• Басты
  • COVID-19 және электронды сауда
21 Қазан, 2020 10:30

COVID-19 және электронды сауда

Бүгінгі әлемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына цифрландырудың әсері ерекше. Цифрлық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану көптеген процестерді жеделдетіп, экономикалық қатынастар жүйесіне айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қатар, көптеген салаларда көлеңкеде қалып қойған проблемаларды да жарыққа шығарды. Ал, электронды сауда – қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлігі. Онлайн сатылымның қарқыны қатты және биылғы жағдайда маңыздылығы арта түсті.

COVID-19 және электронды сауда

Жаһандық статистика 2018 жылы әлемдегі барлық бөлшек сауданың 11,9 пайызы онлайн режимде жасалғанын көрсетеді. Көршілес Қытайда электронды коммерция барлық сатылымның 35 пайыздан астамын құрайды екен. АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 пайызға, ал Еуропалық Одақта шамамен 15 пайызға жеткен. Сарапшылар 2021 жылға қарай бүкіл әлемде электронды сауда орта есеппен 17,5 пайызды құрайды дейді. Дүниежүзіндегі барлық онлайн-сатылымдардың жартысынан көбі әдеттегідей Қытайға тиесілі болуы ықтимал. Қазірдің өзінде Қытай 1 млн 47 мың доллар көлеміндегі цифрлық юаньды қолданысқа шығарды. Әзірге цифрлық ақшаны 3 мың 389 дүкен ғана қабылдайды. Уақыт өте келе оны тәуелсіз қаржы инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде дамыту көзделген.

Биыл жаһанға жайылған COVID-19 пандемиясы электрондық сауданы бұрын-соңды болмаған өзгерістерге алып келді. Дәстүрлі бөлшек сауданың көлемі төмендегенімен, биылғы жылдың сәуір айында электрондық коммерция АҚШ пен Канададағы тапсырыстардың 129 пайызға өсімін, сондай-ақ интернеттегі барлық бөлшек сауда тапсырыстарының 146 пайызға артқанын көрсетті. Пандемияның пәрменінен «аман қалу» үшін кірпіш пен ерітінді сататын дүкендер де өз бизнестерін ғаламтордың бетіне шығарды. Нәтижесінде, АҚШ-та электрондық коммерция 2020 жылы алдын-ала болжанған 709,78 млрд $ деңгейге жетті немесе АҚШ-тағы бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 14,5 пайызын құрады. «eMarketer» компаниясының бас сарапшысы Эндрю Липсман «Бұл бір жыл көлеміндегі бөлшек саудадағы электронды коммерцияның ең үлкен үлесі» дейді.     

Осыған орай, бүкіл әлемде адамдардың сатып алу әдет-дағдылары өзгерді, карантиндік шектеулер уақытында кейбір адамдар алғаш рет интернет арқылы тауар сатып алды. COVID-19 электрондық коммерция индустриясының өсуін жеделдетті және көптеген компаниялар электрондық коммерция қатарына қосылды. Электрондық сауда тенденциясына ертерек қосылған компаниялар бөлшек сауда күрт төмендегенде керісінше кеңейіп жатты. «Shopify» болжамы бойынша, 2020 жылдың аяғына қарай әлемдегі электрондық сауда сатылымы 4,2 трлн долларға жетеді. Сайт құру және өз өнімдерін сату көбейген сайын электрондық саудадағы бәсекелестік те артып келеді.

COVID-19 пандемиясы себебінен биылғы наурыз-шілде аралығында бүкіл әлемдегі сауда орындары жабылуға немесе өз жұмысын шектеуге мәжбүр болды. Мемлекеттер азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында енгізген карантин шаралары электронды сауданың өсуіне түрткі болды, ал қарапайым әмбебап дүкендердің электронды саудаға трансформациясын шамамен бес жылға тездетті. COVID-19 пандемиясы қоғамның күнделікті өміріне өзгеше сипат енгізіп, сауданы электрондық режимге ауыстырған сайын, тұтынушылардың да интернеттегі саудасы көбейіп келе жатыр. Өйткені, азаматтардың өз үйінде отырып тапсырыс беруі пандемия жағдайында әлдеқайда қауіпсіз саналды. АҚШ-тың IBM бөлшек сауда индексіне сәйкес, пандемия физикалық дүкендердің цифрлық форматқа ауысуын шамамен бес жылға тездетіп жіберген. Ал осы тенденцияға ілесе алмаған дүкендердің саудасы айтарлықтай құлдырай бастағаны байқалады. 2020 жылдың бірінші тоқсанында кәдімгі дүкендердің саудасы 25%-ға төмендегені, екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 75%-ға дейін төмендегені айтылады.

Пандемия тұтынушылардың қандай тауар қажет екенін өзінше анықтауына ықпал етті, яғни тұтынушының таңдауы көбейген. Мәселен, киім-кешектің мән-маңызы азайды, өйткені тұтынушылар қашықтан жұмыс істеп, балалар үйден сабақ оқи бастады. Карантин шектеулерінен кейін қоғамдық тамақтану орындары, спорт кешендері, ойын-сауық орталықтарына барушылардың саны едәуір азайды. Бірақ, зерттеулер бойынша тамақ, алкоголь және тұрмысқа қажетті тауарларды алу 12%, 16% және 14%-ға артқан екен.

Әлеуметтік желідегі сауда да электрондық коммерцияның маңызды бөлігі болып келеді. Көптеген компаниялар мен брендтер қазірдің өзінде танымал тұлғалармен серіктестік арқылы өз тауарларын әлеуметтік желілерде жарнамалап жатыр. Батыстық компаниялардың 7 пайызы әлеуметтік желідегі жұмысқа жылына миллион доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Атақты адамдар мен желідегі жазылушылары көп адамдарды тарту арқылы жалпы аудиторияға әсер ету маркетингі пандемия уақытында да тоқтаған жоқ. Бұл үрдіс 2020 жылдан кейін де жалғасады деп күтуге болады.

Жаһанға жайылған COVID-19 пандемиясының салдары онжылдықтарға созылуы мүмкін деп болжанып отыр. Қоғамдық орындарда жиналатын адамдардың саны мыңнан жүзге, онға дейін азайды. Пандемия жағдайындағы тұтынушылардың мінез-құлқына қатысты зерттеуге сүйенсек, адамдар оқшаулану мен белгісіздік кезеңінде көтерме саудадан бастап интернет-дүкенге дейінгі сатып алатын тауарлар, оларды қашан және қалай алатыны да өзгеріске ұшыраған. Халықтың цифрлық сауаттылығы да уақыт өткен сайын артып отыр.


                              6-74 жастағы Қазақстан Республикасы халқының цифрлық сауаттылық деңгейі (пайызбен)

Күнделікті тұтынатын азық-түлікті қоспағанда тауарлардың сатылым уақытын шектеу жаңа нормаға айналады. Түрлі брендтер де жаңа қажеттіліктерге бейімделу керек екенін түсіне бастады. COVID-19 туралы жаңалықтар тарап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ресми түрде пандемия деп жариялаған кезде, көптеген елдерде адамдардың алғашқы реакциясы азық-түлік қорын жинаудан көрінді. Әсіресе ірі мегаполис тұрғындары антисептик, бетперде және т.б медициналық заттарын, ұн, нан, күріш, қант сияқты ең қажетті заттарды сатып алды. Көп ұзамай оның ауқымы кеңейіп, интернет-дүкендерге сұраныс өсіп, жеткізіп беру бағасы да өсе бастаған.

Лондон Өнер университетінің психологы Пол Марсденнің айтуынша,  осындай белгісіздік пен дүрбелең кезеңінде адамдардың сауда жасау сипаты үш негізгі психологиялық қажеттілікке байланысты болған: ең алдымен, автономия немесе өз іс-әрекеттерін бақылау, екінші – туыстық(отбасының игілігі үшін бір нәрсе істеп жатқанын сезіну) және құзыреттілік (дұрыс таңдау жасайтын ақылды сатып алушылар сияқты сезіну). Пандемия кезінде осы психологиялық факторларға қосымша ерекшеліктер пайда болған. Біріншіден, COVID-19 таралуында адамдар әртүрлі ақпарат пен кең таралған кеңестерге қарай, жағдайды асыра бағалау және соған сай дайындалу инстинкті орнаған. Екіншіден, көпшіліктің сауда жасап, сөрелерді босатып жатқанын көргендер оларды жедел сатып алу мен жинауға кіріскен. Сонымен қоса, пандемия уақытында денсаулығын нығайтқысы келетіндер интернет-дүкендерден түрлі витаминдер, пайдалы тағамдар, физикалық жаттығу құрал-жабдықтарына тапсырысты көптеп берген. Сонымен қоса, ойлайн-тренингтер мен жаттығулар саны көбейіп, жоғарыда аталған факторлар электронды сауданың артуына өз ықпалын тигізді.  


                                                                      Қазақстан Республикасындағы электронды сауда 

Ресейлік бизнес-эксперт М.Нигматуллинаның зерттеуі бойынша, интернеттегі аудиторияның кеңеюі қолжетімді смартфондар және интернет тарифтарымен тікелей байланысты. Әлемдік тенденция бойынша мобильді құрылғыларды пайдаланушылар интернет-трафиктің көп бөлігін алады, ал Ресейде компьютер арқылы сауда жасау әлі де басым екен (61%). Тауарды іздеу, олардың бағасын салыстыру және жедел тапсырыс беру үшін адамдардың қолындағы смартфондар өте қолайлы. Сондықтан интернет-дүкендер өздерінің сайттарын әртүрлі құрылғыларға бейімдеп отыруы тиіс. Болжам бойынша 2021 жылдың соңына қарай электрондық саудадағы сатылымдардың 73 пайызы мобильді құрылғы арқылы жасалады екен.

Жоғарыда көрсетілген үрдістер Қазақстанның электрондық коммерция нарығы үшін мобильді интернеттің сапасы, цифрландыру, логистика мен инфрақұрылым маңызды екенін көрсетеді. Біртұтас және тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылатынын ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов Үкімет жиналысында айтқан еді. Бұл тек техникалық қана емес, сонымен қатар ақпараттық тұрғыдан да фермерлерді, сатып алушыларды, тасымалдаушыларды, делдалдар мен ритейлерлерді бірыңғай кластерге біріктіреді. Бірыңғай цифрлық жүйемен байланысты 24 көтерме-тарату орталығы өндірушіден тұтынушыға дейін өнім жеткізу тізбегін оңтайландыруға, өнімді сақтауға, тиімді таратуға және өткізуге қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.   

Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Интернет арқылы Қазақстанның шегінен тыс жерлерде жүргізілген транзакциялар саны мен көлемі 1)
(Электрондық сауданың трансшекаралығы)


                                                                                                1) ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша


Биылғы жылы мұнай дағдарысы, коронавирус пандемиясы және АҚШ-ҚХР сауда текетіресі есебінен әлемдік сауда баяулап,  бірінші жартыжылдықта Қазақстанның сыртқы саудасы 7,4%-ға төмендеді. Ал, Еуразиялық одақ ішінде тауар айналымы небәрі 14% құрайды. Ол да пандемияның ықпалы нәтижесінде 11%-ға дейін төмендеген.

Сондықтан сауда инфрақұрылымын жаңғыртуда тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Орталық Азия елдерінде де цифрландыру және электрондық сауда маңызды орын алады. 


                                                                                                ҚР Үкіметінің сайты

Өткен жылы Қазақстанда электрондық нарық көлемі 700 млрд теңгеден асса, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында ғана онлайн-сауда көлемі 432 млрд теңгені құрады. Осы жылдың соңына дейін 900 млрд болады деп күтілуде. 2022 жылға қарай онлайн сатып алу көлемі 2 трлн теңгеге немесе елдегі барлық бөлшек сауданың 13%-на жетуі мүмкін. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің болжамына сәйкес, 2025 жылға қарай электронды коммерция үлесі бөлшек сауда нарығының 15%-ына жетеді. Еліміз бүгінде Alibaba, Ebay, Amazon және Wildberries сынды халықаралық ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп, 3 фулфилмент–орталық жұмыс істейді, онда күн сайын 350 мыңнан астам пошта өңделеді. 2025 жылға қарай олардың саны 15-ке дейін ұлғаып, пошта арқылы сәлемдеме саны 82,8 млн-ға өседі.  Қазіргі уақытта елімізде 13 электронды сауда платформасы бар. 

Алдағы бірнеше жылда нарықтың жүйелі мәселелерді шешіп, деректермен, коммуникациямен және жалпы цифрлық арналармен жұмыс істеу қажеттілігі арта түседі. Электрондық сауда саласы қазірдің өзінде трансформациядан өтіп жатқандықтан, ондағы проблемаларды жедел шешудің де маңызы арта бермек. Электрондық сауда жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктерді ашқанымен, интернет желісіне қолжетімділік еліміздің барлық аймағында бірдей емес. Жалпы, электрондық сауда шағын бизнестің дамуы, азаматтарға қолайлы қызмет көрсетумен қатар, экономикадағы көлеңкелі айналымды азайтуға да септігін тигізеді. Ол үшін мемлекет тарапынан осы саладағы салықтық-кедендік әкімшілендіруді жақсартып, кең көлемді цифрландыру жүргізу керек екені анық. 

Барлық жаңалықтар
178.88.21.176, 192.168.88.100