• Басты
  • COVID-19 және Қазақстан: өзгерген әлемдегі жаңа мүмкіндіктер
17 Қыркүйек, 2020 10:46

COVID-19 және Қазақстан: өзгерген әлемдегі жаңа мүмкіндіктер

COVID-19 пандемиясы әлемді бұрын-соңғы болмаған үлкен өзгеріс пен дағдарысқа алып келді. Бұл індеттің пайда болуымен адамзат баласы денсаулықтың сөзі жүзінде емес шын мәніндегі бірінші байлық екеніне көз жеткізді. Вирустың бірінші толқынының өзінде әлемде 30 миллионға жуық адам ауырып, 945 мыңнан астам адам қаза тапты. Қазақстанда да 107 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, 1600-ден астам кісі қайтыс болды. Бұл тек ресми дерек. Сипмтомсыз түрде сырқаттанған, індеттен қаза тапқан және іс жүзінде осы сырқатпен ауырып, ресми статистикаға енбей жазылып шыққандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін.

COVID-19 және Қазақстан: өзгерген әлемдегі жаңа мүмкіндіктер

Бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы елімізде өз қарқынын бәсеңдеткенімен алдағы уақытта екінші толқынның да келіп жетуі мүмкін екендігі айтылуда. Бұған негіз де жоқ емес. Локдаун аяқталып, қалыпты күйге кіріскеннен кейін вирус қарқыны қайта өршіп, мәжбүрлі оқшаулануға қайта кіріскен өзге елдер аз болмай тұр. Мысалы, Израиль мемлекеті вирустың тез таралуына байланысты толық оқшаулану режимін қайта іске қосты. Мектептер, көпшілік орындар, қонақ үйлер, сауда орталықтары қайта жабылды. 

Сол сияқты Австирия канцлері де күні кеше коронавирус инфекциясының таралуында екінші толқынының басталғанын мәлімдеді. 

Ал Францияда бір күннің ішіндевирус жұқтырғандар саны 10 мыңға жеткен. Сол сияқты испания, Чехия сынды мемлекеттерде де вирустың таралу қарқыны қайта күшеюде. 

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус 2020 жылғы 7 қыркүйектегі баспасөз брифингінде әлем келесі пандемияның басталуына дайын болуы қажеттігін ескертіп, көптеген елдер медицина саласын дамытуда ілгері кеткенін, өкінішке орай көп елдердің медицинасы әлі де ақсап жатқанын атап өтті. 

Вирустың таралуы әлемде қайта күшейгенін ескере отырып Қазақстан да қауіпті, келеңсіз сценарийге толық дайын болу қажет. Бірінші толқында кеткен кемшіліктерден сабақ алып, алдағы ықтимал қауіп-қатерді еңсеруге әлеуетіміз жете ме? Бұл сауал баршамызды алаңдатады.

Мамандар коронавирус инфекциясының енді жойылмайтындығын, адамдардың вируспен күресе жүріп өмір сүруді дағдыға айналдыруы қажет екенін алға тартуда. Бұдан бөлек вирустың адам бойында мутацияланып, өзгеше кейіпке ене алатындығы да аталған дертке қарсы вакцина ойлап табу ісін қиындатуда.

Қазіргі таңда әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцина жасаумен қызу шұғылдануда. Оның ішінде Қазақстанның да COVID-19-ға қарсы вакцинасы кандидат ретінде Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымында ресми тіркеуден өтті. Айта кетерлігі, ТМД мемлекеттері ішінде тек Ресей мен Қазақстанның вакциналары ғана кандидат ретінде тіркелді. Бүгінде кейбір мемлекеттердің вакциналары сынақтан өткізілу үстінде.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы Бас хатшысының бағдарлармалар бойынша орынбасары Сумия Сваминатан бүгінде вакцина жасау бойынша әлемдік сайыс бұрын соңды болмаған қарқынды күйде екенін, бүгінде 20 вакцина кандидаттың клиникалық сынақтан өтіп жатқандығын мәлімдеді. Сондай-ақ аталған вакциналар арасында алғашқыларының қорытындысы 2021 жылдың басында пайда болатындығы, сынақ оң нәтижесі көрсеткен жағдайда келесі жылдың ортасында ғана халыққа жаппай вакцина салу жұмыстары басталатындығын хабарланды. 

Яғни, вакцина түрлі сынамалардан сәтті өткен күннің өзінде халық арасында толық қолданысқа енуіне әлі шамамен бір жылға жуық уақыт бар. Айта кетерлік мәселе, вакцина дайын болғаннан кейін де ол қысқа мерзімде барлық адамға бірдей қолжетімді болмауы мүмкін. Сондықтан әзірге вирусқа қарсы вакцина толық дайын әрі жеткілікті болғанға дейін қарапайым гигиеналық шарттарды сақтап, қорғаныс амалдарын орындау қажет.

Қазақстанда әлемнің көптеген өзге елдеріндегідей пандемия кезінде оқшаулану, қарапайым қорғаныс құралдарын пайдалану, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, адамдар көп шоғырланатын орындардың жұмысын шекету, локдаун режимін іске қосу сынды шаралар қабылдануда. Алдағы уақытта да пандемияның екінші толқыны қаупі қайта төнген жағдайда да осы алгоритм іске қосылатыны анық. Сондай-ақ, медицина мекемелерінің қызмет сапасын жақсарту, оларды ықтимал қауіпті кезеңге барынша толық дайындықта ұстау, жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігерлер санын көбейту, қажетті дәрі-дәрмектер қоры мен құралдарын толықтыру сынды жұмыстар қажет. Осы бағыттағы жұмыстар жасалып та жатыр. Оның нәтижесі теріс сценарий іске қосылған жағдайда көрінеді.

Пандемия кезінде ел Үкіметі дағдарысқа қарсы шаралар тізімін жариялап, азаматтарды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағытында атқарылатын жұмыстарды айқындап алды. Бұл қысқа уақыт ішінде үлкен кедергіге, қиындыққа тап болған азаматтарымызды әлеуметтік қолдауға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы топтамасы жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды есепке алмағанда 5 938 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 3 462 млрд теңгесі республикалық бюджет есебінен, 2 476 млрд теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен.

Сондай-ақ коронавирус инфекциясымен күреске Үкімет резервінен 66 млрд 957 млн теңге бөлінді. Оның ішінде денсаулық сақтау министрлігіне — 46 млрд 587 млн теңге. «Қазіргі таңда пандемиямен күреске республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде бюджетті нақтылау аясында – 125 млрд теңге, Үкімет резервінен – 66,9 млрд теңге. Бұл қаражаттың қатаң нысаналы бағыты бар және мемлекеттік сатып алу өткізілген сәттен бастап және осы ақшалай қаражат соңғы сатып алушыға аударылғанға дейін бақыланады. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет сапасын бақылау комитеті арқылы ауруханалардың қызмет көрсетуін бақылайды», — деп түсіндірді Б. Шолпанқұлов.

Қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер мемлекеттер берілетін көмек түрлеріне ие болуда. Жұмысынан айрылған, тұрмысы төмен азаматтарға да арнайы төлемдер жасалуда. Осыған ұқсас көмек түрлері алдағы уақытта да жүйелі түрде көрсетіле бермек.

Жалпы, күтпеген жерден пайда болған коронавирус пандемиясы көп мемлекеттердің өміріне, адамзат баласының санасына, құндылықтарға, әлемдік экономикаға ықпалын тигізді. Пандемияның зардабы ауыр болғанымен оның мүмкіндіктерін де көре білген жөн.

Олай болса коронавирус пандемиясының мемлекетке, халыққа тигізген оң және теріс тұстарына тоқтала кетейік.

Теріс тұсының бірі және маңыздысы адам құрбандарының болуы және індет жұқтырып, денсаулығына зақым келтірген азаматтардың көп екендігі. Адам шығыны болған кез келген оқиға ақтауға келмейтіні сөзсіз. Бүгінге дейін қаншама отбасы жақындарынан, туыстарынан айрылып, көп азаматтарымыз індеттің ауыр зардабымен бетпе-бет келді. Ендігі сәтте болған оқиғаның себептерінен сабақ алынуы тиіс.

Пандемияның қоғамға әсер еткен келесі теріс тұсы оқушылардың, сутденттердің онлайн дәріс алуға мәжбүр болуы. Үй жағдайындағы білім, әсіресе оқушылардың онлайн оқуы олардың сабақ үлгеріміне, білім сапасына кері әсер етуі мүмкін. Балалар мұғаліммен бетпе-бет жүздесіп, тапсырманы орындап, лайықты бағасын, кем-кетігін дұрыс бағамдай алмайды.

Үшінші теріс тұсы – бизнеске келген орасан шығын. Сарапшылардың бағамдауынша әлемде коронавирус пандемиясы кесірінен бизнес кем дегенде екі-үш жылға кері кеткен. Мәселен, еліміздегі, әлемдегі көптеген өндіріс ошақтары, кәсіпкерлік субъектілері бірнеше айға өз жұмысын тоқтатты.


Әлі күнге толық режимде жұмыс жасай алмай отырған кәсіпкерлер аз емес. Бұл қосымша табысы жоқ кәсіпкерлерге де, жұмысшыларға да, кәсіпкердің төлейтін салығынан толып отырған мемлекет қазынасына да, салықтық жеңілдік пен жеңілдетілген субсидия ұсынып отырған мемлекетке де зор шығын, үлкен зардап алып келді.

Ендігі кезекте пандемияның салдарынан тағылым алатын тұстарға да тоқтала кетейік.

Ең әуелі еліміздегі медицина саласы мен цифрландыру бағытындағы жұмыстардың кемшіліктері су бетіне қалқып шықты. Алдағы қысқа мерзімде елдегі шалғай аймақтарға интернет тарту, әлеуметтік нысандарды компьютермен жабдықтау, мамандарды, азаматтарды қолжетімді компьютерлік сауаттылық курстарынан өткізу жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуы тиіс. Цирландыру үдерісі тиісті деңгейде ұйымдастырылса мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн форматта алушылар саны көбейері анық. Бұл көшеге шығып, мекемелер табалдырығын тоздырушы азаматтар санын да азайтады. Бұл халыққа тиімді мүмкіндік деуге болады.

Екінші мәселе адам уақытын үнемдеу, онлайн оқудың мүмкіндіктері жайлы айтуға болады. Бұрын кеңседе кейбір тапжылмай қызмет етушілер, алыста жүріп-ақ сол кеңседе атқаратын қызметті жасай алатынына көз жеткізді. Бұл заман талабына сай қашықтықтан қызмет атқару түрін пандемия біткеннен кейін де белгілі бір деңгейде жалғастыра берудің мүмкін екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта жұмыс берушілер арнайы еңселі ғимарат, жеке кеңсе жалдамай-ақ жұмысын жүргізе алатын болды. Бұл тайм менеджмент тұрғысынан да өз тиімділігін көрсете алады.

Германияда жасалған әлеуметтік зерттеу жұмыстарына сәйкес қашықтықтан жұмыс істеуші адамдардың жартысынан көбісі, яғни 52 пайызы үйде тыңғылықты, зейін қойып жұмыс істейтінін айтқан және олардың көпшілігінің үйінде балалары болған. Респонденттердің 49 пайызы кеңсеге қарағанда үйде жұмыс істеген ыңғайлы екенін жеткізген. 

Үйде жұмыс істеу жұмысқа барып келетін уақытты, түскі тамақтану уақытын үнемдеуге, еркін жұмыс стиліне мүмкіндік береді. Сондықтан қашықтықтан жұмыс істеудің мүмкіндігі әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Үшінші мәселе – пандемия кезінде өндіріс ошақтарының тоқтауынан атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар көлемі азайып, жер шарының экологиялық жағдайы жақсара түсті. Яғни, пандемияның экономикаға тигізген зардабы экологияға берілген тиімділігімен астасып жатыр. Адам баласы уақыт өткен сайын жер шарын ластап, Жер шарының табиғи ландшафтын бүлдіріп келе жатқанын экологтар әлдеқашан көтеріп келеді. Сондықтан орын алған пандемия жер бетінің, атмосфераның біршама тазаруына мүмкіндік ашты.

Төртінші мәселе – қоғамда денсаулыққа көбірек көңіл бөліне бастады. Соңғы уақытта адамдар қарапайым гигиена шарттарын ұстауды, спортпен шұғылдануды, жеке бас тазалығын сақтауды күнделікті дағдыға айналдыруда. Адамдар науқастанған сәтте үйде отыруды, оқшаулануды және науқас адамға жақындамауды үйрене бастады. Бұл алдағы уақытта коронавирус пандемиясын жеңгеннен кейін де өзге вирус түрлерін жұқтыратындар санын азайтуы мүмкін.

Бесінші мәселе – адамдар отбасына жеткілікті көңіл бөле бастады. Бұрын жұмыс барысымен түзде көбірек уақыт өткізетіндер балаларына, жұбайларына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, үйде бірнеше ай бірге болу тұрмыстық кикілжіңдердің де себепкері болғанын сарапшылар айтып келеді. Сондықтан бұл екіжақты қарастыруды да қажет етеді.

Алтыншы мәселе – шекаралардың жабылуы және ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру әрекеттері. Көп мемлекет пандемия бастала салысымен сыртқы шекарасын жауып, өнімді ең әуелі ішкі сұранысқа бағыттауға шешім қабылады. Қазақстан да астық саласындағы сыртқа жасалатын экспортқа шектеу қойып, ең бірінші халықты қамтамасыз етуге басымдық берді. Әлем елдері ұстанған осы саясат Қазақстанға да қай салаға басымдық беру қажеттегін ұғындырып, тиісті сабақтар берді.

Қорытындылай келсек пандемия адамзат баласына жаңа талаптар мен мүмкіндіктер ашты. Кез келген қиындық кедергімен қатар жаңа жол, өзгеше мүмкіндік те сыйлайтыны тарихтан белгілі. Пандемия әлеуетіне, орналасқан жеріне, экономикалық жағдайына, салт-санасына қарамай тұтас әлемді шарлады, зардабын барлығы да тартты. Сондықтан қиындық та, мүмкіндік те барлық мемлекеттің одан қаншалықты сабақ алуына, өз мақсат-міндеттерін қалай қойғанына, ерік-жігері мен атқарған іс-әрекетіне байланысты болмақ. Қазақстан да кездескен кедергіні, оның зардаптарын өз пайдасына жаратып, одан сабақ ала білсе жаңа жетістіктерге жететін күн де алыс болмауы тиіс.

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100