ТВ спутник желесіне қосу туралы өтінішім бар. Қазір қосылмаған. Жыл сайын конкурсқа қатысамыз, протокол бойынша барлық құжаттарымыз дұрыс. Алайда, жыл сайын өтпей қаламыз", - деді аталған телеарна өкілі.

Өз кезегінде министр мұндай ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын телеарналарды мемлекеттің қолдауы тиіс екендігін айтып, қаржылай да, ақпараттық тұрғыда да көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. 

"Келесі жылы қантар айында біз конкурс өткіземіз. Соған құжаттарыңызды дайындаңыздар, біз қарастырамыз. "Домбыра" секілді телеарналар елімізге керек. Мәдениетке қатысты жобаларға мемлекет қолдау көрсетуі қажет. Өйткені мұндай қадамға барудың өзі үлкен бастама. Бұған көп кәсіпкер бара бермейді. Қазіргі кезде көбісі коммерциялық бағыттағы каналдарды ашып, пайда тапқысы келеді. Мәдениет жағы көп пайда әкелмейді. Сіздікі секілді жобаларды біз қолдауға тиіспіз", - деді Абаев.

Сондай-ақ журналистер қазірдің өзінде 30 телеарна тегін түрде ОТАУ ТВ желісіне қосылғандығын айтып, мұның қаншалықты мүмкін екенін сұрады. Себебі заң бойынша тек 30 телеарна ғана ақысыз көрсетілімге шыға алады.

"Отау ТВ-да қазіргі таңда 100-ге таяу телеарна бар. Оның 30-ы ғана ақшасын төлемейді, қалғандары ақылы түрде көрсетіліп отыр. Олар сол 30-дың қатарына қосылғысы келеді. Негізі ақысыз түрде тек 30 арна көрсетілімге шығады. Бірақ ол арналардың қатары жыл сайын өзгеріп отырады. Келер жылғы конкурсқа олардың қатысуға мүмкідігі бар. Бәрін комиссия шешеді. Егер олар қаржылай көмек сұраса, оны да қарастыруға болады, ал ақпараттық қолдау сұраса, оны да қарастырамыз", - деді министр.

Бұдан бөлек Алматы қаласынан Әбден Сыздықов есімді азамат онлайн байланысқа шықты. Ол еліміздегі паспорт, жеке куәлік, ЖОО дипломдарында бейнеленген елтаңба суретінде қателік бар екендігін айтты.

"Жиырма жылдан бері билікке, министрлерге сауал жолдап келемін. Алайда жауап ала алар емеспін. Елдегі паспорт, жеке куәлік, ЖОО дипломдары жарамсыз. Осындай барлық құжаттардағы елтаңбаның суреті дұрыс қойылмаған. Ол елтаңбаны жасаған авторлардың рәмізімен, оның түсімен де сәйкес келмейді. Ал ол бәрі сәйкес болуы тиіс. Мен сізге өзім жасаған үлгісін көрсетіп отырмын. Мәселен, мына папкадағы елтаңбаңының суреті", - деп, өзінің үлгісін көрсетті.

Ал министр өз кезегінде мұндай сұрақтардың мемлекеттік символдарды қарайтын арнайы комиссияға жолдауы қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, комиссияда арнайы заңгер, поиграфияның мамандары қызмет істейді. Осы секілді сауалдарға аталған ұйымның жауап беретінін айтты. 

Сондай-ақ онлайн кездесу барысында Әбен Сыздықов "Танымал емес Қазақстанның тарихи тұлғалары" деген тарихи тұлғалардың суреттері салынған плакат жасау жобасын ұсынды. Алайда оның ұсынысын тыңдап болған министр аталған жобаның тақырыбын өзгертіп, туризм саласына қарай бағыттаса, қолдауға әзір екендігін жеткізді.

"Бізде қазір "Қазақстандағы киелі жерлердің картасы" жасалып жатыр. Егер сіз мәселен, "Қазақстанның көруге тиіс 10 жері" деген секілді жоба ұсынсаңыз, мен қолдауға дайынмын. Сіздің тәжірибеңіз өте көп, осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдыңыз. Сол себепті, сондай карта дайындасаңыз болады, біз қолдауға әзірміз", - деп атап өтті министр. 

Бұдан бөлек, "Бірге" жобасының өкілі Алматы қаласынан Накыпова Шара онлайн байланысқа шығып, жобасының телеарналар мен радиолардан насихаттауға көмек беруін сұрады. 

"Біз жақында мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге ән жазып, клип түсірмекпіз. Сізден өтінішіміз, сол клипті отандық телеарна мен радиолардан насихаттауға көмек беруіңізді сұраймыз. Мен сіздің көмекшіңізге әнді, ән мәтінін жібердім. Сол жақтан көріп, тыңдасаңыз болады", - деді ол.

Ал өз кезегінде министр телеарналарға өтініш айтып көретінін жеткізді. Алайда Дәурен Абаев ән мен бейнебаянның сапасы жоғары болса, телеарналар мен радиолар өздері-ақ іздеп тауып алатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қарағанды қласынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облысындағы филиалының жетекшісі Меруеш Башай есімді азаматша да онлайн байланысқа қосылды. Ол шеттен келген талантты ұандас бауырларды республикалық деңгейде насихаттауға, сондай-ақ осы айдың 20-да өтетін шараға министрліктен арнайы өкіл жіберуін сұрады. 

"Мен 2017 жылы шеттен Елбасының шақыруымен елге келдім. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте әншімін. Біз "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында көптеген мәдени шаралар өткізіп тұрамыз. Ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, халыққа насихаттаймыз. ҚР жазушылар одағаның мүшесі, жазушы Болат Бопайұлы ҚХР-да туған ақын, ғалым Ақып Үрімжіұлының шығармаларын жинақтап, 4 томдық кітап етіп шығарды. Осы төрт томдықтың 20 қарашада Қарағанды қаласындағы Достық үйінде түсаукесерін өткіземіз. Осы кітапты латын қарпінен кирилл қарпіне аударып, бастырып шығаруға бізден көмек сұраған. Мүмкіндік болса, министрліктен өкіл келіп қатысса деген өтінішіміз бар", - деді ол.

Сонымен қатар Меруеш Башай шет мемлекеттен келген өнер адамдарын, әншілерді, ақын-жазушыларды, кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан насихаттайтын республикалық бағдарлама ашылса деген ұсынысын жеткізді. 

Өз кезегінде министр аталған шараға министрліктен өкіл жіберетінін айтты.  

"Министрліктен аталған шараға өкіл барады, мен оны қарастырамын. Ал өнер адамадарын насихаттауға келсек, жақсы шығарма шықса, жақсы ән болса, елдің өзі-ақ оны насихаттайды. Менің ойымша, біз оралман, шеттен келген деп бөлмей, барлық таланттарды қолдауымыз керек, насихаттауымыз керек. Талантты ақындарды, жазушыларды, әншілерді қолдауымыз қажет. Мен ондай бағдарлама болса, қолдауға дайынмын. Дегенмен, ондай бағыттағы бағдарламалар бізде қазір бар", - деді министр.

Сондай-ақ сөз соңында Дәурен Абаев мұндай кездесулер өткізу өте орынды екенін атап өтті. Себебі оның айтуынша, көп жағдайда азаматтардың мәселелері жетпей қалады, ал осындай кездесулер бірқатар мәселелерді шешуге септігін тигізеді. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды